Жолайрықтағы Молдова: Санду жеңді, ал Ресейшіл аймақтар жеңілді...

Кеше Молдова жұрты Президенттерін сайлады. Анығы – президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтті.

1730711337926596.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: РИА Новости, aa.com.tr, newsmaker.md сайттары)

Президенттік сайлаудың бірінші кезеңі 20 қазанда өткен. Оған ұзын-саны 11 үміткер қатысқан. Солардың ішінде қос үміткер президенттік доданың екінші кезеңіне шыққан. Олар – қазіргі президент Мая Санду мен бұрынғы бас прокурор Александр Стояногло.

Сайлаудың алғашқы турында: Санду – 42,49% дауыс жинаса, Стояногло – 25,95% дауыс алған.

САНДУ ЖЕҢДІ: РЕСЕЙШІЛ АЙМАҚТАР ЖЕҢІЛДІ...

Ал кешегі өткен президенттік сайлаудың екінші турындағы ОСК есебінше, Санду 55 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен. Ал Стояногло 45 пайыз дауыспен тоқтаған.

Санду үшін бұл екінші президенттік мерзім болмақ. Анығы – кешегі өткен сайлауда Молдова жұрты «Ресейлік интеграция» мен «Батыстық интеграция» арасында таңдау жасады десек қаталеспейміз.  Оны электораттың дауыс беру картасынан байқауға болады.

БАСТЫ ТАҢДАУ: БАТЫС ЖОЛЫ МА, РЕСЕЙ ЖОЛЫ МА?

Еуропалық интеграцияны жақтаушы Мая Санду Молдова территориясындағы дауыс беру учаскелерінде Стояногломен деңгейлес дауыс жинаса, Сандуға айқын басымдық берген учаскелер – Молдованың шетелдегі елшіліктеріндегі дауыс беру учаскелері болған. Былайша айтсақ, шетелдердегі диаспора Мая Сандуға екінші президенттік мерзімді жұлып алып берді десек болады. Өйткені, диаспоралардың 85 пайызға жуығы өз дауыстарын Мая Сандуға берген. Осылайшы шетелдегі Молдова диаспорасы осы сайлауда шешуші факторға айналды.

Ал Александр Стояногло ең көп дауыс жинаған аймақтар – бұл Молдовадағы ресейшіл өңірлер саналады. Молдованың ресейшіл автономиясы саналатын Ғағауызияда Стояногло 97,04% дауыс алған. Ал Санду бұл өңірде - 2,96% ғана дауыс жинаған. Сондай-ақ, Ресей әскері бақылауындағы Приднестровьеде Стояногло 79,40%, Санду 20,60% дауыс жинаған.

ЖОЛАЙРЫҚТАҒЫ МОЛДОВА: РЕСЕЙЛІК КҮШТЕР ӘЛІ ЫҚПАЛДЫ!

Мая Санду сайлау қорытындысы туралы: «Молдова, бүгін сен жеңдің! Біз бірлігіміздің, демократиямыздың және лайықты болашаққа адалдығымыздың күшін бірге көрсеттік!», - деп мәлімдеді.

Бұл президенттік сайлау шын мәнінде Молдованың жолайрыққа келіп, тағдыршешті таңдау жасау сәті туғанын көрсетті.

ОСК есептеулерінше, қос үміткердің дауыс айырмашылығы көп алшақ емес. Бұл Молдовадағы жұрттың арасындағы пікір қайшылығының үлкен екенін білдіреді. Басты сұрақ – Молдова Ресейге ыңғайлы саяси жолмен жүре ме, әлде Еуропа жолын таңдай ма деген сұрақ!

Молдованың жарты жұрты (сәл ғана басымдыққа ие) Еуропа жолын таңдады. 50,35 пайыз дауыс. Молдова Еуропаның таңдайтынын 20 қазандағы президенттік сайлаумен қатар өткізілген жалпыхалықтық референдумда бір айтса, кешегі президенттік сайлаудың екінші кезеңінде екінші жолы айтты.

САНДУ НЕГЕ АЙҚЫН БАСЫМДЫҚҚА ИЕ БОЛМАДЫ?

Президент Майя Санду әкімшілігі өткен президенттік мерзім ішінде Еуропалық одаққа (ЕО) кірігуде айтарлықтай табысқа жетті. Алайда оның сот реформасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі шараларға қатысты жұмыстары саяси және экономикалық мүдделер тарапынан қатты қарсылық тапты.

Санду жеңіске жеткеніне қарамастан, десе де Еуроинтеграцияны қолдаушылар саны қарсы позициядан айтарлықтай алшақ бола қойған жоқ. Қалалық сайлаушылар мен жас азаматтардың көпшілігі еуропалық интеграцияны жақтаса, Молдова электоратының едәуір бөлігін құрайтын ауылдық аудандар сыртқы саясаттағы күрт өзгерістерге белсенді бола қойған жоқ.

Түйін: Грузияның ішкі ісіне қол сұғып, Молдованы қаққа жарып, Украинаны қан қақсатқан Мәскеу билігі Молдовадағы орысшыл проксилерге арқа сүйеп, аймақтағы ықпалын сақтап қалудың қамын барынша жасап жатыр. Оның нәтижесін Молдовадағы сайлаудан анық көруге болады.

Біз осыған дейін Ресей қолындағы қаруы ретінде Молдоваға ықпал етіп отырған проксилер туралы егжей-тегжейлі жазған едік...

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар