Шахзада Шонанова
Өткен ғасыр басындағы көзі ашық санаулы қазақ қыздарының бірі болған. Алаш арысы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова өз естелігінде «Бақытсыз Жамалды» алғаш рет Шахзада Шонанованың аузынан естігенін айтады. 1903 жылы 5 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Сырым ауданында дүниеге келген Шахзада Аронқызының «тұтқын анкетасында» әкесі – бай-жартылай феодал деп көрсетілген. Қаратаев Арон – белгілі қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан Қаратаевтың туған інісі.
Шонанова Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) медицина факультетіне, кейіннен Алматы медицина институтына түскен және «тап жауының қызы» деген айып тағылып, екі оқудан да шығарылған. 1928 жылы Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болды. Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғылыми хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарады. 1936 жылы қызметтен еріксіз босаған Шахзада ҚазМУ-дің биология факультетіне оқуға түседі. Бірақ оны да аяқтай алмай, 1937 жылы тұтқындалады.
Оған «буржуазиялық-ұлтшыл, төңкерістік бағыттағы ұйымда болған, Кеңес өкіметінде төңкеріс жасап, Қазақстанды Кеңестер одағынан аластатуды көздеген, Сәдуақасов, Жүргеновтермен байланыста болған, 1936 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университеті ғимаратын өртеген. Ұйымның төңкерістік және террористік бағыттағы жоспарларымен таныс болған, зиянкестікпен айналысқан, мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне кері әсерін тигізген» деп айып тағылды.
Торғай Сүлейменова
Ол 1904 жылы Нұра ауданының «Көкмөлдір» деген жерінде дүниеге келген. «Тұтқын анкетасында» «молда, байдың қызы, сауатты, «КПСС-ке 15 жыл» белгісімен марапатталған, КПСС мүшесі» екені көрсетілген. Тағылған ресми айып: «Әлсеневтің контрреволюциялық ұлттық ұйымына 1935 жылдың қазан айында кіріп, Әлсеневтің бұйрығымен колхоздарда төңкерісшіл кадрларды дайындап, контрреволюциялық, ұлтшыл ұйымға Шахман ауылдық кеңесінің төрағасы, партия мүшесі Сүлейменов Мәженді тартқан. Колхоздың жұмыс күшін әлсірету мақсатында «Исаев» колхозының төрағасы қызметін атқарған Сүлейменова колхоздан 1404 рубль жымқырған, стахановшылардың қозғалысына кедергі келтірген, «Исаев» колхозында мал басын кемітіп, 45%-ға қысқартқан…».
Торғай Сүлейменова 1937 жылдың наурыз айында, оның күйеуі Мәжен Сүлейменов 1937 жылдың сәуір айында тұтқындалған. 1937 жылдың 15 тамызында Қарағанды облыстық УНКВД үштігінің үкімімен атылған. «Өте құпия» деп белгі соққан қағазда үштіктің сот отырысындағы үкіміне қатысты 11 адамды атқаны туралы акт толтырылған. Атылған 11 адамның ішінде Торғайдың жары Мәжен және әкесі Қиқым да бар.
Мәмилә Таңатова
Шала сауатты, қарапайым колхозшы әйел. 1937 жылдың 29 тамызында сұраққа алынған. Латын қарпімен, қазақша алынған сұрақ-жауапта Мәмилә Таңатованың 1907 жылы, Қарағанды облысы, Қу ауданында туғандығы, кедей шаруа отбасынан шығып, колхозда жұмыс істеп, революцияға дейін әкесінің тәрбиесінде болғандығы айтылған. Революцияға дейін сотталмаған, төңкерістен кейін «өзінің айтуынша сотталмаған» деп жазылған. Марапатталмаған, банда қатарында болмаған, контрреволюциялық ұйымдар мен төңкерістерге қатыспаған. Мінсіз өмірбаянына қарамастан, бұрын ешқандай қылмыстық ұйымда болмағаны, кедей отбасынан шыққаны елеп-ескерілместен, ату жазасына кесілген. «Қылмыс құрамы анықталмағандықтан» 1957 жылы ақталған.
Торғай Сүлейменова мен Мәмилә Таңатованың фотосуреттері сақталмаған.
qazaq-alemi.kz