Путинмен жолыққан Гуцул Ғағауызды Ресейге қосқысы келеді

Сочидегі Бүкіләлемдік жастар фестиваліне барған Молдованың Ғағауыз автономды аймағының басшысы Евгения Гуцул Ресей президенті Владимир Путинмен жолықты. Көмек сұрап, Кишиневке қысым жасауды сұрады. Осы жайлы толығырақ:

1709807667654948.jpg

Сочиде жолыққан Владимир Путин мен Евгения Гуцулмен екеуара өңірлік және геосаяси күрделі проблемаларды талқылады. Бұл ресми мәлімдеменің мәтіні.

Осыған дейін Молдованың Ғағауыз автономды аймағының басшысы Гуцул РФ Федералды кеңесінің басшысы Матвиенкомен жолығып, Ресейден көмек сұраған еді. «Молдова бізді, орыс тілділерді қысып жатыр»,- деп дабыл қаққан  еді. Бұл туралы егжей-тегжейлі жазған едік.

Енді көктен сұрағаны жерден табылған «башкан» Гуцул Путиннің нақ алдында бұлбұлдай сайрады.

«Мен Владимир Владимировичке біздің азаматтық ұстанымымыз бен ұлттық мүдделерімізге адалдығымыз үшін бізге қысым жасап жатқан Молдавиядағы биліктің заңсыз әрекеттері туралы хабарладым», - депті Гуцулдың өзі.

1709807324356312.jpg

ПУТИН: ҒАҒАУЫЗДАРДЫ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫРМАЙМЫЗ!

Оның айтуынша: «Кишинев біртіндеп автономия өкілеттігін алып, бюджетті шектеуде, заңды құқықтарды бұзып, Ғағаузияда және бүкіл елде тұрақсыздық пен тұрақсыздықты тудыруда».

Сол себепті Путин Ғағауызия автономиясы мен ғағауз халқының халықаралық аренада заңды құқықтарын, өкілеттіктері мен ұстанымдарын қорғауға, қолдауға уәде берген.  

Путин: «Ресей Ғағауызияға қолдау білдіреді, ондағы азаматтарды жалғыз қалдырмаймыз»,- деп мәлімдеген.

1709807462842986.jpg

РЕСЕЙШІЛ ШОР: ҒАҒАУЫЗДЫҢ БОЛАШАҒЫ РЕСЕЙМЕН БІРІКСЕ ҒАНА ЖАРҚЫН БОЛАДЫ!

Ал Молдованың Мәскеуге қашып кеткен «оппозициялық» саясаткері Илан Шор Сочидегі кездесу туралы: «Бір жылдан аз уақыт бұрын мен Ғағауыз тұрғындарына Евгения Гуцул өңірге көмектесу үшін ешнәрседен тоқтамайды, кез-келген адамға қол жеткізеді деп уәде берген едім. Оның Ресей президентімен кездесуі - бұған айқын дәлел. Санду мен оның жақтастары Ғағауыздың болашағы Ресеймен төс түйістірсе ғана жарқын болатынын ұғынбайды», - деп жазды Шор әлеуметтік желілерде.

МОЛДОВА РЕАКЦИЯСЫ: ГУЦУЛ МЕМЛЕКЕТ САТҚЫНЫ!

Молдова Бас прокуратурасы Ғағауыз басшысы Евгения Гуцулға қатысты істі сотқа тапсырды. Бұлай істеуге Евгения Гуцулдың жоғарыдағы қос жазбасы себеп болған.

«Гуцул ханым аяқталу үстіндегі қылмыстық істе көрініс табады. Салыстырмалы түрде қысқа мерзімде осы іс бойынша шешім қабылданатын болады. Қылмыстық іс сотқа берілді - біз қылмыстық тергеу материалдарын ұсыну сатысында тұрмыз. Біздің көзқарасымызша, Гуцул ханымның қылмыстық істерге қатыстылығын растайтын жеткілікті дәлелдер жинақталған», - деп хабарлады Бас прокурордың міндетін атқарушы Ион Мунтян.

Евгения Гуцул Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Путинмен кездескен Молдовадан келген алғашқы ресми тұлға болды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар