Өршіл қазақ ғарышқа құлаш ұрды

6.jpg


Ғарыш – ғылым мен жоғары технологиялардың теңдессіз шыңы. Ендеше тәуелсіздік жылда-рындағы Қазақстанның ірі жетістігінің бірі – ғарышты игеруі. Бүгінде қазақ елі Жердің орбитасында төл ғарыш серіктеріне ие әлемдегі 30 елдің қатарында тұр.


Арабтармен ынтымақтастық нені көздейді?


Ресейдің ғарыш саласының мүлдем тоқырағанына қарап, кейбір сарапшы оның соңынан қазақстандық ғарыш саласы да құрдымға құлап бара жатыр деп өзінше түйін түйеді. Шын мәнінде, жағдай басқаша. Қазақстан бұл істе Ресейге тәуелді емес, стратегиялық серіктестері қатарында әлемдегі алпауыт державалар бар.

Мысалы, республика Франциямен, яғни Airbus концернімен бірлесіп ғарыш аппараттарын, спутниктерді өзінде құрастыруға кірісті. Енді отандық жаңа ғарыш серіктерін Қазақстан бұрынғыдай, Ресейде не шетелде емес, өзінде жасайды.

Мұның сыртында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері 1-алаң – «Гагариндік старт» ұшыру кешенін жаңғырту және пайдалану туралы келісімге келді. Діндес мемлекеттер «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы 112-алаңның монтаждау-сынақ корпусындағы зымырандардың техникалық кешенін де бірге модернизациялайтын болады.

Нәтижесінде, адамзатты тарихта тұңғыш рет ғарыш сеңгіріне шығарған қазақ жеріндегі космодром улы гептилмен от алатын «Протондардан» құтылып, керосиннен қуаттанатын «Союздар» ұшыруға бағдарланады. Бұл ретте мұсылман қос мемлекет «әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық даму үшін ғарыштық ғылым мен техниканың маңызды» деп таныпты. Сондықтан ғарыш қызметі саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға және дамытуға мәмілелесті. Келісім «Байқоңырдағы» «Гагариндік старт» алаңының ұшыру кешенін және ғарыштық мақсаттағы зымыранның техникалық кешенін 2023 жылға дейін жаңғыртып шығуды қарастырады.

Қазақ-араб ғарыш кешенінен «Союз-2» зымыран тасығышы және оның жаңа нұсқалары ұшырылмақ. Ол экологиялық қауіпсіз отынды – керосинді және сұйық оттегіні тұтынады. Ғарыш кемелері бірлескен коммерциялық мақсатқа қызмет етпек. Ал 112-алаңның монтаждау-сынақ корпусындағы техникалық кешен «Союз-2»-лерді құрастыруға, сынауға және сақтауға арналған арнайы технологиялық жабдықтармен және жалпы техникалық жүйелермен жарақталады.

Осы мақсатта «Байқоңырда» «Гагариндік старт» бірлескен кәсіпорны құрылып жатыр. Дегенмен оның құрылтайшылары қатарына жалпы саны қанша ел кіретіні жеке келiсiм-мен айқындалады. Әзірге Қазақстаннан – «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ком-паниясы, Ресейден – «Главкосмос ұшыру қызметтері» АҚ, Әмірліктер тарапынан – оның уәкілетті органы бірлескен кәсіпорын құруды үйлестіретіні белгілі болды.

Жалпы, бұл келісім аясында аталған нысандарды жаңғыртудың құны 87 миллион доллардан аспайды деп хабарланды. Бұл жұмыстарды қаржыландыру – бюджеттен тыс, яғни бірлескен кәсіпорын тартатын инвесторлардың есебінен жүзеге асырылатын болады.


Қазақстанның үлесі күрт артады


Айта кету керек, таяуда Мәжіліс «2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін» хаттаманы рати-фикациялайтын заң жобасын мақұлдады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, «Бәйтерек» жобасын түзететін бұл хаттама ең алдымен Қазақстанға керек және еліміздің мүддесін ілгерілетеді.

Біріншіден, хаттамаға Ресейдің 2036 жылға дейін заманауи жетілдірілген «Союз-5» зымыран-тасығыштарын ұшыру кешенін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері енгізіліп отыр.

Екіншіден, бұл жобаға сәйкес, Ресей «Союз-5» тасымалдағыш зымыранды құрады, ал Қазақстан қолданыстағы «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенінің жерүсті кешенін жаңғыртуды қаржыландырады.

Үшіншіден, екі ел арасында бұрын құрылған бірлескен кәсіпорынның Қазақстанның Қаржы министрлігі алдындағы бюджеттік кредит бойынша қаржылық міндеттемелеріне қатысты түйткілді мәселе шешімін табуы тиіс. Осының арқасында «Бәйтерек» жаңа ғарыш айлағы толық дерлік қазақ елінің иелігіне өтуі мүмкін.

Бірқатар сарапшы «Бәйтерек» ғарыш айлағы іске қосылғанда-ақ жұмыссыз, қаңтарылып тұрып қалуы ықтимал» деген болжам айтады. Өйткені «Байқоңырдың» өзінен 2020 жылы небәрі 7 рет зымыран тасығышы ұшырылған. Бірақ биыл ұшырулар саны 15-17-ге дейін артпақ: 3 «Протон-М» және 12-14 «Союз-2» ғарышқа самғауы мүмкін.

Ал «Бәйтерек» іске қосылғаннан кейін аталған хаттамаға сәйкес, Ресей жаңа ғарыштық зымыран кешенінен он жыл бойы жылына кемінде 2 ұшырылымды қамтамасыз етуге кепілдік береді.


Қазақстан Илон Маскпен бәсекелеспек


Мамандардың бағалауынша, «Бәйтерек» экономикалық тұрғыдан бізге тиімді болуы үшін 2036 жылға дейін одан кем дегенде 41 ұшырылым жасалуы қажет. Сол 41 ұшырылымның 23-ін Ресей кепілдендіреді.

Euroconsult ұйымының дерегінше, жыл сайын тағы 10 ұшырылымға өзге елдер тапсырыс беруге дайын. Қазақстан Үкіметі он ұшырылымның екеуін қазірден тапсырыс ретінде алу жолдарын қарастырып, келіссөз жүргізуде.

«Бұл Ресеймен бірге жасалатын жоба болғандықтан, біз Ресейдің коммуникациялары арқылы тағы жылына 2 ұшырылымды тапсырыс ретінде алатын боламыз. Нарықтан жылына екі ұшырылымды ала алсақ, ол бізге экономикалық тұрғыдан тиімді болады. Ұшырылымның жалпы құны 52-62 миллион доллардың аралығында. Қазіргі «Союз-5» зымыранына ұқсас Илон Масктің «Falcon 9» америкалық зымыраны бар, оның ұшырылымының құны – 60 миллион доллар. Яғни, біздікі нарықтағы бағаға сәйкес. 62 млн доллардың шамамен 10 миллионы Қазақстан тарапына, яғни жерүсті кешенді пайдалану үшін біздің «Бәйтерек» акционерлік қоғамына төленетін ақы болады. Демек, әрбір ұшырылымнан 10 миллион доллар бізге төленіп тұрады», – деді Цифрлық даму министрі.

Алайда елді бірінші кезекте алаңдататыны – «Бәйтеректің» не «Гагариндік старттың» коммерциялық пайда әкелуі емес, зымыран ұшырулардың қоршаған ортаға зиян келтірмеуі болса керек. Әйтпесе, Қарағанды, Қостанай облыстарына, Арқалық жеріне, тіпті гептилге дейін төгілді. Ендеше «Союздардың» ғарышқа сапары кезінде экологиялық талаптар қалай сақталмақ?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтің сендіруінше, «экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бұл келісімнің негізгі мақсатының бірі».

– Экологиялық қауіпсіздік зымыран кешенін құру кезінде де, сондай-ақ оны эксплуатациялау кезінде де қамтамасыз етіледі. «Бәйтерек» кешенінен ғарыш аппа-раттарын ұшыру барысында авиациялық керосин мен сұйық оттегін пайдалану қарас-тырылған. Жобаға мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында көрсетілгендей, онда гептилді немесе басқа да аса қауіпті отын түрлерін қолдану жоспарланбаған, – деді А.Пірімқұлов.

Осылайша, Қазақстан жаңа айлақты әу бастан гептилден арылтып отыр. Әрине, алып зымыран тасығыштардан тек ұшуда емес, құлау салдарынан да қауіп келеді. Вице-министр зымыран құлаған кезде елімізге өтемақы жасау мәселелері жеке көзделгенін жеткізді.

«Аталған келісімде жекелеген пункттер бар. Оған сәйкес, тараптар ұшыру және ғарыш кешенін пайдалану кезіндегі барлық іс-әрекет үшін жауапкершілік арқалайды», – деді Ахметжан Пірімқұлов.


Өзбекстанға ғарышты игеруге көмектесеміз


Жалпы, Байқоңыр жақтағы ғарыш айлақтарына өзбек елі де қызығушылық білдіріп отыр. Нәтижесінде, «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім» өмірге келді. Бауырлас қос ел енді «ұлттық және бірлескен ғарыштық бағдарламалар мен жобаларды және іс-шараларды жүзеге асыру үшін күш-жігер біріктірмек». Осы мақсатта көршіміз 2019 жылдың тамызында «Өзбеккосмос» (O’zbekkosmos) агенттігін құрды. Кәсіпорын тіпті төл жасанды интеллектін дамытуға кірісуде.

Өзбектер қазақ елінің әлеуетін пайдаланып, ғарыш ғылымы мен ғарыш кеңістігін, оның ішінде өзге планеталарды зерттеуге ынта-ықылас танытып отыр. Бұдан бөлек, қазақстандық спутниктер арқылы Жерді қашықтықтан зондтауға, ғарыш аппараттарын, шығару құралдарын және ғарыш қызметіне байланысты өзге де жабдықтарды әзірлеуге ынтық. Қазақстан Өзбекстанда төл жерүсті ғарыш инфрақұрылымын құруға және дамытуға, өзбек жер серіктерін ұшыруға, жерсеріктік навигациялық жүйелер мен технологияларды игеруге жәрдемдеседі.

2019 жылғы қарашада елорда жанында «Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақтан өткізу кешені» (ҒА ҚСК) ғимаратының құрылысы аяқталды. Онда қазір «өндірістік учаскелерді операциялық біліктілікке дайындау жұмыстары» жүргізілуде. ҒА ҚСК 2022 жылға қарай спутниктерді сынауға толық дайын болады деп жоспарланып отыр. Бұл кешенде салмағы 100 келіден 6 тоннаға дейінгі спутникті жобалаудан бастап, құрастыру мен сынақтан өткізуге дейінгі жұмыстардың толық циклі, сондай-ақ спутниктерге арналған құрауыштарды жасау жүзеге асырылады.

Биыл Қазақстанның ғарыштағы KazEoSat-1 және KazEOSat-2 жерсеріктерінің 7 жылдық белсенді әрекет ету мерзімі аяқталады. Олардың орнын басатын жаңа спутниктерді еліміз осы кешенде өзі жасап шықпақ.

 

P.S. Ғалымдар Марс, Кеплер-452b сияқты жалпы саны 60 ғаламшар мен экзопланета адамзаттың жаңа мекеніне айнала алуы мүмкін деседі. Ендеше болашақта ғарыштың өзге түкпірінде, басқа планета-ларда қазақ жері пайда болып жатса, ғажап емес пе? Дәл қазір бұл ертегідей естілер. Бірақ үш ғасырлық отарлау, шапқыншылық, шексіз-шетсіз нәубеттер салдарынан мүлдем жойылып кете жаздаған қазақ халқы 30 жылда қайта еңсе тіктеп қана қоймай, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ұмтылады деп кім ойлаған?! Кез келген арман-мұратына жету – өршіл қазақ халқының қолынан келеді.


«Айқын» газеті



Ұқсас тақырыптар