Президенттік сайлау һәм оппозиция әлеуеті: Қырғызды не күтіп тұр?

Орталық Азия – бұл басқа емес, біздің өзіміз. Біз өзімізді әлемдік саясат тақтасына бұл ортақ географияның негізгі ойыншысы ретінде ұсынып келеміз.

1794995709667128.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖҰТТЫЛЫП КЕТПЕСІН ДЕСЕК...

Шын мәнінде, қазіргідей геосаяси турболентті кезеңде, генемондар мен гегемондыққа ұмтылған алыптар өзінен әлсіздерге әмір жүргізуге тырысып жатқан алағай да бұлағай кезеңде өзгелерге жұтылып кетпеудің жалғыз жолы – аймақтық мықты интеграция. Өзгеше айтқанда Орталық Азияның келешегі – ортақ ынтымақтастықта.

Сол үшін де, аймақтың тыныс-тіршілігіне бей-жайлық таныту мүмкін емес. 1991 жылы қаңқасы күйреп, саяси жүйесі іріп-шіруге бет алған Кеңес Одағы өлді. Оның құрамында болған Орталық Азияның бес жұрты да халықаралық құқықтың дербес субъектілеріне айналып, өздерінің тәуелсіз даму жолын таңдады.

Содан бері 35 жыл өтті. Отыз бес жыл – тарих үшін тым аз уақыт. Десе де, осы уақыт ішінде Орталық Азия мемлекеттері өз саяси жүйесін, экономикалық құрылымын, әлеуметтік қатынастарын және халықаралық байланыстарын түбегейлі өзгерту жолынан өтті. Бүгінде аймақ әлемдік геосаясат пен геоэкономикада маңызы артып келе жатқан дербес өңір ретінде таныла бастады.

ҚЫРҒЫЗДАҒЫ ҚАН АРАЛАС САЙЛАУЛАР: КЕШЕГІ КҮННІҢ ЕЛЕСІ...

Енді әңгіменің өзегіне өтейік: Келер жылы осы Орталық Азиядағы тағдыры сан қилы, саясаты сан соқпақтан бір сүрініп, бір тұрып өткен, Қазаққа, Қазақстанға өзгеден екі қадам артық жақын Қырғызстанда кезекті саяси науқан өтпек.

Қырғызстан революциялар мен наразылықтар арқылы билікті бірнеше рет ауыстырып көрді. 1991 жылдан күні қазірге дейін 3 мәрте мемлекеттік төңкерісті бастан кешірді. Үш жолы да қырғыз халқы қан төкті, билікті ауыстырды.

2005 жылдың көктемінде айыр қалпақ ағайындар «Қызғалдақ революциясын» көрді. Ол кезде ел тізгіні Асқар Ақаевта еді. Сайлаудағы бұрмалаушылықтан басталған наразылықтың арты қантөгіске ұласты. Ашулы халық Ақ үйге басып кірді. Ақаев елден қашты. Билікті Құрманбек Бакиев ұстап қалды.

Ақаевты ағаш атқа теріс мінгізіп, «билікті басып қалды» деген Бакиев те оңдырған жоқ. 2010 жылдың сәуірі Бішкек тағы бұлқынды. «Бакиевтер билікті узурпациялады», - деп ашынған халық шегініп қалмады. 2005 жылмен салыстырғанда «Сәуір төңкерісінде» тіпті көбірек қан төгілді. Бакиев те елден қашты. Бірақ, сол алқын-жұлқында 80-ге жуық адам қаза тапты.

Бакиевтен соң ел тізгінін уақытша Роза Отынбаева ұстап қалды. Отынбаев тәуелсіз қырғыз тарихындағы ең білікті басшылардың бірі еді. Алайда, оған берілген уәкілдік «уақытша» деген статусқа ие болды. Сол себепті де, Отынбаев ел тізгінін 1,5 жылға жетер-жетпес уақыт ұстап, кезекті сайлау жарияланды.

Сайлауға социал-демократтар атынан Алмазбек Атамбаев түсіп, жеңіп шықты. Осылайша, қырғыз саясаты инжинер-электрик – Бакиевтен соң, инжинер-экономист – Атамбаевтың қолына өтті. Бірақ, Атамбаевтың екінші кезек сайлану құқы болмады. Қырғыздар Конституцияны солай өзгерткен-ді.

АТАМБАЕВТЫҢ АҚЫЛСЫЗДЫҒЫ: ҚАЗАҚҚА ҚАБАҚ ШЫТУДЫҢ САЛДАРЫ...

Сөйтіп, 2017 жылы Атамбаев өзінің мұрагері ретінде Сооронбай Жээнбеков дейтін мұғалімді алып шықты. Атамбаев тұсында Жээнбеков үкіметті тізгіндеген еді. Социал-демократтардың ең басты кандидаты да осы кісі болды.

Ал Жээнбековке қарсы күш – терең қалталы кәсіпкер Өмірбек Бабанов болды. Бабановты Қазақстан қолдады. Назарбаев арнайы қабылдап, батасын берді. Бұл Атамбаевтың ашуына тиді. Шекараның арғы бетінен Қазақстанға қабақ шытып сөйледі. Салдарын да Қырғыздың өзі көрді. Қазақстан шекараны жапты. Қырғыз кәсіпкерлері шыр-пыр болды. Араға түскен бұл салқындықты Жээнбеков президент болған соң, Астанаға арнайы келіп, жуып-шайды.

Бірақ, Жээнбеков те көп отырмады. 2020 жылы қырғыз жұрты «қазан төңкерісін» бастан өткерді. Оған себеп те – сайлау болды. Парламенттік сайлаудың бармақ басты, көз қыстылықпен өткеніне ашулы қырғыздар Ақ үйдің ауласын тағы бұзып кірді. Жээнбеков көп қарсыласпады. Ақ үйден қашқанымен, елден кетпеді. Өзінің доғарысқа кететінін жариялап, билікті тәрк етті. Сол кезде түрмеде жатқан Садыр Жапаровты алаңдағы жұрт темір тордың арғы жағынан алып шығып (Қамшыбек Ташиев алып шықты), сайлауға түсірді.

(Бұл жерде Жээнбеков пен Атамбаев арасындағы 2019 жылғы «Қой-Тас» айқасын сөз етпедік. Атамбаев өз сарайында бекініп алып, күштік құрылымдарға берілмей атысып, бір адам қаза тапқан-ды. Ол оқиға да кішігірім төңкеріс болды. Атамбаев жақтастары билік адамдарымен қақтығысқа түскен).

ЖАПАРОВ: ТҮРМЕДЕН ТӨРГЕ ДЕЙІН...

Сөйтіп, Садыр Жапаров ел тізгінін 2020 жылы ұстап қалды. Ал 2021 жылы президенттік сайлау өтті. Жапаров айқын басымдықпен жеңіп шықты. Жапаров-Ташиев тандемі содан бері күшейді. Қарсыластар саясат сахнасынан ығыстырылып шығарылды. Қырғыз саясатындағы олигархиялық ықпал күйреді. Парламенттен пәрмен кетті. Парламенттегі аузы дуалы, адуынды адамдар қыспаққа түсті. Сөйтіп, Жапаров-Ташиев тандемі жалғыз күшке ие болды. Алайда, айырылмастай болған «екі достың» арасына биыл сызат түсті. «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып», қырғыз саясатының қаһарына айналған Ташиевтің өзі кісенделіп шықты.

Түрмеден төрге шыққан Садыр байке Жапаров келер жылы қаңтарда өтетін президенттік сайлаудың басты фаориті. Иә, Қырғызстанда келер жылдың қаңтарында кезекті рет президенттік сайлау өтпек.

ҚАҢТАРДАҒЫ САЙЛАУ: БАСТЫ ҮМІТКЕР БЕЛГІЛІ. ҚАРСЫЛАСТАР КІМ?

Сайлау 2027 жылдың 27 қаңтарында өтпек. Қазірге дейін ұзын-ырғасы 11 адам үміткер атаныпты. Олар кімдер?

Осыған дейін президенттікке үміткер ретінде қырғыздың қос генералы – Өмірбек Субаналиев пен Сыймық Жапыкеев білек түріп шыққан. Қос генералды «қырғызтест» сүріндірді. Ал қазір 11 адам сайлауға аттануға даяр отыр.

Олардың ішінде басты үміткер – қазіргі президент Садыр Жапаров. Жапаров бұл жолы партиядан емес, өзін-өзі ұсынған үміткер ретінде қатысуда.

Үміткерлер арасында – Аймен Қасенов, Азамат Есенбеков, Сыймық Жапыкеев, Бақтыбек Қалмаматов, Мамбетжүніс Абылов, Клара Сооронқұлова, Ақай Қыдыров, Айба Амур қатарлы кісілер бар.

