Украинаның арнайы операция күштері майдан шебінде радиоэфирді де соғыс құралына айналдыруда. Ресей әскері тыңдайтын арналарға рок әндерін қойып, артынша соғыстың мәнсіздігі туралы хабарлар мен тұтқынға берілу жөніндегі нұсқаулықтарды таратуда. Осылайша психологиялық соғыс жүргізуде.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Бұл Украинаның Ресей әскеріне қарсы жүргізіп жатқан психологиялық операцияларының бір бағыты. The New York Times жариялаған материалға сәйкес, Украинаның арнайы операция күштері майданның әртүрлі бөлігінде жұмыс істейтін радиостанциялар желісін құрған. Олардың хабар тарату мазмұны сол аумақтағы әскери жағдайға бейімделеді. Мақсат – жау әскерінің көңіл-күйіне әсер ету, соғыстың мәніне күмән тудыру, үйіне деген сағынышты ояту және жауынгерлік рухты әлсірету.
Мұндай эфирлер кәдімгі жергілікті радиостанцияға ұқсайды. Мәселен, Изюм маңында «Радио Пехота» хабар таратады. Донецк облысында «Выбери жизнь» атты радиобағдарлама жұмыс істейді. «Радио Пехота» эфиріне жауапты украин әскери қызметшісі «Гуманист» деген лақап атымен танымал сарбаз. Ол өз бағдарламасының атмосферасын «ұйқылы-ояу, ностальгиялық» күйде өткізеді. Әндер мен хабарлардың арасында тыңдаушыға соғыстың өлім мен қайғыдан басқа ештеңе әкелмейтінін еске салады. Эфирдегі музыка да осы психологиялық тәсілге негізделіп қойылады.
Эфирде «Кино», «Аквариум», ДДТ секілді Ресей тыңдармандарына жақсы таныс топтардың әндері қойылады. Кейбір композициялар соғысқа, өлімге, зорлық-зомбылыққа және адам тағдырына арналған. Мәселен, «Аквариумның» «Поезд в огне», ДДТ-ның «Не стреляй» әндері қойылады. Орыс-шешен соғысында әндері танымал болған Тимур Муцураевтың туындылары да қойылады. Мұндай әндер тыңдаушының эмоциялық күйіне әсер етіп, соғыстың ресми насихаттан өзгеше, адамдық және трагедиялық қырын еске салуға бағытталған.
Әуендердің арасындағы үзілістерде тұтқынға берілу жолдары, әскери қызметшілерге арналған хабарлар және майдандағы жағдай туралы ақпарат таратылады. Украин хабарларын тыңдаған ондаған ресейлік сарбаз тұтқынға өз еркімен берілгені жайлы ақпараттар бар.
Украинаның радиопсихологиялық операциялары 2024 жылы басталды. Сол кезеңде Ресей Белгородтағы радиотаратқыш арқылы Харьков облысына үгіт хабарларын тарата бастаған. Украинаның арнайы операция күштері осы эфирді басып, жиілікті өз бағдарламаларымен алмастыруға тырысқан еді.
Радио арқылы психологиялық соғыс жүргізу – жаңа әдіс емес. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия мен Жапония қарсылас әскерлерінің көңіл-күйін түсіруге бағытталған радиохабарлар таратқан. Вьетнам соғысы кезінде АҚШ психологиялық радиобағдарламаларды қолданды. Радионың артықшылығы – ақпаратты тікелей жеткізетін, салыстырмалы түрде арзан әрі кең аумаққа тарайтын құрал болғанында.
Қазіргі соғыста психологиялық қысымның тәсілдері де өзгеріп келеді. Радио, әлеуметтік желілер, мессенджерлер, дрондар арқылы таралатын хабарлар мен бейнематериалдар бір-бірін толықтыратын құралдарға айналды. Осылайша жауынгердің рухын түсіру, бөлімшелер арасындағы сенімді әлсірету, командирлерге деген күмәнді күшейту, оқшаулану сезімін қалыптастыруға тырысады.
Mezgil.kz