Тоқпақ астындағы Татарстан Украина үшін оңай олжаға айналды...

Қарашаның қалың ортасында (19 қарашаға қараған түнде) Украина кезекті рет Татарстанды көздеуге алып, дөп соқты...

1795163244714582.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Бұл жолы Татарстанның Әлмет қаласындағы «Калойкино» мұнай айдау станциясы соққы жеді. Татарстан билігі Әлмет маңындағы мұнай резервуарларының зақымданғанын растады, алайда станцияның өзіне шабуыл жасалған-жасалмағанын нақтыламады.

«Калейкино» — Ресейдің мұнай тасымалдау жүйесіндегі маңызды торап. Мұнда бірнеше өңірден келетін мұнай араластырылып, құбырлар арқылы, соның ішінде «Дружба» құбыры арқылы өзге аймақтар мен экспортқа бағытталады.

ТАТАРСТАН – УКРАИНА ҮШІН ОҢАЙ НЫСАНҒА АЙНАЛДЫ...

Жалпы Татарстан Украинаның от тұмсықты темір құстары (дрондары) үшін әлдеқашан қолжетімді нысанға айналып кеткен. Ресейдің имперлік соғысы басталған 2022 жылдың ақпанынан күні бүгінге дейін Украина дәл осы Татарстанды кемі 15-20 рет дәл көздеп соққан.

Украина Татарстанды неше рет дәл көздеп атқанын нақтылап айту қиын. Оның бірнеше себебі бар. Әуелі – Ресейдің Әуе шабуылынан қорғаныс кешендері қағып түсірген дрондар бар, онан соң – Ресей Қорғаныс министрлігі төтенше енгізген «Ковер» режимі кезінде тосып алған дрондар бар, дүркіндеген дрон мен зырылдаған зымырандардың нақ санын есептеп айту мүмкін емес. Оның үстіне Ресей билігі 2025 жылдан бері мұндай соққыларға қатысты ақпарат таратуды шектеген. «Оңбаған украиннің дроны мына жерге дөп түсті», - деп ойбайға басқандарды Ресей билігі ұстап-тауып, жазаға жеккен жағдайлар да жиілеген. Сонан соң, бірлі-жарым ақпарат болмаса, үрейлі жұрт үндемеуге көшкен.

ДӨП СОҚҚАН ДРОНДАР: ТАТАРСТАН НЕШЕ РЕТ ТАЯҚ ЖЕДІ?

Десе де, бұқаралық ақпаратта жария болған, болғанын бұғып-тығып жасыра алмайтын шабуылдар жайлы аз-кем дәлел-дәйек ұсынайық:

2024 жылдың сәуірінде Украина Татарстанның «Алабұға» дейтін арнайы экономикалық аймағын дронмен соқты. Мұнда, жасөспірімдер мен студенттер жұмысқа жегіліп, майданға керек дрондарды құрастырып жатқан-ды. Дәл сол күні (2 сәуірде) Татарстанның Нижнекамскі қаласындағы МӨЗ (мұнай өңдеу зауыты) да соққы жеді. Нижнекамскіде – Ресейдегі ең ірі мұнай өңдейтін кәсіпорын, мұнай-химия кешені орналасқан. Биыл ЕО елдері Ресейге қарсы санкциялардың 22-ші жинағына дәл осы Татарстанның мұнай секторын да қосқан. Дәл осы Нижнекамскі кәсіпорындары да санкцияның қара тізіміне енген.

2024 жылдың желтоқсаны болғанда Украина Татарстанның бас қаласы – Қазанның аспанының астаң-кестеңін шығарды. Дрондар жаппай ұшып жетіп, бірнеше нысанды дөп соқты. Тіпті, тұрғын үйлер де зақымдалды.

2025 жыл да Татарстан үшін оңай басталған жоқ. Қақаған қаңтарда Қазанның дәл түбіндегі «Газпромға» тиесілі газ қоймасына соққы жасалды.

2025 жылдың сәуірі мен маусымында «Алабұға» кешені тағы 2 кезек көздеуге алынды. Дрон құрастыратын зауытқа дәл соққылар жасалды. Ондаған адам жараланып, бірнеше адам қаза тапты.

2025 жылдың тамызы орталанғанда Украина дрондары Татарстанға тағы да жаппай лап қойды.

Ал Татарстанға жасалған ауқымды шабуылдар 2026 жылдың еншісіне тиесілі болды. Өндірістік нысандар, энергетикалық нысандар соққының астында қалды.

2026 жылдың ақпанында және маусымында Татарстан аумағына комбинациялық соққылар жасалды. Дрондар мен зымырандарды қосарлап соқты.

Ал 2026 жылдың шілдесінде Татарстанға 2 кезек соққы жасалды. Әуелі Нижнекамскі мұнай-химия кешені, Нижнекамскі өндірістік кешені мен Бұғылы аумағындағы кешендержаппай соққының астында қалды. Қазанның әуежайы жабылды.

Онан соң 2026 жылдың тамызында Татарстан 3 рет соққының астында қалды. Әуелі 9 тамызда Токаев ауданындағы құрылыс нысаны соққы жесе, 10 тамызда ең жойқын соққылардың бірі тіркелді. Соққы – Нижнекамскі өндірістік кешеніне бағытталды. Осы жолы кемі 13 адам қаза тапты. Арада үш күн өткенде Татарстанның Әлмет, Заинкі, Лениногорскі аудандары шабуылға ұшырап, әуежай жұмысы уақатша тоқтатылды.

2026 жылдың қыркүйегі де Татарстан үшін оңайға соқпады. Нижнекамскідегі мұнай-химия кешені мен «ТАИФ-НК» МӨЗ-і соққының астында қалды.

56 МЫҢ ТАТАР ЕРКЕГІ СОҒЫСҚА ЖІБЕРІЛДІ

Жалпы жан саны 4 миллион адам деп есептелетін, төтелей тартқанда Украина шекарасынан 1200 шақырым қашықтықта жатқан Татарстан ақырғы үш жылда тоқпақтың астында күн кешуде. Биыл маусымда президент Путинге есеп берген Татарстан басшысы Рустам Минниханов: «Татарстан жалпы соғысқа 56 мың адамын аттандырды. Олардың 54 мыңнан астамы келісімшарт жасасқандар», - деп есеп берген.

Ал ашық деректерде жарияланған есептерде, Татарстаннан соғысқа аттанып, майданда қаза тапқандардың саны 10 мыңнан асып жығылатыны айтылады. Бұл әрине, есем-сойлары расталған, Ресей билігі ресми мойындаған деректер ғана. Ал бейресми есептің қанша екені, із-түссіз жоғалғандар есебінің қанша екені белгісіз.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар