Қырық жыл қажыға барған Еуропа қазағы

5.jpg

Ғылыми зерттеу тақырыбыма байланысты біраз жыл ілгері Аустрия Республикасының саяси, мәдени және экономикалық астанасы әрі ең ірі қаласы Венада болдым. Содан біраз күн бұрын Түркияның Стамбул қаласындағы "Қазақ мәдени орталығында" болып, пікірлескен едім. Сондағы жігіттердің берген телефон нөмірі бойынша қонақ үйге жайғасқан соң ұзақ жылдардан бері Венада тұратын Хадыс  Залың ағамен хабарластым. Ол кісінің қазақшасында  түрікше  акцент білініп тұрды. Менің жағдайымды түсінген соң:

- Ау қазақпын дейсің бе, қазір қайдасың? Менен қандай көмек қажет?-деді жітірмілете. Аузы ашылса көмейі көрінетін ақпейіл жан екендігі аңғарылады. Мен ол кісіге ешқандай көмектің қажеті жоқ екендігін, тек аз-кем уақытын бөліп  сұхбаттасуға келсеңіз болды деген ойымды айттым.

- Жарайды, әдрісіңді айт-деді. Тұрған жерімді нақтап айтсын деген оймен    ресепшнде  отырған неміс қызына:

- Кешіріңіз, мына кісіге қонақ үйдің әдрісін айтып жіберіңізші - дедім ағылшын тілінде. Ар жағынан Хадіс аға немісше сөйлесе керек, қыз немісше сөйлеп түсіндіріп жатты, әлде неге сыңғырлап күліп алды да, маған қарап, ағылшын тілінде:

- Қонағыңыз 20 минут ішінде жетеді, осында күтіңіз -деді жымиып. Мен рахметімді айттым да кіреберістегі бөлмеге қойылған креслоға жайғасып, түсінбесем де теледидарда неміс тілінде жүріп жатқан бағдарламаны қарап  отырдым. Көзім онда болғанымен көңілім басқа арнада. Қонақ үйге келер бұрын, бізді әкелген көлік қала  көркін, ескі патша сарайлары мен мәдени орындары бірінен соң бірін тездетіп аралатып шыққан еді. Содан болса керек, тәтіге тоймай қалған баладай айызым қанбай отыр. Маған бұл қаланың берген әсері шынында айрықша болды. Оқырманға жақсы таныс болуы үшін Вена жөнінде аз-кем тоқталайын.

Вена - Аустрия Республикасың астанасы әрі тоғыз федералды аймағының бірі.  Аустрия жер аумағы 83,871 шаршы шақырым, халқы небары 8,3 млн шамасында. Елімізбен  1992 жылдың 19 ақпанында дипломатиялық қатынастар орнатқан. Алайда Вена жалпақ жаһанға танымал қала. Онда Халықаралық маңызды мекемелер ашып айтқанда, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ), OПЕК, Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) ұйымдарының штаб-пәтерлері орналасқан. Сондықтан болар, Вена қаласы Нью-Йорк және Женева қалаларынан  кейінгі БҰҰ-ның үшінші резиденциясы ретінде танылған. Тарихи себептерге әрі экономикалық қатынастарға байланысты бұл елде Германияның ықпалы зор, сол үшін әлі де ағылшын тілінен көрі неміс тілінің мысы басым екен. Егер неміс тілін білсеңіз осында келіп-ақ жұмыс тауып, тіршілік етуге болатын көрінеді.

Бағана қала аралап жүргенде байқағаным, қала көне қала болса да, бүгінгінің өркениетімен өзіндік жарастық тауып, бірін-бірі түгендеп, бір бүтін әсем де, толықсыған дүниеге айналған.  Бұл қалада  бір-біріне мүл­дем ұқсамай­тын әр түрлі архитектуралық көріністер бәрі де тарихтан сыр шертіп тұрғандай. Әрі  мұнда МоцартБетховен, Шуберт, Штраус сынды атақты композиторлар тұрып, еңбек еткендіктен болар, бүкіл қала көшелері мен бау-бақшалары, сарайлары мен үйлерінің барлығы да ерекше бір әуенге басып, ән салып тұрғандай.  Қаланың осындай шырайлы да, өркениеттің ордасына айналуына оның географиялық орны және сан түрлі халықтың мекендеуінен болса керек.

         Айтқан уақытында қонақ үйдің сыртқы есігі айқара ашылып,  орта жастағы ер адам күліп кіріп келе жатты. Мен оның түр-әлпетінен Хадіс аға екенін бірден таныдым. Орнымнан ұшып тұрып есікке қарай адымдай бастым. Тұла бойымнан бір түрлі жылылық пен жақындық сезімі есіп қоя берді. Қанның құдіреті осы болса керек.  Бұрын көрмеген, ешқандай таныстығы, туыстығы жоқ Хадіс ағаны құшақтай алдым.  Ол кісі де "Ой айналайын-ау"-деп  арқамнан қағып бауырына басты. Алма-кезек төс қағыстырып, амандық сұрасқан соң, қасына ертіп келген толықша келген жігітті күйеу балам Айдын Жігіт деп таныстырды. Біз кіреберістегі  үш кісілік креслоға жайғасып әңгіме дүкен құра бастадық.  Хадіс аға орта бойлы, ақсары жүзді, көзілдірікті, іс-қимылы ширақ  адам екен. Аздап түрікше акцентпен сөйлейді демесеңіз сөзге де жүйрік, ойы орамды, жатырқауды жаны қаламайтын, аңқылдаған ақпейіл жан екен. Содан болар әңгімеміз бірден жарасымдылық тауып кетті. Атасы алдында сыпайылық танытқан күйеу баласы ара-тұра сөз қатыстырғаны болмаса, алдымызға түсіп сөйлеп кетпеді. Аздан соң Хадіс аға:

- Інім, алыстан ат тербетіп келген екенсің, еншісі бөлінбеген қазақпыз ғой, құттымешін үйімізден дәм татып қайт-деді. Сөз ләмінде ұсыныстан гөрі, өзімсінген ағаның қалауы мен бұйыруы жатқандай сезілді. Мен де шынайы қазақы көңілмен келісім бердім. Есік алдында немістің жеңіл көлігі тұр екен, соған жайғастық. Рөлде күйеу баласы, шамасы машина иесі сол болса керек, біз аға екеуіміз артқы орындыққа жайғастық. Ендігі әңгіме тақырыбымыз қала тұрмысы мен мәдениетіне ауысты.

- Бұл Веналықтарға таңданбасқа шараң жоқ. Сөздеріне бек берік, өте ұстанымпаз. Мысалы, дүкеннен бір зат алмақ болсаң, азғана ақшаң жетпесе де саған сатпайды, ал егер сатушы саған аз ақшаға қарыз болса да, алмасыңа қоймай қайтарып береді. Уақытқа да көз-қарасы солай, сағат 7-00 де жабылатын дүкенге бір-ер минут қалғанда барып, тауар алам деуіңіз бекершілік. Тіпті, дүкеннің барлық затын алам десеңізде сатпайды. Ертең жұмыс уақытында келіңіз дейді. Қоғамдық жұмыстары да солай, егер бұлардың алдына  бір жұмыспен бара қалсаңыз, егер ол заң мен тәртіптерге сай келетін жұмыс болса "болады"-деп жауап береді. Әрі ол міндетті түрде болады. Ал егер "томпақ" жұмыс болса, тұтас мемлекетіңді алып келсең де болмайды. Осыларды айтқанда өзі тұрып жатқан елдің осындай ұстанымына рыза болғандай көздері жұмылып, күлімсіреп кетті. Мұндайда, қырау шалған қазақы мұрты да бірге жымиғандай өзінің бет-пішініне жарастық беріп  кетеді  екен.    Біз осыларды айтып отырып, Хадіс ағаның үйіне қалай тез жетіп келгенімізді де байқамай қалыппыз. Қараңғы түсіп кеткендіктен айнала толық көрінер емес, шамасы 4-5 қабатты үй болса керек, Хадіс ағамыздың үйі бірінші қабатта екен.

Үйге сәлем беріп кіріп төрге жайғастым. 3-4 бөлмелі үй тынысты екен. Жайғасып отырған соң Хадіс аға өзінің отбасы мүшелерін таныстырды. От-анасы Зәфура ханым екеуінен екі қыз, екі ұл бар екен. Балаларының бәрі де жоғары оқу орындарын бітірген, бір-бір мамандықтың иесі екен. Үйде екі-үш немересі асыр-салып ойнап жүр.    Аспен бірге әңгіменің тиегі одан бетер ағытылып, енді өткен тарихқа қарай ойыстық. Хадіс Залың 1952 жылы  Пакістанда туылған. Ел қатары Түркияға қоныс аударып, сол елде білім алып, қызмет еткен, сонда үйленген.  Алайда, арман арқалаған жас жігіт 1978 жылы Еуропаға, анығын айтқанда Вена қаласына жұмыс істеуге келіп, осында тұрақтап қалады. 1985 жылы осы елдің азаматтығын алған. Қазір құрметті зейнеткер. Зейнет ақысы біздің теңгемізбен қазіргі курсымен есептегенде 500 мың шамасында. Оның сыртында ара-тұра көлік айдап, кірешілік те жасайды. Енді Венаға алғаш келгендегі әңгімесін Хадіс ағаның өз аузынан тыңдайық:

- Ол жылдары Түркияда экономикалық жағдай қиын еді, содан Еуропаға барып жұмыс істетейтін адамдар пайда бола бастады. Мен солардың алғашқылары болып, 1978 жылы түрік жігіттерімен бірге осында қарай сапар шегуге бел будым. Алайда, қалтам жұқа болғандықтан виза алу да маған қиынға түсті. Сонымен нар тәуекел деп бар-жоғы екі жүз АҚШ долларын алдым да поезға міндім. Тек Бір Аллаға ғана тәуекел еттім. Поезда келемін, көңіл алаң, "қашан жетеміз"- деп қасымдағылардан сұрап қоямын. Олар "Ерте, ұйықтай бер" -деп қояды. Өзім іштей алаңдаулымын, себебі визасыз келемін, ал тәртіп болса қатал, оның үстіне қалтамда бар-жоғы екі жүз-ақ доллар. Сөйтіп әбіржіп жатып, талмаусырап барып көзім ілініп кеткен екен, түс көріппін, түсімде өз үйімде құран оқып жатыр екенмін. Біреудің оятуымен көзімді аштым, іштей көрген түсімді жақсылыққа жорып қойдым. Расында жолым болған екен мен ұйықтап жатқанда тексерушілер келіп кетіпті, ал поезд болса, Венаға келіп ат басын тіреген екен. Содан бастап  жұмыс іздеп, не болса да аянбай еңбек еттім. Алғашында жасырары жоқ, тұрмысымыз тым жұпыны болды,  үйде бар-жоғы екі-үш кесе мен шәугім-шәйнек және бір ескі кілеміміз  болды. Әлі есімде бірде, шамасы 1980 жылы болса керек, Мюнхеннен қонақтар келді. Қазақы дәстүрмен ет асайын десем ет жоқ, оны әйтеу біреуден аздап қарыз алып таптым. Ал енді оны асып болған соң қонақтарға тартайын десек табақ жоқ. Сөйтіп бір қысылғанымыз бар - деді риасыз күліп. Ал қазір ше, заман мүлде басқа, балаларға оны айтсаң бейне бір ертегі тыңдағандай таңданыспен қарайды. Кейінірек Иран кілемін әкеліп берсем, балаларым жақтырмады, тым ала-шұбар екен деп. Кезінде сондай жаңа  кілемді маған біреу сыйға тартса, өмір бойы сол кісі үшін дұға етер едім.

4.jpg

Хадіс Залың, күйеу баласы Айдын Жігіт автормен бірге

 

Ағам аз кідіріп алды да, әлде не есіне түскендей өзіміз отырған арқалы орындықты нұсқап, мына үстел мен төрт орындықты сол 1985 жылы бар жоғы 10 долларға сатып алдым. Ол да Құдайдың қалауы болса керек, көшеде келе жатыр едім, осы заттарды үкімет үйінің алдына шығарып қойыпты. Сөйтсем, министр жаңа жиһаз алып, ескісін сатуға әлде беруге ме есік алдына шығартқан екен.   Мен келіп сөйлесіп едім "алыңыз" -деді, мен рахмет айтып, қалтама қол жүгіртіп едім, бар жоғы 10 доллар ілікті. Соны бердім. Міне содан бері біздің қонақ үйде өз міндетін атқарып келеді - деді Хадіс ағамыз рыза болған бейнеде.

- Онда, 1985 жыл Сіз үшін табысты болған екен, азаматтық алыпсыз, Сіздің азаматтық алғандығыңыз үшін министр мырза өзінің астындағы орындығы мен алдындағы үстелін сыйлапты. Бұдан артық мәртебе бар ма? - дедім менде әзіл-шыны аралас  үн қатып. Хадіс ағам да, басқалар да тегіс күлді. Сөз кезегінде шығыс мұсылман әйелдеріне тән инабаттықпен отағасының сөзін бөлмей, әдеп сақтап отырған жеңгемізге қарап:

- Жеңгей алғашқы кезеңдер Сізге қалай әсер етті -деп сұрадым.

- Қайным-ау, оның несін сұрайсың, бек қиын болды ғой.  Әйтеу Бір Алланың жәрдемімен, одан қала берді отағасының  тынымсыз еңбегінің арқасында ептеп ел қатарлы күнге жеттік қой. Алғашқы үш жыл отыз жылға бергісіз ұзақ та, машахатты сезілді маған. Түркиядан осында жылап келіп, жылап қайтып жүрдім. Жат орта, бөтен тіл, өзгеше мәдениетке үйірлесу маған жеңіл соқпады.  Аллаға шүкір балаларым осында оқып, есейіп, жоғары білім алып, кәсіптеніп кетті. Үлкен  ұлым мен екі қызым отау көтеріп, еншілерін алып, бөлек кетті. Қолымызда кенжеміз ғана қалды. Ол оқып жатыр. Міне өзің көріп отырсың екі жиен немереміз келіп-кетіп қуантып тұрады. Енді осылар аман-есен болса екен деп солардың қамын жеумен отырмыз. Аллаға ризашылқтан басқа, айтарымыз жоқ -деді сөзін аса бір ыждағаттықпен тәмәмдап.

Хадіс ағамның екі жиен немересінің тілі немісше екен. Ал балаларынан байқағаным қазақшасы шорқақтау, негізінен өзара түрікше, ал ел-жұртпен немісше сөйлесетін көрінеді. Ағамыздың тағы бір қасиеті қазақша әндерге тым әуес екен. Мен келгелі телевизор мен заманауи DVD-ды қосып, қазақ әндерін әуелетіп қойды. Қандай жаңа ән болса соны іздеп жүріп, тауып алмайынша байыз таппайтын ағамыздың қоржынында Қытай мен Моңғолия қазақтарының, Қазақстанның және Түркия қазақтарының халық әндері мен эстрада әндерінің сан түрі бар екен. Өзімнің естігенім бар, естімегенім бар көп әннің куәсі болдым. Байқаймын бұл үйде дүниедегі барлық қазақ әндерінің асыл қазынасы  жатқандай сезілді маған.

Ендігі сөз кезегінде өзімнің бұйымтайымды айтудың реті келді. Алғаш қонақ үйде кездескенде де ептеп шетін шығарған едім. Ал енді шетел қазақтарын зерттеудің Қазақстанда әлі толықтай қолға алынбағандығы, бірен-саран ғалымдардың  өз беттерімен ізденіс жасап жатқандығын айта келе, өзімнің шетел қазақтарын әлеуметтік және экономикалық географиялық тұрғыда зерттеп жүргенімді де айта кеттім. Сөзімнің төркінін түсінген сұңғыла ағамыз:

- Дұрыс екен, жұмысыңа Алла береке берсін. Мен мұнда келгенде қазақтар жоқ дерлік еді. Кейін біртіндеп көбейді. Негізінен Түркиядан келгендер, одан соң Қытай мен Қазақстаннан да қоныс аударғандар бар. Жалпы 28 отбасы бар. Еуропаның басқа қалаларында тұратын қазақтармен байланысымыз бар. Менің білуімше. - деп Хадіс аға мен үшін тіпті, ғылым үшін де аса құнды төмендегі ақпаратты мәлім етті:

Қала немесе мемлекет

 Отбасы саны

Адам саны (шамамен)

Париж

300

1200

Мюнхен

100

400-500

Вена

 

28

150

Будапешт

10

40-50

Коринде

150

600-700

Амстердам

20

80-90

Лондон

50

200

Швейцария

4

15-20

Италия

4

15-20

Белгия

14

70-80

Америка

30

100

 

Айтылған дүниелерді қағазға түсіріп отырдым. Түйгенім: Еуропа қазақтарының көбі Түркиядан қоныс аударғандар, ал Түркия қазақтарының түп мекені Қытайдың Алтай аймағы. Сондықтан болар олардың көпшілігі қазақтың орта жүзінің керей, найман, уақ  ұлыстарының ұрпақтары болып келеді екен.  Соның ішінде Алтайдан ауған керейлердің зар заманды басынан кешіп, тар жол тайғақ кешулер арқылы,  Тибет үстіртінен өтіп, Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жеткенін тарихтан білеміз. Артынан әуеден де, жерден де қуғындаған қарулы жау, алдынан тосқауылдаған жергілікті қарақшылар, жер жағдайы мен климаты мүлде қолайсыз жат аймақ, бөтен ел,  кәрісі мен жасы аралас шұбырған көш, көз алдыңа елестетудің өзі қорқыныш, үрейлі көрініс. Хадіс ағамен болған әңгімеде осы бір қанды-жасты тарих бір сәт көз алдымнан арылған жоқ.

Жалпы түсінгенім Хадіс аға және оның айналасындағы Веналық қазақтардың   тұрмысы Еуропалық үлгі мен шығыс дәстүрінің тоғысқан бейнесі сияқты. Жастарының білімді еуропаша алуы, киім-киісі мен сөз мәнері, тіпті, үйленген соң күйеуінің тегіне көшуі де сол үлгіні көрсетсе, жастарының үлкендер алдындағы ибасы мен әйел затының ер адам алдындағы өзін ұстауы, аналардың басынан жаулығын шешпеуі  бәрі де мұсылман шығыс стилі емес пе?  Мейлі қалай болмасын Хадіс ағамыздың отбасы берекелі де, мерекелі отбасы екен. Вена қаласындағы қазақтардың барлығы да ол кісіні үлкен деп, алғаш келген арысымыз деп құрмет көрсетеді екен. Тіпті Қазақстаннан келген түрлі саладағы қонақтар да Хадіс ағамен жүздесіп кететін көрінеді. Оған ағамыздың бауырмалдыққа, сүйіспеншілікке, қазақы дархандыққа толы пейілі себеп болса керек. Ел қамымен алыс-жақын шетелдерге сапарлап тұратын Елбасымен де кездесіп, осындағы ағайындар атынан ізгі ниетпен тілегін де білдірген екен. Оған Елбасымен кездесуде түскен естелік суреті де куә.

Қорытып айтқанда, тағдыр салып, пенде көніп осы қалаға келіп қоныстанған Хадіс аға отбасы өткеніне салауат айтып, бүгініне шүкіршілік етіп, болашағына үмітін үкілеп отырған  көптеген Еуропалық қазақы отбасылардың бірі. Осындай 2011 жылы өмір сүруге қолайлы үздік шаһар ретінде танылғанын әсем де, бай Вена қаласында ел қатарлы жақсы тұрмыс кешіріп отырған Хадіс ағаның отбасымен қимай қоштастым. Біз үшін дүниежүзіндегі барша қазақтырдың ұшқан құстың қанаты талатын кең-байтақ даламызда, өзімізбен бірге өсіп-өркендеуінен артық  бақыт болмас. Десе де, жат ел, жат жерде өздерінің қажыр-қайратымен, адал еңбегімен өсіп-өніп отырған  осындай нар тұлғалы ағаларға бас иіп құрмет көрсету біздің азаматтық және ұлттық борышымыз. Мені қонақ үйге Хадіс ағаның өзі өз машинасымен жеткізіп салды. Машинаға отырар жерде, маған қарап:

-Анау қабырғалас тұрған қабат үйді көрдің бе, сонда жақында бір пәтер сатылмақшы, соны кенжемізге алып берейін деп отырмын. Енді оның да құлағын бұрап жатырмыз, тездетіп үйлен деп. Мен ұл-қыздарымның барлығына үйленуге байланысты бір қатал талабым бар, ол - тек қана қазақпен некелесу. Ағамыз осыны айтқанда өз-өзіне серт бергендей оң қолын көтеріп, жұдырығын түйді. Біз машинаға жайғастық, машинаның қозғалуымен бірге әлгінде ағамыздың үйінде тыңдаған қазақы әндер сайрап қоя берді. Ағамыз қосылып әндете бастады, мен де қосылдым. Венаның маужыраған күзгі кешінде, тар болса да, шағын болса да машинаның ішінде қазақы ән әуелеп келеді. Әнмен бірге ағам екеуіміздің көңіл құсымыз қазақ даласына қарай  қалықтап ұшып бара жатты.

Міне сол Хадіс ағамен арадағы сыйластық шынайы достыққа ұласып кетті. Арада біраз жылдар өтсе де, хат-хабар алысып тұрамыз. Жақында тағы сөйлестік, ағам қажылыққа барудың дайындығымен жүр екен. Бұл ағамыздың 41 реткі қажылық сапары екен. Ол кісі жеңгемізбен үйленген жылдан бастап әр жылын қажылықсыз өткізбепті. Қандай керемет десеңізші. “Шынайы мұсылман болу үшін Арабияда туылудың қажеті жоқ”-деген сөздің бір шындығы осында жатқандай. “Аллам”-деп тілек еткен құлдың сұрағанын беретін Хақ Тағала ол кісіге дүние игілігін де молынан берген. Қазір, кезінде мен барғанда ірге тасы көтеріліп келе жатқан 5 қабатты үйдің бір подезін толықтай сатып алыпты. Түркия мен Германиядан да ат байлар, қоныстары бар. Жылына уақыт шыығарып Еуропаның, Азияның көрікті жерлерін саяхаттап келеді. Биыл сәті түсіп Қазақстанға да келіп кетті. Жүзінен шуақ, жүрегінен арай төгілген ағамды әр дайым сағына еске алып отырамын. Қайда жүрсеңізді аман болыңыз аяулы аға, қазақтың асыл азаматы....

 

 

Қастер Сарқытқан

Mezgil.kz

 

 

 

 

 

          

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар