Рохинжа қасіреті: Мьянма билігі геноцид жасады ма? Гаага соты тарихи шешім шығармақ!

Мьянмадағы рохинжалардың тағдырына қатысты жеті жылдан астам уақытқа созылған халықаралық сот процесі шешуші кезеңге жетті. Бүгін Гаагадағы БҰҰ-ның Халықаралық соты Гамбияның Мьянмаға қарсы талап-арызы бойынша түпкілікті үкімін жарияламақ.


Рохинджа_ путь к справедливости.png

 (Сурет ЖИ көмегімен жасалды)


Рохинжалар Мьянманың батысындағы Ракхайн штатында бірнеше ұрпақтан бері өмір сүріп келе жатқан этностық азшылық саналады. Негізінен басым көпшілігі Ислам дінін ұстанады. Ел билігі оларды байырғы халық ретінде мойындаудан ұзақ уақыт бойы бас тартып, көбіне «бенгалдықтар» деп атаған. Мұндай ұстаным этностық және діни кемсітушіліктің тереңдеуіне ықпал етті. 1982 жылы қабылданған Азаматтық туралы заң рохинжалардың басым бөлігін азаматтық алу мүмкіндігінен айырды. Заң бойынша елдің ресми танылған 135 этностық тобына кірмейтін адамдар азаматтық алу үшін ата-бабаларының Мьянма аумағында 1823 жылға дейін тұрғанын дәлелдеуі керек болды. Рохинжалардың көпшілігі мұндай талапты орындай алмады. Соның салдарынан тұтас бір халық іс жүзінде азаматтығы жоқ қауымға айналды.

 

Азаматтықтан айырылу олардың басқа да негізгі құқықтарына тікелей әсер етті. Білім алу мен медициналық көмекке қол жеткізу қиындады, елдің басқа аймақтарына бару үшін арнайы рұқсат алу талап етілді. Сайлау құқығынан да айырылды. Осылайша рохинжалар өздері туып-өскен елінде толыққанды азамат ретінде өмір сүру мүмкіндігінен біртіндеп шеттетілді.

 

2017 жылдың тамызында рожинжалар үшін жағдай күрт өзгерді. 25-тамызда «Аракан рохинжаларын құтқару армиясы» (ARSA) Ракхайн штатындағы шамамен 30 полиция бекетіне және бір әскери базаға шабуыл жасады. Осы оқиғадан кейін Мьянма армиясы ауқымды әскери операция бастады. Билік оны терроризмге қарсы шара деп түсіндірді. Алайда әскери операция адам құқығын жаппай таптау көріністерімен есте қалды. Бейбіт тұрғындар жаппай қырғынға ұшырап, ауылдар өртеліп, әйелдер мен қыздарға, балаларға зорлық-зомбылық жасалғаны туралы жүздеген видео әлеуметтік желілерге жарияланды. Бұл күллі әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды.

 

Алғаш болып Тула-Толи ауылындағы қырғын жайлы деректер желіде кең талқыланды. 2017 жылғы 30-тамызда Мьянма әскері ауылға басып кірген. Human Rights Watch ұйымының зерттеуіне сәйкес, сарбаздар бірнеше жүздеген бейбіт тұрғынды өзен жағасына қарай қуып, қашып құтылуға мүмкіндік бермеген. Тұрғындардың бір бөлігіне оқ атылып, ер адамдар әйелдер мен балалардан бөлінген. Тірі қалғандардың айтуынша, ер адамдарды жүйелі түрде өлтіріп, денелерін шұңқырға тастап, өртеген. Әйелдер мен қыздар зорлыққа ұшыраған.

 

БҰҰ-ның Мьянма жөніндегі тәуелсіз тергеу миссиясының жетекшісі Марзуки Дарусман осы ауылдағы оқиғаларды баяндағанда балалардың да аяусыз өлтірілгенін айтқан. Оның мәліметінше, кейбір балаларға оқ атылып, кейбірі өзенге немесе отқа тасталған. Ауылдағы қырғыннан шамамен 750 адам қаза тапқаны жөніндегі есепті босқындар лагеріндегі рохинжа еріктілері жасаған тізімдер көрсеткен.

 

Чут-Пин, Маунг-Ну және басқа да ауылдарда бейбіт тұрғындарды жаппай өлтіру, үйлерді өртеу, әйелдерге зорлық көрсету фактілері тіркелді. БҰҰ-ның тергеу миссиясы 2018 жылы жариялаған 440 беттік есебін 15 ай бойы жүргізілген зерттеуге және бес елде өткізілген 875 егжей-тегжейлі сұхбатқа негіздеді. Есепте кемінде 392 ауылдың толық немесе ішінара қиратылғаны, 725 мыңнан астам рохинжаның Бангладешке қашуға мәжбүр болғаны жазылды. БҰҰ өкілдері қаза тапқандардың саны 10 мыңнан кем болмауы мүмкін екенін де мәлімдеген.

 

«Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық ұйымы жүргізген зерттеу 2017 жылғы 25-тамыз бен 24-қыркүйек аралығында Мьянмадағы Ракхайн штатында кемінде 6700 рохинжаның зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапқанын айтты. Оның ішінде бес жасқа толмаған кемінде 730 бала болған.

 

2017 жылғы тамыздан кейінгі жаппай босқындар толқыны Ракхайн штатынан Бангладешке қарай ағылды. Бірнеше айдың ішінде 750 мыңнан астам адам шекарадан өтуге мәжбүр болған. Қазір Бангладештегі Кокс-Базар лагерлерінде 1,2 миллионға жуық рохинжа тұрады.

 

Рохинжа халқына жасалған қырғынға байланысты Гамбия билігі 2019 жылы 11-қарашада Гаагадағы Халықаралық сотқа Мьянмаға қарсы талап-арыз түсірді. Гамбия бұл қадамды Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 57 мемлекеттің атынан жасады. Гамбия «Мьянма билігі рохинджа халқына қарсы геноцидтің алдын алу және оны тоқтату жөніндегі 1948 жылғы халықаралық конвенциядағы міндеттемелерін орындамады» деген айыптады. Гамбия Мьянманы заңсыз әрекеттерді тоқтатуға, зардап шеккендерге өтемақы төлеуге және мұндай қылмыстардың қайталанбауына кепілдік беруге міндеттеуді сұрады.

 

Сот 2020 жылдың қаңтарында Мьянмаға уақытша шаралар қолдану туралы міндетті бұйрық шығарды. 2022 жылы сот Мьянманың істі қарауға қарсылық білдірген алдын-ала уәждерін қабылдамай, Гамбияның талап-арызын қарауға құзыреті бар екенін растады. Кейін іске Канада, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд, Дания, Мальдив аралдары, Словения, Конго Демократиялық Республикасы, Бельгия және Ирландия да араласты.

 

Бұл іс бойынша соңғы тыңдаулар 2026 жылғы 12–29 қаңтар аралығында өтті. Екі тарап та өз уәждерін ұсынды, куәгерлер мен сарапшылар тыңдалды. Гамбия Мьянма армиясының әрекеттері тұтас этностық және діни топты жою ниетін көрсететін жүйелі сипат алғанын алға тартты. Ал Мьянма билігі геноцид жасады деген айыпты жоққа шығарып, 2017 жылғы операцияны қарулы топтардың шабуылына жауап ретінде жүргізілген қауіпсіздік шарасы деп түсіндіреді. Бүгін осы іске қатысты үкім шығарылмақ. Сот отырысы кейінге қалуы да мүмкін. Сот сол сәттегі Мьянма билігі мен бірқатар әскери қолбасшыларды «геноцид жасады» деп тапса, онда олар Сербияның бұрынғы басшыларының кебін киюі ғажап емес дейді мамандар.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар