Жер ана төсінде мыңдаған жылдарды өткеріп өмір сүріп жатқан барша халықтардың, әрқайсысының ұлт болып қалыптасуы жолында басқаға ұқсамайтын тек өзіне ғана тән тарихы бар. Демек, әр халықтың тарихи тағдыры әртүрлі болып келеді. Сол үшін де бүгінгі мақаламыз көпшіліктің көңілінде түсініксіздеу болып жүрген аталуы ұқсас болса да, негізгі өзегі бір - біріне қосылмайтын Монғол ұлты мен түркінің бір бұтағы Моғолдың шежіресі жайында болмақ. Себебі, моғолдар – қазақ ұлтының қалыптасу тарихында айшықты орыны бар рулық бірлестік болған.
Енді осы тақырып бойынша қысқаша зерттеу мақаламызды моңғолтану мен түркітану ғылымының көрнекті өкілі И. Қабышұлы жазған «Тұран әлемі» атты түркі – монғол тарихы жайындағы кітабынан бастайық. Сонымен, міне оқи отырып керегімізді де таптық: «...Моңғол – будда дінін қабылдаған халық. Бұл діннің шыққан орталығы Индия мен Тибет елі. Оған үнді, қытай, моңғол сияқты өте ерте кездегі патшалықтар сиынып келген» деген дерегі бірден назарымызға ілінді. Енді кішкене аялдаңыз; 1) Ежелгі Үндістан; 2) Ежелгі Қытай – дегенді оқыдым, ал, «Ежелгі Моңғолия» деген тақырыпты, тарауды, бөлімді, мен ешбір мектеп оқулығынан, басқа да әдеби, тарихи шығармалардан кездестірмедім...?!
Сонда қазіргі моңғол халқының тарихы «Қалай басталады?» – деген заңды сұрақ туындайды. Оның шешуін табу үшін моңғолдың Лувсанданзан ғұламасына жүгінеміз. Бұл кісі «Моңғолдың құпия шежіресінің» кейбір дерегіне сүйене отырып «Алтын товч» (Алтын шежіре) атты кітап жазған бірден – бір оқымысты. Және де Лувсанданзан өз кітабында – Шыңғысханның шығу тегі мен моңғол әулетінің арғы дәуірі шежіресін жазып шыққан. Енді, бізге қатысы бар – ау деген жерлеріне тоқталып өтер болсақ: «...Үнді жерімен сабақтас жатқан Тибеттің ең бірінші «Мойынға отырған ханынан» бөлініп кеткен Далай әулиенің кенжесі Бөрте Чинуа (Көк бөрі) есімді жырынды жігіт Марал сұлуды (Гуа - Марал) алып қашып, теңізден өтіп, асқар таудан асып, қазіргі Моңғолия өлкесінің алдыңғы Хэнтэй өңіріндегі Бурхан – Халдун тауына келгендігі баяндалады. Тоқтаңыз, бұл қалай ? Бүкіл Түркінің тотемі болған – Көкбөріні б.з.б. VІ ғасырда көне Үндістанда пайда болған Будда дініне апарып телігені түсініксіздеу..?! Сонда, тотемизм сенімі Буддизмнен таралады ма? Одан қалса енді будда діні шетте қалып, «Тәңірдің жебеуімен..» - деп, әңгіме әуені Тәңір дініне қарай ойысады. Ол аз десеңіз 1206жылғы құрылтайда хан сайланған (қонтайшы емес) Шыңғыстың «Мәңгі Көк Тәңірі» деп сөйлегені моңғол ғалымы Х. Даванның «Чингисхан как полководец и его наследие» атты кітабында жазылған. (68 – бет) Ал, сөз басындағы «Будда дінін ежелден қабылдаған моңғол халқы» қайда қалды? Ары қарай, «...Моңғол әулеті өсіп ержетті» дей келе діндар Лувсанданзан «Моңғолдар – Шыңғыс әулетінің арғы аталарының тұсында ғана «Моңғол жұрты» болып бөлініп шыққандығына меңзейді. Ал екі аралықтағы Бөрте Чинуадан – Шыңғыс әулетіне дейінгі «моңғол тарихы» жайлы мәліметтерді қайдан аламыз? Мінекей, тарих кеңістігіндегі осындай ақтаңдақтар мен қисынсыздықтар, сенімсіздік пен бұрмалаушылыққа апарып, замана ағымындағы тарих көшін бағытынан бұрып ұлт пен ұлыстардың өткеніне, ұлттық шежіресіне зор қиянат жасалады.
Ғұлама Лувсанданзан жазбасымен бұл әулеттің «моңғол» болуын шамамен ХІ ғ. соңы десек (себебі Шыңғысханның ата – бабаларының әулеті сол заманада ғұмыр кешкен ғой) ол кездегі тарихи мәліметтерде, саяхатшылар жазбасында «Моңғол жұрты» жайлы ешқандай да дерек жоқ. Сонда бұл әулетті қай елге қосамыз? Үндіге, Қытайға, Тибетке әлде Түркіге ме..?! Тағы бір мысал: моңғолтанушы ғалым Е. Кычановтың «..ХІІ ғасырдағы қытай жазбаларында «моңғол» сөзінің кездеспейтіндігін сондай – ақ, Шыңғыс хан өмір сүрген ХІІІ ғасырда да «моңғол» терминінің болмағандығын мойындаған» жазбасы және бар. Сонымен, жазылғандардың бәрін ой елегінен өткізе келе осы бір түсініксіз жағдаяттың кілті немесе құпиясы, айтылуы мен жазылуы да ұқсас айырмашылығы бір ғана «н» әрпінен тұратын түркі тектес «моғол» жұртының тарихымен тығыз байланысты - ау деген ойға тоқталып, аталмыш бағытта күрмеуі қиын осы бір тақырыптың шешуін табуға талпыныс жасап көрелік.
Себебі, «моғол» сөзі б.з. ІІІ ғ. бастап Мугулюй – деген атпен ескі жылнамаларда кездеседі. Нақты айтсақ: «...Сөйтіп, Ғұндар мемлекеті ыдырап, сәнби тайпалары талқандалған соң, олардың бір тармағы б.з. 310 – 376 жылдары тобалықтардың қол астында болады. Кейін құл Мугулюйдің үстемдігінен, оның баласы Глухойдың шабуылынан аман қалған елдер бұдан былайғы шежірелерде «жужан» атымен тарихқа енді- деген мәліметтерді алдыға тарта отырып түркілік «моғол» руларының өткен тарихын қаузап көрелік. Демек, бұнда «құл Мугулюй» сөзі тобалықтарға қарсы көтеріліске шыққан біршама рулардың көсемі, яғни адам есімі.
Өздеріңіз оқып отырғандай арғы тегі Ғұннан таралатын сәнби, тоба, жужандар өзімізге етене жақын байырғы түркілік көшпелілер жұрты. Оған дәлел: «... Тобаның Вэй ұлысының әміршісіне б.з. 520 жылы барған жужан ханы Анахуаньның өз аузымен айтқан : ...біздің де ата – бабаларымыз Вэй (Ұлы Вэй) ұлысынан өрбіген халықпыз» – деуі, шын мәнінде олардың арғы тегі Ғұн, беріде Тобалардың ұрпағы екендігінің айқын дәлелі емес пе.