Біз атын ерекшелеп айтпақшы тағы бір үміткер бар. Басқа-басқа Жапаровқа басты қарсылас болатын да сол болады деп топшылаймыз.

ЖАПАРОВТЫҢ БАСТЫ ҚАРСЫЛАСЫ КІМ БОЛМАҚ?

Ол – Ысқақ Әбсаматұлы Масалиев. Қазір 66-да. Қырғыз саясатындағы салмақты тұлғалардың бірі. Қырғыз Парламентінде 2-ші, 3-ші, 4-ші, 6-шы, 7-ші шақырылымдарда (2000 жылдан бері) депутат болып келеді. «Бұтін Қырғызстан» деген салмақты фракцияны басқарған.

Өзі заңгер. Милиция полковнигі, кеден қызметінің полковнигі, салық полициясының капитаны, еңбек сіңірген заңгер. 2-ші дәрежелі мемлекеттік кеңесші.

Ең бастысы – Масалиевтің басты жақтасы – қырғыз саясатының ең мықтыларының бірі Адахан Мадумаров. Мадумаров пен Масалиев бір партияның, бір фракцияның өкілі (Бүтін Қырғызстан).

Жапаров-Ташиев тандемі «Кемір-Абад» ісінен соң Адахан Мадумаровтың ізіне шам алып түсіп, Парламенттен кетіріп, абақтыға тоғытқанда Парламенттегі фракцияны да, партияны да ұстап қалған осы Ысқақ Масалиев еді. Масалиев Адахан байкеге араша түсіп, ақтап сөйлеген. Өзі де аз таяқ жемеді. «Кемпір-Абад» ісі бойынша қуғындалған 25 адамның бірі – осы Масалиев болды.

Жапаров билігі қозғаған қылмыстық һәм саяси істерге байланысты Адахан Мадумаров президенттік сайлауға түсе алмайтыны белгілі болды. Бірақ, Мадумаров сайлауға аттануға шешім қабылдаған Ысқақ Масалиевті қолдайтынын ашық айтып, жақтастарын Масалиев жанына топтасуға үндеді. «Бүтін Қырғызстан» партиясы түгел дерлік Масалиевтің кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді. Ал бұл партия қырғыз саясатында 2006 жылдан бері келе жатқан саяси партия. 2015 жылдан бері парламентте. Ал оның негізін қалаушы Адахан Мадумаров 2011, 2017 және 2021 жылдары сайлауға түсіп, екінші және үшінші орындарды иеленген. Партияның мүшелер саны 250 мыңнан асады.

Масалиевті ашық қолдаған тұлғалардың бірі – сайлауға үміткер ретінде қатысуға шығып, «қырғызтесттен» сүрінген генерал – Өмірбек Сұбаналиев. Сұбаналиев те Мадумаров-Масалиев коалициясы секілді, өзін биліктің оппозициясы ретінде атап көрсетіп жүрген тұлға.

Қырғыз оппозициясында Жапаров саясатын ашық сынап жүргендердің ішінен Бақтыбек Қалмаматов, Мамбетжүніс Абылов, Клара Сооронқұлова сайлауға бара жатқанын жоғарыда айттық. Бұл тұлғалардың жақтастары айтарлықтай көп және Жапаровты биліктен тайдыруға жеткілікті күш бар деу асылық айтқандық болар.

Ал өзге оппозиция өкілдерінен – генерал-лейтенант Кеңесбек Дүйсебаев пен бұрынғы депутат Бектұр Асановтар «Кемпір-Абадшылар» ісінде Масалиевпен бірге болғандар екенін ескерсек, Ысқақ байке бұл жақтан да жақтастар іздейтін анық. Және бір айта кетерлігі – «Кемпір-Абад» ісінде Парламенттің 18-22 депутаты Жапаров-Ташиев тандеміне қарсы шыққаны және бар.

Масалиевтің өзі қазір сайлауға түсу үшін қажетті 30 мың электронды дауысты жинап қойған. Бірақ бұл – Масалиевті анық фаворит етпейтіні түсінікті.

ІРІ БИЗНЕС КІМДІ ҚОЛДАЙДЫ?

Бұл сайлауда (өзге де сайлаулардағыдай) үлкен күшке – ірі бизнес-капитал өкілдері ие. Әзірге бұл санат үнсіз. Соңғы жылдары Қырғызстанның саяси ландштафы мен ірі бизнес капиталының картасы айтарлықтай өзгергенін ескерсек, істің қалай-қалай өрбитіні әзірге жұмбақ күйде қалуда...

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар