Гректердің «кентавр» деп жүргендері сақтар болып шықты – Ұлықбек Есдәулет

7.jpg

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағында «Ұлы даланың жеті қыры және Қазақ әдебиетті» атты жазушылардың І Пленумы өтті. Алқалы жиын барысында елімізге танымал жазушылар Елбасы мақаласының маңыздылығына тоқталып, бұрын бұрмаланып келген тарихи деректерді сөз етті.

Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулет біз отаршылдықтың қиын-қыстауынан өткеннен кейін, өзіміздің тарихымызға өзіміз қолымыз жетпей зәру болып келген ел екенімізді айтады. 

Оның айтуынша, біз 16 ғасырдан 19 ғасырға дейін жер бетінен Ұлы даланы қорғау кезеңінде, ұлт ретінде жойылып кетпес үшін жан-жақтан анталаған жаулармен қанды соғыс жүргізе жүріп, көп қалаларымыздан, мәдени мұраларымыздан, ежелгі көне жетістіктерімізден айырылдық, одан бергі уақытта бостандығымыз шектеліп, тарихи-өркениет жолындағы дамуымызды тоқтатып алдық. 

«Отаршыл үстем елдер өз ұлтымыздың тарихын өзімізден жасырып келді. Жерімізден Алтын адам табылып жатса, «ол скифтердікі, оның қазаққа қатысы жоқ» деді. Сонау совет кезінде Шіліктіден бір емес екі Алтын адам табылғаны белгілі. Бірақ оның атын да, затын да Қазақстанға бұйыртпады. Оның аң стиліндегі алтын әшекейлері Эрмитажда тұр», -дейді ол. 

Сондай-ақ ол, қазақ жеріндегі бүкіл сақ обаларын І Петрдың заманынан бері 200-300 адамдық арнайы қарулы экспедициялар шығып, жоспарлы, жүйелі түрде тонап келгенін, обалардан табылған алтындарды Батыс Сібір генерал-губернаторы Матвей Гагарин патшаға жөнелтіп отырғанын айтты. 

«Қанағатсыз қанқұйлы Петр патша қазақ даласынан алынған алтындардың бір бөлігін «менен жасырып жымқырып,Тобылдың Кремліне тығып жүрсің» деген айып тағып, жан досы болған Гагаринді Сенат алаңында дарға асып өлтіреді. Және мәйітін алғызбайды. Үш айдан кейін арқаны шіріп, үзіліп, жерге құлап түскенде «үзілмейтін шынжырмен қайта асып қойыңдар!» деп бұйырып, қыс бойы өлігін еті әбден ағып түскенше салақтатып-салбыратып қойған екен. Не үшін? Пазырықтың, Шілікті мен Есіктің обаларынан табылған алтын бұйымдар үшін! Ол мұралардың біразы Эрмитажда тұрғанымен қазаққа қатысы жоқ етіп көрсетіп келді. Отырарды Иран мәдениетіне апарып тіреп тастайтын. «Бізде Отырар кітапханасы болған» деп мақтансақ, «ол кітаптар сенің тіліңде болмаған» дегенге дейін барды», -дейді Ұ.Есдәулет. 

Сонымен қатар ол, Мысырды билеген мәмлүктердің өзі біздің тілде сөйлегенін, оны Израиль мен Америка, Араб ғалымдары жазып отырғанын жеткізді.

«Қазақ тарихы өлең-жыр болып тасқа қашалғанымен, оны да өзгеге тиесілі деген түсінік таңылған. Айналып келгенде, мойындалмай келген дүниелерді осы мақала игеруге, меншіктенуге, үйренуге, келешек ұрпаққа өзіміздің  тарихы қаншалықты терең ұлт екенімізді танытып, өзге елдерге дәлелдеп, негіздеп беруге жол ашып отыр», -дейді ол. 

Басқарма төрағасының айтуынша, бұл мақаланың еліміздің келешегі үшін, мемлекетіміздің өркениет жолымен ойдағыдай дамуы үшін стратегиялық маңызы зор. 

«30 елдің қатарына кіру үшін әлемдік өркениетке қосқан үлесің де мол болуы керек. Ал енді біз қандай үлес қостық? «Ұлы даланың жеті қыры» осыны түгендеуге жол ашып беріп отыр. Антикалық заманнан бергі гректердің «кентавр» деп жүргендері сақтар болып шықты. Ал сол сақтардың Ұлы даладағы жалғасы, атпен біте қайнасқан халық кім - ол қазақтар! Солтүстік Қазақстандағы археологиялық қазба «Ботай мәдениеті» ретінде танылып, сол жерде ежелгі дәуірде ең алғаш рет жылқыны қолға үйреткен кім дегенде - біздің қазақтар болып шықты. Осы елдің азаматтары болғаннан кейін бәріміз де осы жердің тарихына, тарихи жәдігерлеріне, мәдени ескерткіштеріне мұрагер ретінде ие болуымыз керек. «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлыдаланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді»  дейді автор өз мақаласында. Мысырға барсаң: «біз арабтармыз, египеттіктердің тілі басқа болған, біздің тіл емес емес, бірақ фараондар тарихына бас-көз болып қалған біз» дейді. Сол сияқты біз де өзімізді ежелгі мәдениет иелерінің заңды ұрпағы ретінде сезіне білуіміз керек», -дейді ол. 

Сондай-ақ ол, металлургияның дүниежүзінде ежелгі үш-ақ ошағы бар екенін, солардың бірі Қазақстанда, соныңішінде Алтай мен Жезқазғанда табылғанын айтып өтті.

 « Табылған Алтын адамдардың киімдерінің өзі - зергерлік өнердің шыңы. Бұл деген ұлы мәдениеттің белгісі. Қалалық мәдениеттің тарихымызда болғанын Тараздағы ежелгі құбырдың, Түркістандағы хамам моншаның өзі дәлелдей түседі. Оған Көкшетаудан табылған сүйек конькиді қосыңыз. Қазақ жерінен табылған ежелгі бассүйекке трепанация жасалғанын медициналық ота тарихы туралы кітаптардан кездестірдім. Моңғолдар Шыңғысхан заманынан бері арбаны «қазақ арба» дейді. Бұл не деген сөз? Арбаны ойлап тапқан қазақ деген сөз. Біз өзіміздің жылқыға байланысты түрлі әбзелдерімізді алайық. Үзеңгіні ойлап табудың өзі – сол замандағы үздік прогресс санатында. Қазақ жеріндегі таңбалы тастарда да дөңгелекті арба бейнеленген. Шалбар киюді де Еуропаға апарған біздің Алтайдан шыққан бабаларымыз. Түріктер тоқыма жемпірді қазақ деп атайды. Сұрастырсам, тоқыма өнері қазақтардан келген дейді. Астанадағы бір ұстаның жеке коллекциясында самаурындар ішінен 15-16 ғасырлардағы бірнеше құман-самаурындарды көріп таң қалдым. Кәдімгі үлкен құман, бірақ ішінде су қайнатуға арналған оттығы бар. Демек, самаурынның о бастағы аты мен заты кәдімгі құман болып шықты. Біздің ата-бабаларымыз қаланы да салған, даланы да мекендеген. Міне, сондықтан сол далалар мен қалаларда болған ежелгі мәдениеттердің бәрінің  заңды мұрагері біздің еліміз екенін айтудан жасқанбауымыз керек. Құбыр да біздікі, шығыр да біздікі, дөңгелек те өзіміздікі, әңгелек те өзіміздікі», -дейді Ұ. Есдәулет.


Жылқы ату науқаны

Жиын барысында сөз сөйлеген Қазақстан Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қабдеш Жұмаділов президент Ұлы даланың қырларын топтап, әр саласын бір-бір қырға бөлгендігін, қалғанын өздерің зерттеңдер, толықтырыңдар деп халқына, зиялы қауымға тапсырып отыр деген ойын білдірді.

«Президенттің бұл мақалада айтылғандарын жұрт жылы қабылдады. Оның себебі, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді дөп басуында. Бұған дейін де тарихшылар тиіп-қашып айтып жүрген нәрселер еді бұл. Жай адамдардың айтқанынан гөрі президенттің айтқаны бір басқа» ,-дейді жазушы. 

Сонымен қатар ол, бұл дер кезінде шыққан мақала екендігін, өйткені соңғы кезде Қазақстан тарихы керек жоқ деп шығушылар қатары көбейгендігін жеткізді.

«Кейінгі кезде дүмшелер «Тарихтың керегі жоқ, тарих пәнінің сағаттарын азайту керек. Мектепте ғана оқыту керек те, Жоғары оқу орнынан алып тастау керек», -деп айтқан болатын. Президенттің тарихқа байланысты айтқан ұсыныстары соларға тосқауыл қоятын мақала деп білемін. Тарихты оқытуға, оны зерттеуге қарсы шығатындарға Президенттің осы мақаласындағы ұсынысты қарсы қойып отыруымыз керек», -дейді Қ. Жұмаділов. 

Жазушы мақаладағы жылқы туралы айтылғандар көңілінен шыққандығын, өйткені ол жанын сыздатып жүрген нәрселердің бірі екендігін айтып өтті. 

«Қазақ дегеніміз жылқы, жылқы дегеніміз қазақ. Осыны достарымыз да, отарлаушы жауларымыз да жақсы білген. Компескелеудің алдында Голощекин бастаған отарлаушылар «Қазақты жылқыдан айырмаса болмайды, қазақты жаяу қалдыру керек. Қазақтар сәйгүлікке мініп жүргенде біздің саясатымызды пысқырмайды», деп қазақты жаяу қалдырудың науқанын бастаған. Ол кезде қазақ даласында миллион жылқы болған. Сәбит Мұқанов бір сөзінде «Қазіргі Қазақстандағы жылқы сол кездегі бір Петропавл облысындағы жылқыға да жетпейді» деп еді. Әр аудан мен ауылда мал соятын қасапхана болды. Сиыр мен қойдың етін сойып, Ресейге жөнелтіп отырды. Жылқының етін орыстар жемейді ғой, оны не істейміз дегенде Голощекин «сай-сайға үйіріп қойып атыңдар» деген. Шынында солай болған, бұйрық орындалған, 1928-1929 жылдары еліміз бойынша жылқы ату науқаны жүргізілген. Біз қазақтың ашаршылықтан қырылғанын көп айтамыздағы, жылқының қырғынын айтпадық. Жылқы қырылған соң қазақ жаяу қалды, екі жыл өткен соң ашаршылық басталды. Бәрі алдын-ала жоспарланған. Міне, осы жайттың барлығын президент өз мақаласында қозғаған», -дейді ол. 

Сонымен қатар ол, Президент жылқыны міну, үйрету, оның төркіні қазақ елі екенін мақаласында жақсы айтқанын жеткізді. 

«Бұл біздің бұрыннан жасқанып, қорқып, біреулердің көңіліне келе ме деп, айта алмай жүрген нәрселеріміз. Демек, президенттің бұл мақаласы тарихшыларға, әдебиетшілерге үлкен жол ашып отыр. Президенттің мақаласын жақсы екен деп қоя салмай, оның әр тарауын көтеріп, шығармалар, ғылыми еңбектер жазу керек деп ойлаймын»,-деді Қабдеш Жұмаділов. 


Бұрмаланған деректерді қалпына келтіретін уақыт жетті

Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеұлы біз тарихты басқалардың айтқанымен, өтірігімен қабылдап, соған бас иіп келдік деген ойын білдірді.

«Өзіміздің пікірімізді айтсақ ұлтшыл, теріс пікірлі болдық. Ағаларымыз халық жауы атанды, кейбірі атылды, біз содан қорықтық. Ол үрей әлі бойымыздан кеткен жоқ. «Шыңғысхан түрік емес, ол моңғол» деп еді, ол моңғол болды. Шыңғысхан түрік екен дегендер панисламист, пантүркис болды. Шыңғысханның тарихы Сталиннің тікелей бұрмалауымен жасалған. 1952 жылы «Рашид-ад-дин сборник летописей» деген кітабына алғы сөз жазған И.П. Петрушовский оны ашып айтқан. Шыңғысханның қай жерде өсіп-өнгенінің барлығын әдейі бұрмалаған. Сонда Найман, Керей, Меркіт, Жалайырдың бәрі Шыңғысханның тұсында моңғол тілінде сөйлеген, кейін түркі тіліне көшкен деп, бізді сендіріп келді», -дейді ол.

Б.Нұржекеұлы біз өз тарихымызды зерттеп, осы мақаланы пайдалана отырып бұрмаланған деректерді қайта қалпына келтіретін уақытымыз жетті деген ойын білдірді. 

«Қостанайдан ары жүз шақырымдық жерде Аркайын деген жер бар. «Бұл біздің Арилықтардың, ата-бабамыздың жері» деді орыстар. Қазір Арқайың деген сөз түріктікі екені айтыла бастап еді, олар үнсіз қалды. Дегенімен біздің тарихшылардың бұның барлығы біздің ата-бабамыздікі деген батыл үні естілмейді. Бүкіл Сібір түріктің жері, ол жерде түріктің обалары тоналған. Соның барлығын айтатын заман келді. Бізге президенттің мақаласы жақсы дегенді айта бергеннен гөрі, соған арқа сүйеп өзіміздің тарихымызды, тілімізді бәрін түгендеп алатын заман туды. Жиырма жеті жыл бойы айтылмаған нәрсе енді айтылмаса тым кеш болады», -дейді жазушы. 

Baq.kz



Ұқсас тақырыптар