Ал, енді жужандардан бері тарқатсақ – нирун (арқа), моңғол (моғол), татар деген үш ата тарих бастау алады. Енді, И. Қабышұлының мына бір жазбасына назар аударайық: «Жужандар негізінде «моңғол» жұртында өсіп – өнген ру – ұлыс екенін дәлелдеудің қажеті шамалы» («Тұран әлемі» 49-50 беттер) Тоқтаңыз ағасы, бұл жерде «моңғол» емес моғол жұртында өсіп – өнген болуы керек..?! Себебі, 1) өзіңіз жүгінетін оқымысты діндар Лувсанданзанның «Моңғолдар – Шыңғыс әулетінің арғы аталарының тұсында ғана «Моңғол жұрты» болып бөлініп шыққан деген мәліметін қайда жасырамыз?! Бұны тұспалдап ХІІ - ХІІІ ғасырлардың арасы деп алар болсақ, (құл Мугулюй б.з. ІІІ ғ.) арадағы мың (1000) жылға жуық уақытты кімнің еншісіне береміз? 2) Моғолдар бірлестігіне қандай рулар жатады десек, оның жауабын Рашид Әд- Диннен аламыз: ол моғолдарды екі тармаққа бөледі: 1) Жалайырлар бастатқан бірқатар рулар, 2) Керейлер бастаған біршама руларды атап жазған. Және «Бабырнама» кітабында жалайырларды ертеде «моғол» деп атағанын оқығаным бар-ды. Ал, Моғол жұртының аумағына келсек – нирун (арқа) сөзі Сарыарқа, Арал маңы, Сыр өңірі және Талас аймағы мен шығысы Жетісу екендігін көне тарихтан білеміз. Ендігі, өзіңіз байқап отырғандай бұнда тек түркілер жайында, тұңғыс – маньчжурдан тарайтын монғол (Халха) жұрты жайлы бір ауыз сөз жоқ демек, қазіргі Моңғолия мен монғол ұлтының бұл жерге түкке де қатысы жоқ!
Яғни, біздің жазба жұмысымыз көшпенділердің арғы тегі Ғұндардан (олар Сақтардың ұрпақтары еді) басталып одан сәнби, тоба бертін келе жужандарға, олардан – нирун, моғол, татар рулары өрбитініне келіп тірелдік. Бұл Түркі қағанаты (б.з. 552 - 603 ж.ж.) дәуірі деген сөз, себебі, жоғарыдағы жужан Анахуань (Анағай) қағанға Түрік қағаны Бумын:
-------- «...Қызын маған ұзатсын!» деп елші жібергенде, -------- «Сен, темір балқытушы құл, мұндайға қалай аузың барады!» деп қатты ашуланған Анағай қағанның атқа қонуы, арадағы соғыста жужандар Түркілерден ойсырай жеңіліп тынады. Бұндағы менің ойым: б.з. ІІІ ғ. екінші жартысындағы «құл Мугулюй үстемдігі» мен «темір балқытушы құл Бумын» арасында біз байқай бермейтін байланыс бар сияқты. Демек, билікке талас барысында жужандар мен моғол түркілері кезекпе – кезек жеңіске жетіп билік ауысып отырған деуімізге әбден болады. Олар (жужандар) тарих сахнасынан, биліктен кеткенімен елден, жерден түп – тұяғымен көшіп кеткен жоқ өйткені, олар өз атамекенінде ғұмыр кешкен бір атадан тарайтын көшпелі түркі тұқымдастары ғой. Рас, біраз бөлігі батысқа ауып барып бұдан былайғы тарихи шежірелерде аварлар аталған-ды.
Ал, Қытайдың «Сун Шу» (Сұн ұлысының құжаты) атты жылнамасында жужанның бір аты «датан», тағы бір есімі «тань – тань» деген деректеріне оралайық. Бұл жайлы өз пікірін білдірген зерттеуші, ғалым Г. Е. Грумм – Гржимайло жужанның «датань» дегені «татар» сөзінен туындағанын айтып өткен. Әбден мүмкін, бұл үрдіс жалғаса келе Түркі қағанаты кезіндегі б.з. VІІІ ғ. «отыз татар», «тоғыз татар» аталып тегі бір туыстас моғолдармен қатарласа тарих сахнасына қайта шығады. Және де Рашид Әд – Диннің «өте ерте кезде моңғол (моғол) тайпалары мен олардың мекен жайын үнемі иемденіп келген қуатты ру – ұлыстар татар әулеті еді» деген жазбасы бар.
Мінекей, б.з.VІІІ ғ. соңы мен ХІ ғ. арасын қамтитын Оғыздар дәуіріне де келіп жеттік. Алғаш Жетісудың батысын мекендеген Оғыз тайпалары (VІІ ғ.) Түрік қағандығының құрамында болды. Уақыт өте келе аймақтағы басқа ұлыстарға қарағанда мерейі үстем болып аумағы барынша кеңейіп, қанатын кеңге жайды. Оғыз қағанаты тайпалардың біріккен одағынан құрылды, құрамына қарлұқ, халаж, қаңғар – печенегтермен қатар моғол т.б. рулық топтары кірді. Моғолдар тобына: жалайыр, дулат, қият, қоңырат, керейт, найман, меркітпен қоса біраз түркі рулары енді. Одан Жетісуда Қарлұқ қағанаты (756 – 940ж.ж.) құрылғаннан кейін биліктен айырылған оғыз тұқымдастар Сыр бойына қарай ығысып, моғолдар өз атамекені Жетісуда қалды. Қорытынды - Шыңғыс хан дәуіріндегі айтылып, жазылып жүрген «моңғолдар» болмаған, ол сан ғасырлық өз атамекенінде ғұмыр кешіп жатқан аталмыш моғол түркілері еді, дегенді осы жолдардың өзі-ақ білдіріп тұр емес пе! Және де әкесі Есукейді у беріп өлтіретін татарлар да іргелес өмір сүрген «датан» немесе «тань - тань» ұрпақтары екенін іштей сезініп те отырмыз. Тіпті сол заманда «моғол» терминінің аясы кеңейіп Түрік этнонимінің баламасы ретінде қолданыста болғандығы жайлы мәліметтер көптеп кездеседі.
Сонымен, Шыңғысхан дәуіріне келгендіктен оның атақонысынан бастайық. Ол, қисыны келмес, қиялға бейім Моңғолияның Хэнтэй өлкесі емес, зерттеуші ғалымдарға етене таныс Рашид Әд – Дин мен Ә. Бахадүр хан шежірелерінің баяны бойынша – Талас аймағы, Сыр бойы, Арал жағасы мен Ұлытау, Кішітау өңірлері болған. Кейінгі зерттеушілердің еңбектері осы бағыттың дұрыс екендігін көрсетуде. Мәселен, Т. Ә.Тыныбайын жазған «Шыңғысханның ата мекені мен ата тегі және тілі мен діні» кітабын (Алматы, Шапағат – Нұр, 2014) оқысаңыз біраз тың мәліметтерге қанығасыз. Жоғарыда жужаннан – моғол, нирун, татар рулары таралады дедік, моғол жайлы біраз қаузадық, енді нирунға тоқталар болсақ, бір деректерде «нирун» (арқа) деп аталған уақыт өте келе «арқаның елі», «арқалықтар» т.б. айтылған екен деген болжамдар бар. Кейіндері атақ – даңқы шартарапқа жайылып күшті ел болғанда, сырттағылар «Арқалық ел» атаса, олар өздерін «қиян» деп атаған және Нирундардың ірі руларының бірі «Нүкіз» еді. Ал, Ә. Баһадүрдің « Түрк шежіресінде» - қатаған, ұрғыт, маңғыт, барлас, қият, дулат т.б. нирун рулары екендігі жазылған. «Нирун» - нұр рулары немесе нұрдан жаралған деген мағына береді – деп анықтама да беріп өткен. Ал, осындағы Барлас руынан Орта Азияның әміршісі Ақсақ Темірдің шыққандығын да айта кетейік.
Ендігі кезекте «татар» руы шежіресі бұл этностың құрамы – алшын, тана, дөйт (шөмекей) таз т.б. руларынан құралады. Міне, бұл арқылы ежелгі татарлар дегеніміз, Кіші жүздің рулары екендігі бірден көзге ұрып тұр ғой. Демек, Шыңғыстың әкесі Есукейге у беретін татарлар өзіміз байқап отырғандай сонау б.з. ІІІ ғасырының соңынан бері моғолдармен қанаттас, көрші қоныстанып жүрген түбі бір жужаннан тарайтын түркі рулары. Бұдан әрі Алаш ардақтысы, ғұлама жазушы М.Мағауиннің «Шыңғысхан және оның заманы» атты тарихи хикаясынан үзінді келтірсек: «...Қайткенде де Шыңғыс хан өз ұлысын Еке Моғұл Ұлысы деп атаған, Еке Моңғол емес. Себебі, сол замандағы араб, парсы деректерінде, Қапқазия, Батыс Еуропа жазбаларында «моңғол» атауы ұшыраспайды. «Моңғол» - нақтылап айтсақ, «мэн - гу» - қытай дәстүріндегі тауарихқа тән атау». Міне, енді бұған біздің алып – қосарымыз жоқ, қысқа әрі түсінікті айтылған.
Міне өзіңіз оқып ақиқатын көзбен көріп отырсыз ғой, бірін – бірі толықтырған тарихи фактілер еш қиындықсыз – ақ таспадай өріліп келеді. Олар аймақтағы билік үшін ғасырлар бойы бірін – бірі қырғынға ұшыратып отырған. Шыңғыс ханның баласы Шағатайдың ұлысы ыдырап – батысында барластан шыққан Әмір Темір мемлекеті, шығысында Тоғылық Темір негізін қалаған Моғолстан (Моңғолстан емес) мемлекеті (ХІV ғ. орта тұсынан – ХVІ ғ. бас кезі) пайда болды. Бұндағы Шыңғыс тұқымдарынан кейінгі биліктегі ұлысбегілер - дулаттар мен жалайырлар болғанын тарихтан жақсы білеміз. Мысалға: мемлекетті әр кезеңдерінде Шағатай ханға адал қызмет еткен дулат тайпасынан шыққан Поладшы, кейіннен Қамар ад – Дин, Шамс ад – Дин деген әмірлер басқарған. Қазақтың ғұламасы Ә. Марғұлан өткен ғасырдың 1941 жылдары «...Жетісудың сол кездегі саяси атауы Моғолстан болса, мекендеген тайпалары ресми тілде моғол» – деп аталады. Бірақ бұл Моғол деп отырған көшпелі тайпалар моңғол да емес, ұйғыр да емес, Түрік тілінде сөйлейтін сол жердің тарихи заманнан келе жатқан тұрғын халқы. Екінші түрде айтқанда Моғол деп аталған елдер Ұлы Жүз Үйсіннің құрамына кірген үйсін – дулат, қаңлы, шанышқылы, жалайырлар» деген жазбасы бар.(«Моғолстан, моғолдар дегеніміз кімдер?» М. Қазыбек, «Ана тілі» № 27 (1233) 10 – 16 шілде, 2014 ) Міне, түгелімен түркі тұқымдастар, моңғолдың аты түгілі заты да жоқ!
Иә, кейінгі Моғолдар тарихының жалғасы 1366 – 1405жылдары Орта Азияның әйгілі билеушісі, Шыңғысханның аталасы, Барластан шыққан Әмір Темірдің ұрпағы (шөбересі) Бабырдың Үндістанға шабуылынан қайта басталады. Делиді өзіне бағындырған Бабыр шах (император) лауазымын иеленген соң Үндістанның Солтүстігінен жинаған 100 мың әскерімен соғыс жорығын бастап Бихар, Бенгал аймағын өзіне бағындырып Ұлы Моғолдар (Моңғолдар емес) империясын құрды. Осынау аса қуатты Ұлы Моғолдар империясы өз билігін ХVІІІ ғ. ортасына дейін жүргізді.
Ендігі, оқырманың көкейінде тұрған «Түркі текті моғолдың тарихы неге тұңғыс – манжур тұқымына жататын «моңғол» жұртына телінді?» – деген сұраққа ойымыз бен көзқарасымызды да айта кетейік.
...Менің ойымша бұл жағдаяттың тамыры тым тереңде – ау, шамалап айтсақ сонау б.з. ХІ – ХІІ ғ. басталатындай. Сенбесеңіз, зерттеуші ғалым М. Аджи кітабынан үзінді оқиық: « ... А начало всему положил В. Мономах, который 1116 году изьял Летопись Несторову из Печерского монастырья и перевел ее свой придворный Выдубицкий монастырь, где текст попал к игумену Сильвестру. Он-то первым и «переписал» историю Руси. (Полынь половецкого поля. 46-бет) Міне, Ресейдің қолдан жасалған жалған тарихының – қашан?, қалай? басталғанын тастағы таңбадай етіп көрсетіп тұр. Содан бері бұл үрдісті билеуші топтар жан – жақты жетілдіріп, жүйелеп қолдап отырған сыңайлы..
Біз енді көп созбай, хал – қадірімізше бергі ХІХ ғ. бастап тарқатып көрелік. Сол кезеңдегі «үндіеуропалық» көзқарастағылар адамзат қоғамындағы белгілі бір топты басқалардан артық көрсетіп, ол «Жаратушының пәрменімен болған» деген қисынсыз түсінікке әкелді. Бұл өз кезегінде «арийлікті», «атлантизм» т.б. тарихи даму барысында өзіндік ғылыми теориялары бар саланы бағытынан жаңылдырып, біржақты бұрмалап насихаттауға жол ашты. Оның бір көрінісі ХХ ғасырдың 30 – жылдарынан кейін билікке келіп «арийшілдікке» бой ұрған А. Гитлерлік фашистік Германияның тағдырын еске салсақ та жетіп қалар. Сөйтіп, ХХ ғасыр басында көптеген мемлекеттер билігіндегі саяси элиталар бұл идеяның жасампаздық қуатын жақсы сезініп, сыртқы саяси салада жан – жақты пайдалануға бет бұрғанды.
Иә, мәселен Патшалық Ресей біздерді қазақ екенімізді біле тұра «киргиз» деп шекеден қарауының астарында да саяси қитұрқылық жатыр емес пе?! Осы империя билігін төңкеріспен тартып алған, ХХ ғ. басында «арийлік» идеология нәрінен сусындап үлгерген большевиктік Кеңес билігі коммунистік – интернационалдық насихатты бет перде етіп, ал, іс жүзінде ұлы орыстық шовинизмдік бағытты берік ұстанды. Бұл бағытты шарықтатып дамытуда ең үлкен кедергі – өткен ғасырларда «орыстың өзі боданы болған», жалпы славян тарихында, мәдениеті мен тілінде ажырамастай болып астасқан «түркілік ерекшеліктер» олардың көзіне күйік болды десек артық айтқандық емес. Ендігі ұлы орыстық «шовинизм» дертімен ауырған саясаткерлер аталмыш «түркілік ықпалдан» тазару үшін, оларды төмендетіп көрсету, тарихын, мәдениетін, тілін, дінін жою, бұрмалау т.б. жүзеге асыру осы бір билеуші топтың ең басты міндеттерінің бірі болды. Бізге «аға» болған, мәдениет пен өркениет әкелген «Ұлы орыс» халқының қолдан жасалған тарихы жайлы мына бір дерек менің тіпті жағамды ұстатты. Тағы да зерттеуші М. Аджидің кітабына жүгінейік: «Славян в Древнем Киеве у власти не было. Об этом убедительнее свидетельствует и текст договора, заключенного 911 году между киевскими князьями и Византией. «Мы от роду Русского, Карл, Ингелот, Фарлов, Веремид, Рулав, Гуды, Рауль, Карн, Флелав, Рюар, Актутрунян, Лидулфост, Стемид....» Вот кто представлял Русь Х веке. «Имена первых русских людей варягов и их дружинников – почти все скандинавского происхождения» - отмечал В. О. Ключевский (1841-1911) Славяне у русов в Х веке были и оставались «живым товаром» источником дохода: ими русы торговали на невольничьих рынках Византии и Востока. «... позже стараниями простодушных летописцев переделанные на славянский манер: Хельга стала – Ольгой, Ингвар – Игорьем, Вальдемар - Владимиром» (Полынь половецкого поля. 43-бет) Иә, бұнда Шведтің Русь тайпасының тарихын Славяндық орыстардың өзіне аударып көшіріп алғаны байқалады... Демек, тәжірибе бар неге оны «бұратана халықтарға» пайдаланбасқа?І Сөйтіп, жауынгер Қазақ ұлтының тарихын Моңғолға аударып тұтастай бір ұлтты тарихынан, мәдениетінен ада, мәңгүрт жасау! Міне отаршылдық, құлдық саясаттың озбырлығы, құдайсыздар билік еткен Кеңес билігінің сұрқиялылығы.
Олардың негізгі мақсаты орыстардан әлдеқайда жоғары мәдениеті болған түркі тілді көшпелілердің - тілі, дініне және тарихын озбырлықпен кейінгі ұрпақ танымастай етіп өзгертуді басты нысана етіп алады. Себебі, бұл үрдіс Қызыл империяның біртектілігіне, орыс ұлтының тарихи тұрғыдағы «еуразиялық» ұстанымына қарама – қайшы болатын. Осы саланы қатаң күн тәртібінде ұстаған кеңестік саяси – идеологиялық билік 1940 – шы жылдардың аяғынан бастап түркі халықтарының рухани мұрасына, батырлық жырлары мен тарихына шүйлігіп, қыспаққа алып шектеуге ұшыратып, оның орнына танымастай болып бұрмаланған қолдан жасалған жалған тарихты дәріптеуге жан аямай кірісті. Сөйтіп, Түркі текті ұлт пен ұлыстардың өткені мен рухани болмысына, тарихына Қызыл империя тарапынан кешірілмес күнә, орны толмас орасан қиянат жасалды. Мәселен, өздерінің ғылыми еңбектерінде түркі руларының бәрін «моңғол» етіп көрсетті. Мысалы: «1206ж. көктемде Өнен мұра (Іле) өзені бойында моғол тайпаларының құрылтайында Темучинді (Теміршын) ақ киізге көтеріп хан (хонтайшы емес) етіп жариялайды ...» ол рулар: меркіт, керей, татар, найман т. б. енді бұған не дейсіз?! Қайдағы «моңғол», бұлардың бәрі де, түркі рулары ғой. Ол аз десеңіз осы уақытқа дейін Ұлы қаған билік еткен ұлан – байтақ аумақтан бірде – бір монғол тайпасының ізі де, дерегі де табылған жоқ. Иә, енді ойымызды түйіндесек «... байырғы жұрты Дәшті – Қыпшаққа түп көтеріле ауған соң қаңырап қалған Ұлы Далаға бірте – бірте жылжи көшіп, ақыры Шыңғысханның түпкі қонысына ие болып қалған Халха жұрты өзінің моңғол екенін советтік орыстың көмегімен тек 1923 жылы ғана біліпті». (Екінші кітап. Шыңғысхан журналы. №4.(9) 2013. 73 - бет) Міне, тарихтың аты тарих, қанша бұрмалап, өзгертсеңде ерте ма, кеш пе - шындық бәрібір жеңеді...!.
Ал, әзіргі монғолдар ХІІІ – ХVІ ғасырлардағы жазылған тарихи мәліметтерді оқып та, түсіне де алмайды. Демек, Шыңғыс хан тарихының қазіргі Монғолиямен ешқандай – да байланысы жоқ! Солай бола тұрса да, қорыта айтқанда «моңғол Шыңғысхан» әлемдік деңгейдегі ұзақ жылдарға созылған, күрмеуі қиын тарихи даудың негізгі өзегіне айналды. Соның бір көрінісі міне өзіңіз оқып отырған Түркі текті Моғол руы мен Шыңғысханның, одан бері келе қазақ ұлтының тарихына жасалған кешірілмес қиянаттың айшықты айғағының бір парасы осы – ау деген оймен шағын мақаламызды аяқтаймыз.
Ал, енді оқырман қауым ! Түркі текті Моғол мен Монғолдың (Халха) ара - жігін нақтылы деректермен талдадық, кейбір күңгірт тұстарын ашып, жан – жақты түсініктеме де бердік. Әрине, бұл тақырыпты бұдан да әрі анықтау, зерделеу, толықтыру әлі де қажет дүние және соңғы нүктенің қойылуы тарихты зерттеушілердің еншісінде екендігінде дау жоқ...
Қ. Ибрайымжанов, тарихшы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі