Әлемді қанқақсатқан диктаторлар

Әлемде дүниені дүрліктірген диктаторлар көп. Солардың бірі де бірегейі –  Маркос мырза туралы не білесіз? Бұл сауалға екінің бірі нақты жауап бере алмасы анық. Ал филиппиндіктер оған қарғыстан басқа түк айтпаған. Ол өзгелердің есебінен байып, қыруар қаражатты не істерін білмей жүргенде, әйелі миллиондаған долларды далаға шашу арқылы танылған. 

Филиппин президентінің әйелі Имельда Маркос туралы аңыз бен ақиқаты аралас әңгіме көп. Күйеуі – оппозиционерлердің қанын ішіп, қыруар қаражатты қалтасына басып жүруден жалықпаған сері. Әйелі Нью-Йорктегі дүкендердің біріне кіргенде миллион долларға сауда жасағанын жұрт аңыз етіп айтады. Имельданың бірнеше мың аяқ киімі болған деседі. Одан басқа, бағалы тастар мен қымбат дүниелер жинағаны да өз алдына әңгіме.

Америкалық кеден қызметінің бірі Филиппин президентінің Құдай қосқан қоса­ғын күтіп алғанда, олар елдің бүкіл бюджетіне тең қаражатты ала келгенін айтады. Елдегі ереуілдердің екпінінен қорыққан Маркос жекеменшік ұшақпен қашып шығып, АҚШ әуежайында қымбат киімдерге толы 23 ағаш сандық, жүздеген қорап киімдерімен, 400 зергерлік бұйымдарымен түскен. Мұның өзі ұсақ-түйек заттар көрінеді. Жәшіктердің бірінде бірінші ару Имельдағы ғана арналған 24 құйма алтын болған.

Диктатор Фердинанд Маркос пен оның әйелі Имельданың дүние-мүлкін тіркеуге 23 парақ қағаз қажет болыпты. Ұсақ-түйекке деп тіркелген қаражатының өзі 27 миллион филиппин песосы – сол кездегі доллар баға­мы­мен 15 миллион доллар екен. Бұл кезде Филип­пин тұрғындарының күнкөрісі күніне 2 доллар болған.

Кезінде Фердинанд пен Имельданың махаб­баты да тез тұтанған көрінеді. Қайыр­шы­лықта жүріп «Филиппин аруы» атанған сұлу мен байдың баласы алғашқы таныстықтан 11 күн өткенде үйленіп тынады. Фердинандтың «бұл әйел өзім армандаған адам әрі табыстарға жетуіме көмектесті» деген бір ауыз сөзі көп нәрсені аңғартады. Ол саяси өмірге аралас­қан­да бірінші болып қолдаған да әйелі екен.

1965 жылы филиппиндіктермен бірге жемқорлыққа қарсы күресу арқылы президент­тікке қол жеткізеді. Дегеніне жеткен соң, ол қалтасын қаражатпен толтыруға өзі бас­тап кіріседі. Заңгер болғандықтан, жұмы­сын­да күдіктенер ештеңе де байқатпаған. Барлық компанияларды өзгелердің атына жазғызып, қорыта айтқанда жымын білдірмей жұмыс істеген.

Президент қолма-қол қаражатпен қатар, ірі компанияларды да жұтып қойған. Мәсе­лен, оған елдегі байлардың бірі Эугенио Лопестің Meralco компаниясы ұнап қалады. Бизнесменнің ұлына «президентке қарсы қастандық ұйымдастырды» деген айып тағылып, оның өміріне қауіп төндіреді. Одан шығар қиындықтың жолы басқаша болды. Маркос Лопеске айыптауларды алып тастау үшін компаниясын мемлекетке қайтарып беруді талап етеді. Осылайша, миллиондаған дол­лар тұратын компания жүздеген мың доллар­ға сатылып кете барады.

Тіпті Жапониядан экономикалық көмек ретінде алынған қыруар қаражат пен шет елдердегі халықаралық банктерден алған түрлі несиелер де араны ашылған мемлекет басшысының оңай олжасына айналады. Мәселен, тек Швейцарияда президенттің 69 есепшоты болған. Одан өзге, шет елдерде үйлері мен пәтерлері ондап саналған. Тек Манхэттенде көк тіреген төрт үйі болыпты. Ондаған ұшақ пен тікұшақ, аса қымбат жеңіл көліктер де жеке иелігіне айналған.

Әйелі «Филиппинді уысымызда ұстап тұрмыз» дегенді ашық айтатын болған. Сондықтан да болар, Имельда туралы рас-өтірігі белгісіз әңгіме жетерлік. Тіпті құны 20 доллардан төмен әжетхана қағазын пайдаланбайды екен деген сөз де ел арасында айтылады. Оған арналған әжетхана қағаздары жібек матадан қолмен жасалған.

Оның үйінде ондаған өнер туындыла­ры­ның көшірмелері де сақталған. Олардың әрқайсысы өте қымбат тұрады. 1983 жылы ол Нью-Йорктегі дүкендерде бір күнде 5 млн долларға сауда жасаған. «Мен мына жер­де миллион, ана жерде миллион деген түрт­пектеулерден шаршадым. Ол ұсақ-түйек ақша ғой» деген сөзі жұрт арасына тез тараған. Филип­пиндегі жаңа курорттардың біріне Австралия жағалауынан құм жеткізіп, жайлы демалыс ұйымдастырған.

Имельда Маркостың әдемі туфлилері төңірегінде де қызықты деректер жеткілікті. Жұрттың 40 проценті жалаңаяқ жүргенде, олар күніне бірнеше жаңа аяқ-киім ауыстырған. Елден қашқанда оның үш мыңнан астам туфлиінің үштен бірі қалып қойған.

Диктатордың әйелі жақұт пен лағыл тастарға қалай қызығатыны да нақты дерек­терден белгілі. Имельданың құны 4 млн доллар болатын бір ғана затына 4 мың филиппиндік жасөспірімдерді университетте тегін оқытуға болады екен.

Президенттің әйелі аптасына бір рет көңілді кештер ұйымдастырып, онда байлардың әйелдері киімдерін жарнамалайтын болған. Соның арқасында дизайнерлер мен тігіншілер күні-түні жұмыс істеген. Апта сайын жүздеген мың доллар киім-кешек алу үшін Франция, Италия және Еуропа елдеріне бару оларға түкке тұрмаған.

Демалыс шараларына қатысу әрбір шенеу­нік­тің арманы болыпты. Осындай бақыт бұйыр­ғандары үйдің ғажайып бөлмелерін ара­лап, қымбат жиһаздарды көріп, таңды осында қарсы алғандарына риза болатын көрінеді.

Фердинанд Маркос мемлекетті отыз жыл басқарған. 70-жылдары ол елде төтенше жағдай енгізіп, парламентті таратып, консти­туцияның құзіретін тоқтатып, сот пен БАҚ-ты бақылауға алады. Оппозиция мүшелеріне қырғидай тиіп, өзін тілдеген 30 мыңнан астам өнер қайраткерлерін, сая­сат­кер­лерді, тіпті студенттерді де жаза­ла­ған. 3,2 мыңнан астам адамның түбі­не жетіп, із-түзсіз жоғалғандар әлі күнге табылмаған.

АҚШ пен Жапон билігі бұл елдегі былық­тарды, мемлекет басшысының қыруар қаражатты оңды-солды шашып жүргенін біле тұра, көзін жұмып қараған. 1986 жылы ғана оппозиция мүшелері әскер күшімен Маркосты тақтан тайдырды. Президент АҚШ-қа қашып үлгерді.

2007 жылы ел қалаларында билікке өз наразылықтарын білдірген жүздеген адамдар мемлекет қаржысын талан-таражға салған Имельда Маркосты жазалауды талап етті.

Манилда жемқорлыққа қарсы мінбер құрылып, бұрынғы президент пен оның сыбайластарына қарсы жүздеген қылмыстық іс қозғалды. Алайда әлемге әйгілі адвокаттар сот процесін сағызша созып жүріп алды. Көптеген айыптаулар жоққа шығарылды.1989 жылы Сиэтлдегі алқа билер президент отбасы 1981 жылы екі оппозиция мүшесін өлтіруді ұйымдастырды, сол үшін марқұмдардың отбасына 15,1 млн доллардан айыппұл төлетуге шешім шығарған. Өкінішке қарай, қара жамылған отбасылар бұл қаражатты әлі күнге алмаған.

Маркос 1989 жылы Гонолулуда 72 жасында өкпесі жұмыс істемей қалуынан көз жұмған. Өлер алдында ол өзінің миллиардтаған қара­жа­тына қатысты романтикалық әңгіме айтқан. Бұл туралы «Мен Томоюки Ямаситадан (Филип­­пиндер аралындағы Жапониямен соғ­ыс кезінде) олжа тауып алдым» деп мәлім­де­ді. Жұрттың бірі сенген, бірі сенбеген аңыздың арты не болғаны белгісіз. Дегенмен қыруар бай­лықты о дүниеге алып кете алмағаны белгілі.

Сот алдына келген Маркостың сүйіктісі өзінің кедей отбасынан шыққанын, енді жесір әйел болып қалғанын айтып, күйеуінің немен айналысқанын білмейтінін алға тартты. Ешкімге жамандық жасамағанын айтуды да ұмытпады.

Имельдаға қатысты жүзден астам қылмыс­тық іс қозғалды. Оның көпшілігі Фердинанд Маркостың билікте отырған кезінде заңсыз әрекеттер жасағанына байланысты еді.

1993 жылы Манилде диктатордың жесіріне алаяқтық жасағаны үшін 18 жыл­ға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Бұрынғы бірінші ханым апелля­ция­­лық шағым жасап, сот барысында кейбір түсі­ніксіз жағдайлар болуына байланысты іс қайта қаралып, бас бәйбіше толық ақталып шығады. Бірақ темір тордың арғы жағындағы 5 жыл оған мәңгілік сабақ болғаны анық. Кейбіреулер секілді ұялмай, сот залынан еңсесін тік ұстап шыққан ол көлеңкеде қалмауды ұйғарады. Саясатпен айналысып, өкілдер палатасына үш рет сайланады.

Филиппин үкіметінің күш салуымен бұрын­ғы президенттің есепшотынан қомақты қаражаттың біраз бөлігі қайтарылды.

2004 жылы швейцарлық банктегі есептен 684 миллион доллары елге оралып, Маркостың ондаған компанияларының активтері сатуға шығарылды. Жекенің қолында кеткен ондаған үйлер, бағалы заттар мен қымбат картиналар мемлекет иелігіне қайта оралды.

Президенттің Құдай қосқан қосағы ақтал­ға­нымен, оған деген күдік сейіле қоймаған. Отбасылық биліктің салдарынан 7 млрд доллардың ұлттық байлығы әлем банктерінде әлі күнге сақтаулы деген деректер бар.

Дерек пен дәйек:

Бүгінде әлемге әйгілі диктаторлар қатарында мыналар бірінші аталады: Адольф Гитлер, Карлис Улманис, Бенито Муссолини, Иосиф Сталин, Франсиско Франко, Антониу де Салазар, Николае Чаушеску, Аугусто Хосе Рамон Пиночет Угарте, Ким Ир Сен, Мао Цзэдун, Пол Пот, Иди Амин, Мобуту Сесе Секо, Жан-Бедель Бокасса, Саддам Хусейн және басқалар.

Қатыгез диктаторлар:

8-орын: Саддам Хусейн.

Ирак. Билікте 34 жыл отырған (1969-2003).

Курдтерге қарсы жасалған геноцидтен 2 миллион адамның өліміне себепші болған. Елдегі төңкерістен соңдарға асылған.

7-орын:Хидэки Тодзио.

Жапония. Билікте 3 жыл отырған (1941-1944).

Азаматтық соғыста 4 миллион адамның өліміне себепші болған. Дарға асу жазасына кесілген.

6-орын:Владимир Ленин.

КСРО.Билікте 7 жыл отырған (1917-1924).

Азаматтық соғыста 4 миллион адамның өліміне себепші болған.

Миына қан кетіп өлген.

5-орын. Хирохито.

Жапония. Билікте 62 жыл отырған (1926-1989).

6 миллион адамның өліміне себепші болған. Қатерлі ісіктен көз жұмған.

4-орын.Чан Кайши.

Қытай. Билікте 18 жыл отырған (1928-1949).

10 миллион адамның өліміне себепші. Бүйрегі істемей қалуы салдарынан көз жұмған.

3-орын. Адольф Гитлер.

Германия. Билікте 11 жыл отырған (1934-1945).

20 миллион адамның өліміне себепші. Өзін-өзі өлтірген.

2-орын. Иосиф Сталин.

КСРО. 40-тан 62 миллионға жуық адамның өліміне себепші. Жүрек дертінен қайтыс болған.

1-орын. Мао Цзэдун.

Қытай. Билікте 34 жыл отырған.

45-тен 75 миллион адамның өліміне себепші. Жүрек дертінен көз жұмған.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ



Ұқсас тақырыптар