Украина майдандағы соғысты жүргізудің жаңа тәсілін қалыптастырып келеді. Енді ұрыс алаңындағы нәтижені тек жойылған техника мен алынған позициялар арқылы ғана емес, әр операцияға жұмсалған қаржы, пайдаланылған дрон саны және нақты нысанаға тигізілген соққы арқылы да бағалайды. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін The Wall Street Journal тілшілері Украинаның Дрондар әскерінің командалық орталығында 12 сағат болып, өз көзімен көрген.

(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)
Украинаның Дрондар әскерін Роберт Бровди басқарады. Ол әскери ортада «Мадияр» деген лақап атпен танымал. Командалық орталықта операторлар дрон камералары арқылы Ресей әскерінің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылап, соққы жасайтын бөлімшелердің іс-қимылын үйлестіреді. Әр операция аяқталғаннан кейін оның бейнежазбасы автоматты түрде тексеруге жіберіледі. Ал миссияның барлық дерегі — қолданылған дронның түрі, оқ-дәрі типі, операцияның уақыты мен орны, оған қатысқан адамдар туралы мәлімет ортақ электронды базаға тіркеледі.
Бұл ақпарат жай ғана есеп үшін жиналмайды. Ол операторлардың жұмыс нәтижесін салыстыруға, қай дронның тиімді екенін анықтауға, қару-жарақ сатып алу жоспарын түзетуге және қарсылас бөлімшелерінің орналасуын бақылауға көмектеседі. Яғни, майдандағы әрбір әрекет кейін талданып, келесі операцияны ұйымдастыруға пайдаланылатын дерекке айналады.
Командалық орталықтағы шағын мониторлар арқылы статистика көрсетіледі. The Wall Street Journal жариялаған материалға сәйкес, қазан айында Ресейдің бір әскери қызметшісін жаралау не көзін жоюға кеткен орташа шығын 817 долларды құраған. Мамыр айында бұл көрсеткіш шамамен 1000 долларды құраған еді. Ал бір нысанаға (техника/адам) соққы жасау үшін орта есеппен үш дрон пайдаланылған.
Әскери бункердегі жұмыс атмосферасы да кәдімгі технологиялық компанияның кеңсесін еске түсіреді дейді тілшілер. Штабтан жас мамандарды, кофеқайнатқыш, жасанды интеллект пен менеджмент туралы кітаптарды аңғаруға болады. Кіреберісте осы бөлімшенің қаза тапқан әскери қызметкерлерінің есімдері жазылған тақтайша тұр. Сол тақтайшаға қарап, бұл жердің офис емес, соғыс жүргізу бөлімшесі екенін түсінуге болады.
Украинаның Дрондар әскерінің командирі Роберт Бровдидің дерегінше, қазан айында оның қарамағындағы бөлімшелер Ресей әскерінің 64807 нысанасына соққы жасаған. Бұл орта есеппен әр 41 секунд сайын бір нысанаға соққы жасалғанын білдіреді. Ресейлік сарбаздардың арасындағы шығын 16796 адам деп көрсетілген. Бұл күндік орташа көрсеткіш 542 адам деген сөз. Ең жоғары нәтиже 24-қазанда тіркеліп, бір тәулікте 701 әскери қызметкердің шығыны анықталған еді. Бұл тек бірнеше бөлімшенің нәтижесі ғана. Бұл сандарға Украинаның басқа әскери күштерінің көрсеткіші кірмейді.
Осы айда Украинаның әскери дрондар бөлімшелері 255 мыңнан астам жауынгерлік тапсырма орындаған. Оның шамамен 151,5 мыңы соққы жасауға, 104 мыңы барлау жұмыстарына бағытталған. Бровдидің сөзінше, операциялардың нәтижелері Украина Қарулы күштерінің DELTA ақпарат жүйесінде тіркеліп, тексерілген. Бұл көрсеткіштерге Украинаның басқа әскери бөлімшелері келтірген шығын кірмейді.
Сарапшылар 2026 жылдың басынан қазан айының соңына дейін украин дрондары Ресей әскерінің 300 мыңнан астам сарбазын қатардан шығарғанын (жаралау/өлтіру) жазды. Әр соққының бейнежазбасы DELTA жүйесіне тіркеліп, Brave1 қорғаныс инновациялары кластерінің тексеруінен өтеді.
АҚШ-тағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы (CSIS) 2026 жылғы шілдеде жариялаған зерттеуінде 2022 жылғы ақпаннан 2026 жылғы маусымға дейін Ресей әскері шамамен 1,4 миллион адамынан айырылғанын бағалады. Бұл санға қаза тапқандар, жараланғандар және жоғалып кеткендер кіреді.
The Economist басылымы 2026 жылғы қазан айында Ресейдің әскери шығыны жайлы өз бағалауын жариялады. Соғыс басталғалы Ресей әскерінің қаза тапқандары 630-770 мыңға дейін болуы мүмкін дейді басылым. Жараланғандармен бірге жалпы шығын 1,4–2,1 миллион адамға жетуі ықтимал деп жазды.
Mezgil.kz