31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл датаны алғаш рет 1997 жылы президент жаолығы бойынша бекіткен еді. Өйткені сол жыл Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланғанды. Соның аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күнді арнайы бекіту маңызды болды. Ол дата ретінде 31-мамыр таңдалып алынды, ал арнайы жарлықта дәл сол күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға қатысты ел үкіметі арнай шаралар өткізу керектігі айтылды.
Неге 31-мамыр таңдалып алынғаны әлі күнге тарихшылар тарапынан үлкен дау туындатып келеді. Себебі дәл осы күні КСРО тарихында саяси қуғын-сүргінге қатысты маңызды шешім қабылданбады десе, енді бірі бұл жарлықтың 31-мамырға сай жариялануына байланысты болуы мүмкін дегенді айтуда. Осыған сәйкес аталмыш датаны ауыстырып, басқа күнді белгілейік дейтіндер де бар.
Бүгінгі таңда дәл осы күні саяси қуғын-сүргін құрбандарымен бірге ашаршылық құрбандарын да еске алып жүрміз. Алайда о бастағы жарғыда ашаршылыққа қатысты айтылмаған, ал Қазақстан билігі 30-жылдардағы ашаршылыққа әлі саяси баға бермеді. Бұл өте күрделі әрі аса қауіпті тақырыптың бірі дегенді айтушылар да жетерлік. Дей-тұра миллиондап қырылған халықтың алдында тарихи әділ баға берілуі де әділеттілік болар еді. Бұл тұрғыдан жұмыстар жасалып та жатыр.
Ашаршылық құрбандарының саны әр зерттеуде әр түрлі айтылуда. Батыс зерттеушісі Роберт Конквест Қазақстандағы ашаршылықта 1 млн адам көз жұмған десе, Абылхожин, Қозыбаев және демограф Тәтімовтер 1.8 млн деген сандарды келтірген болатын. Қазақстаннан босып кеткендер саны 1 млннан асады дейді тарихшылар, олардың 400 мыңға жуығы кері қайтып оралғаны да айтылады.
Кейбір қазақстандық тарихшылар ашаршылық құрбандарының саны айтарлықтай көп болды дейді. Мысалы Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры болған Х. М. Әбжанов: «Ашаршылық кем дегенде 3 млн қазақтың өмірін қиды. Жергілікті халықтың алтыдан бір бөлігі тарихи отанын біржола тастап кетті» деп жазған болатын.
2013 жылы Украинада Птухи атындағы демография және әлеуметтік зерттеулер институты "ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Украинадағы аштық: себептері мен нәтижелері (1921-1923, 1932-1933, 1946-1947)" атты Халықаралық ғылыми конференция өткізді. Онда 1932-1933 жылдардағы ашаршылық салдарынан болған демографиялық шығын жарияланды. Конференцияда Қазақстанда аштықтан 1 млн 258,2 мың адам көз жұмғаны жайлы айтылды. Бұл ел халқының төрттен бір бөлігі екені айтылып, КСРО бойынша аштықтан қаза тапқандар ішінде ең көп үлеске ие екенідігі көрсетілген болатын. Алайда бұл сандармен де тарихшылар келіспейді және ашаршылықта кемі 3 млнға жуық қазақ көз жұмғаны айтылуда.
The Wall Street Journal басылымы Қазақстандағы ашаршылықты "ұмытылған кеңестік аштық" деп бағалаған еді. Расымен де солай сияқты. Себебі 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілсе де, ашаршылыққа қатысты нақты дата жоқ. Екі трагедияны біріктіріп, бір датада еске алудың өзі үлкен қателік дейді тарихшылар. Сондықтан ашаршылық құрбандарын еске алуға қатысты арнайы күнді белгілеу маңызды болып отыр.
Билік бұл істе асығыстық танытпауда. Себебі бір жағынан бұл ауыр әрі саяси нәзік тақырып. Ашаршылықтың себебі Мәскеуде қабылданған саяси шешімдердің қатаңдығына байланысты болғандықтан, «кім кінәлі» сұрағында Ақорда мен Кремль арасында салқындық пайда болары сөзсіз дейді кей саясаттанушы. Ашаршылыққа қатысты соңғы жылдары деректі фильмдер саны артты. Арнайы мемлекеттік комиссия да құрылып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысында ашаршылық мәселесін де қозғауда. Көркем фильмдер саны да жыл өткен сайын көбеюде. Бұл жақсы тенденция, бастысы процесс тоқтамауы тиіс. Сонда ғана зұлмат жылдарға әділ саяси баға берілетін болады.
Mezgil.kz