Алаштың Армиялы

        Уақыт тезіне қандай дүние шыдайтынын ешбір адам айтып жеткізе алмас. Жыл сайын қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні жақындаған сайын ойым астаң-кестең болып, есімнің әлем тапырағы шығады. Жаңа дәуірдегі Еуропа елдерімен салыстырғанда дамуы жағынан біршама артта қалып келе жатқан Ресей патшалығының отаршылдық саясатының қарқынды жүргізілуі, жат жерлік басқыншылармен ұзақ жыл соғысқан қазақ хандығынын алауыздықтан әлсіреген кезіндегі бытыраңқылығын  пайдаланып әрі көмек қолын созғансып жаулап алуы, еркіндікке ұмтылысын ауыздықтап, құлдық қамытын кигізгені тарихтан мәлім. Көшпелі мәдениеті қалыптасқанымен төңірегіндегі мемлекеттермен ұзақ жылдарға созылған еркіндік үшін арпалыс елдің экономиқасының дамуына кедергі келтірді. Отарлық жүйенің қысымына төзбеген халық бұқарасы патша өкіметінің бұғауын лақтырып тастамақ болып дүркін-дүркін көтеріліске шыққанмен күш тең емес еді. Сандаған қол бастаған серкелерімен теңдік үші таласта талай тарландары мен боздақтарынан айырылып азада қалды. Әлемге «дүниені дүр сілкіндіре отырып жарлылардың теңдігін әпердік» деп жариялаған кеңестік биліктің орнауынан қазақ халқы жиі-жиі зобалаңға ұшырап, нәубеттен өзге жақсылыққа жетпегенін сезінетін халетке жеттік. КСРО тарихын оқып өскендермен мен естіп ержеткендер Қазақстан өз еркімен Ресейге қосылды деген ертегіге қанып өсті. Ал біздер ше?

316254146_834830297561626_871862410935938079_n.jpg

Талаптанып жүріп тарих атаның қойнауына сүңгімесек, тереңірек үңілмесек туған халқымыздың өмір тіршілігінің үнемі тағдыр таразысының тәлкегінде қалғанын білместе едік. Қазақтын «Сенген қойым, сен болсаң» деп халық ақ орыстың орнына келген қызыл орыстың «барлық ұлттар тең» делініп бүркемеленіп жүргізілген басқыншылық саясатынан да түңіле бастады. Қызыл ұранмен тұмшаланған жаңа отарлық саясатты алғаш түсінгендер Алаш оқығандары болды. Кеңес үкіметі алғашында оларға үрке қараса да Қазан төңкерісінен кейін жүріп жатқан азамат соғысында (азамат соғысы дегеніміз - бір мемлекет ішіндегі билік үшін екі топтын күресі) қарсыластарын тұқырту күресінде өздеріне жақтастар тарту, халықтың қарсылығын тудырмау  мақсатында уақытша келісімге келді. Алты Алаштың зиялылары болашақтан үлкен үміт күте, тәуелсіздікті аңсай жүріп халқына қызмет көрсетуге барын сала, құлшына кірісті. Қызылдар билігі сығымдаған уысынан сырғып кетерін білгендей алаштың алдыңғы қатардағы зиялы азамақтарының алтын арқауын үмітін қиды. Қазақ халқын қанды диірменге салып жіберіп, олардың ішіндегі иісі қазақтың үміт етіп отырған, ертеңгі жақсы күнге бастап апарады деген бас көтерер азаматтарын қынадай қырған зұлымдардың зұлматын әсте естен шығаруға бола ма?

Баспасөз беттерінде қолына жүрдек қалам ұстаған саясаткерлердің журналистертердің, жазушылардың, кейде тіпті қарапайым азаматтардың 1920-1990 жылдарға дейінгі сталинизмнің террорлық, тоталитарлық режимінен зардап шеккен, зорлық-зомбылық көрген мыңдаған адамдардың мұң-зарын, тартқан қайғы-қасіретін жылауын жазып кейінгілерге «Ағайындар абайлаңдаршы! Өткендеріңді ұмытпаңдаршы!» деген ой тастайды. Санаға салмақ салатын, батпандап басынды басатын саяси қулығына құрық бойламайтын қызылдар билігі қазаққа қарсы жүргізілген зобалаңды әртүрлі ат қойып, айдар тағып атқарды. Өз қарсыластарына ақтар деп ат қойып монархиялық билікті жақтаушылармен бірігіп қазақ жеріндегі бірлейін деп тұрған ұлттық сананы тұншықтырып тастау үшін бізге қарсы күресті. Ұлттық дербес ел болу идеясын басып тастады. 20-жылдардағы қарсыласуды басып-жаншығаннан кейін Сталиндік билік қазақтарды біржолата жаныштап, тұқырту мақсатындағы еврейлік «Кіші Қазан» идеясын дереу қолдап, жылдам тез арада жүзеге асуына ықпал жасады. Жаңа қоғам орнатуға кесел келтіріп жүр деген желеумен қазақтың ауқатты, ел-жұртқа бас-көз болып, жұмыспен қамтамасыз етіп бағып-қағып отырған адамдардың бірін «зомагерге» жатқызып кәмпескелеп,тайлы-таяғымен, тұқымдарымен жер аударса, бірін ит жеккенге айдап, тоз-тозын шығарды. Қазақ қоғамындағы дәстүрлі шаруашылығын мығым жүргізген ауқатты адамдар таптық тұрғыдан жаңа заманға зиянын тигізетін, кедергі келтіретін кертартпа элементтер санатына жатқызылынуы, 1928 жылы 27 тамызда Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің «Ірі байлар мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару» туралы декрет қабылдауы отқа май құя түсті. Әртүрлі санатқа жатқызылынып, шаруашылықтары  тәркіленген 696-дай қожалықтың әлеуметтік құрамы бір текті емес еді. Қазақша айтқанда «қосақ арасында» кеткендер де болды. Қазақтардың  шаруа қожалықтарын ұжымдастырудың еріктілік принципі белден басылып билік тізгінін ұстағандардың бұл саясаты жұртшылыққа қарсы зорлау, күштеу шараларын қолдану арқылы жүзеге асырылды. Бұны жаңа  жазалау түрінің бірі деп санасақ онда ол айрандай ұйып отырған қазақтардың ауызбірлік ынтымағын бұзып іштей іріткі туғызып, адамдарды жіктеп-жіліктеп алауыздық арқылы кеңестік жүйені күштеп енгізудің тағы бір сенімді құралы болып табылғандай. Ежелден-ақ елдік ұранға айналған «қара қазан, сары баланың қамын» жеген жұрт дүрк көтеріліп атқа қонды. Аттандап атқа мінгенімен қолдарында сол заманның атыс қаруы жоқ, бірақ тәуекелге бас тіккен көтерілісшілер, бес қаруы бойында болған қызылдар армиясының тұрақты бөлімдеріне айтарлықтай қарсы тұра алмады. Жеңіліске ұшыраған көтерілісшілердің қолға түскендері ату жазасына кесіліп, соңы ОГПУ тарапынан құғын-сүргінге ұласты. Қазақстанның көп аймағын шарпыған бұл көтерілістер күшпен жаншылды. Көтеріліс болған аймақтар, ОГПУ-дің сауатсыз тергеушілерімен қару ұстайтын қызметкерлерінің қолдарындағы қаруларын айыпталғандарды атып үйренетін полигонына айналды. Кейінгі кездері табылған көптеген архивтік құжаттардан алынып көрсетілгендей 1929-1931 жылдардағы Қазақстанның әр аймағында жүгенсіз, солақай саясатқа қарсы болған 372-ден астам көтеріліске қатысқандардың саны 80 мың адамнан асқан. Жалаңаш қолмен жауға шабуға итермелеген күш елдің сонау патша заманынан келе жатқан кірмелерден, бөтен елдің билігіне бағынғысы келмеген жұрттың азаттық алу үшін қарсыласуы еді. Талай боздақ туған топырағын жастанып оққа байланып қаза тапса, біразы айдауға кесіліп ит қорлықты басынан өткеріп жат жерде кіріптарлық жұмыстарға жегілді. Қаншама жүректі ұлдар құмда көміліп қалып, қаншасы суға кетіп із-түзсіз  жоғалды, оны ешкім айта алмайды. Осы айтып өткен жасанды қырғынды ұйымдастырудың кесірі халықтың демографиялық өсіміне кеселін тигізіп, халық санының орасан ойсырап кеткендігін көреміз. Кезінде Елбасымыз өз сөзінде «1924-1951 жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны 3 млн. 777 000 адам. 649 000 адам атылған. Осы кезеңде Қазақстанда 100 мың адам саяси қуғынға ұшырап сотталған. Олардың 25000 өлім жазасына кесілген. «Алжир», «Карлагта» 2 млн. тұтқын отырған. 1938 жылдың 25 ақпаны мен 13 наурыз аралығында әскери сот алқасы шешімімен 650 адам ату жазасына кесілген. КСРО бойынша 20-50 жылдары 40 млн. адам қуғын-сүргінге ұшыраса, 25 млн. астамы ұжымдастыру құрбаны болды. Соның кесірінен 1 млн 750 мың қазақ құрбан болды. Бұл қазақ халқының 42 пайызын құрайды» деген еді («Егемен Қазақстан». 28.05.2010 жыл). Қазақ халқының басына түскен қасіретті жылдардың  даму хроникасын бүтіндей беру мүмкін емес. Нақты айы, күнімен жазып шығуға жүздеген томдар аздық етеді.

Әйтседе қазақ халқының шеккен қайғы-қасіретінің күңіренді тұстарын қанын ағыза отырып қағаз бетіне түсірген аты алты алашқа лайық азаматтың бірі Армиял Тасымбеков. Кеңестік жүйе жаңа қоғамдық өзгерісті орасан зор құрбандықпен жүзеге асырды. Жаңа дүние орнайды десе де өздері қыл үстінде отырған негізгі күн көрісі мал шаруашылығы болып табылатын көшпелі шаруа адамдарының тіршілігінің ойран-топырын шығарып, билік кезекті азапқа ашаршылыққа ұрындырды. Ашаршылықтың апаты жайлаған Қызылжар, Қарқаралы өңірінің халқының қалай қырылып жатқан кезі туралы жазған «Қызыл қырғын» мақаласын оқығанда денең түршігеді. Бірақ шындықтан қашып қиырға шығып кете алмайсың. Қайғы-қасіретті көзбен көріп, өздері тірідей куәгер болған Ұлы (Армиял Ұлы деп жазған) Мағжанның жасы жүзге таяп қалған әйелі Зылиқаның айтқандарымен, ауыл-ауыл болып аштықтан қырылған Қарқаралы өңіріне Алматыда ұйымдастырылған аштыққа қарсы жүргізілетін комиссияның мүшесі болып барған Ғайниқамал (күйеуі Сабыр Айтхожин 1937 жылы тұтқындалынып атылып кеткен) Атхожинаның өз ауызынан жазып алынған деректер. Армиялдың бұл мақаласы 1937-1938 жылдары жазықсыз жала жабылып «халық жауы» деп ұсталып атылған, халқымыздың көрнекті қайраткерлерінің 50 жылдан астам құпияланып келіп, енді айтыла бастаған кезінде қолға алған күрмеуі қиын, түйіні мол, жұмбақты жайттары көп, әлі де көпшілікке жабық репрессия құрбандарының отбасыларының қуғындалуына журналистік зерттеу жүргізе бастағанының алдындағы табан тірер тұғыры сияқты еді. Іштерінде қара қандай қатқан дертті шығара алмай жүрген аналармен олардың балаларының тынысын ашқан сол жылдары жастардың «Өркен» газетіне жариялаған Армиял Тасымбековтың «Жазығы не еді апалардың?» деген мақаласы болатын. Газет бетінде жарық көрген мақаланы оқығаннан кейін 37-38 жылдары азап лагерінде болған аналардың көзі тірілері, олардың туған-туыстары, қыздары, жақын жанашырлары өздері білетін қуғын-сүргінге түсіп сотталған аналар жайлы хабарласа бастаған. Соның нәтижесінде кезінде «ақтаңдаққа» жататын «Алжирдің» құпиясы жазылды. Бірнеше тізбекті мақаласынын негізі осы аттас  деректі фильмге арқау болды.

Әлі есімде, Кеген аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүргенімде Алматы қаласына сапарлай бардым. Өткен ғасырдың 90 жылдары аз уақыт шықса да халықтың көкейіндегі жайттарды жариялай отырып ел назарын өзіне аудара алған «Халық кеңесі» газетінде істейтін, Қазақ Ұлтық университетінде қатар оқыған журналист жолдасым Мейрамбек Төлепбергеновтің кабинетіне жайғасып студенттік кездеріміздің қызықтарын еске түсіріп әңгімелесіп отырғанымызда есік серпіле ашылып, екі жігіт ентелей, иықтаса кірді. Еркін, өзімсіне енгендеріне қарағанда мен отырған бөлменің иесіне өте жақындықтарын сездірді. Сәп салып біреуінің бетіне қарасам өзім бұрыннан жақсы танитын жерлесім Армиял екен, қапсыра  құшақтасып, қауқылдасып, отбасымыздың амандығын, ел-жұрттың жаңалығын айтысып мәре-сәре болыстық. Жаркенттің тумасы Армиял 1967-1971 жылдары Панфилов педагогикалық училищесінде менің әйелім екеуі бірге оқыған болатын. Кейіннен мен Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінінің студенті болғанымда, ол Қазақтың Абай атындағы Педагогикалық институтының филология факультетінің сырттай бөлімінде оқып жүрді. Сол кездері өтетін жазғы, қысқы сессияға келгенінде жолығып ауыл жайлы, т.б. жаңалығымызды бөлісіп тұратынбыз. Оқуымызды аяқтап әртарапқа кеткеннен кейін анда-санда бір көрісіп қалатынбыз. Мен Армиялдың Кеген ауданында тұратын Жаркент педучилищесінде бірге оқып бітірген достарының бәрімен таныс-біліс болып, жолдас ретінде жиі араласып тұратынмын, сондықтан да Армиял жолыққан сайын олардың хал-жағдайын сұрап тұратын. Армиялдың қасындағы орта бойлы жігітті маған Мейрамбек пен Армиял екеуі жарыса таныстырып шықты. Ол қолын ұсынып өзін Аяған Шәжімбаев деп таныстырды. Әңгіме-дүкеніміз жараса кетіп, таныса отырып өзін сырттай баспасөз материалдары арқылы білетінімді, режиссерлық қызметімен таныстығымды білдіре «Алжир» деректі фильмін  түсіргендігімен құттықтадым. Егемендік алғаннан кейін теледидирдан берілетін жаңалық атаулыны қалт жібермей көретін қалың жұртшылықтың фильмді ащы шындықты тізбектей баяндап, кеңестік биліктің халықты қандай азапқа салғандығын дәл уақытында ашып көрсеткен үлкен  сенсацияның бірі ретінде жылы қабылдап, мақұлдап жатқанын айттым. Ауыл азаматының аузынан түсірілген туындылары туралы дәріптеу естіген екеуі  бұл хабарыма дән риза болып, еңбектерінің елге жеткеніне қуаныштары қойнына сыймай қатты толқыды. Әңгіме арасында Аяған «Ел мені біледі екен ғой» деп қойды. Осы жолдарды жаза отырып сол жылдары қатарласа тізе қосып жүрген қазақтың қос арысының кейінгі еліміздің жазылатын тарихына естелік кітаптары мен кинофильмдері арқылы, мағынасы мол мәңгі өшпес деректер бергенін, қасіретті кезеңнің «ақтаңдақтарының» азаюына сүбелі үлес қосқанын, ал өздерінің сол сіңірген еңбектері жайлы кейінгі жандардың не ойлағанын, қалай бағалағанын біле алмай кетті-ау деп өкініш айтуға болады. Тірі куәгерлермен халық санасында қалған зілмауыр жылдардағы қанды қасапты айтушылар арқылы көз алдыңызға әкеліп көрсетіп, әрі ащы ақиқатты бойыңды шымырлата отырып баяндауы есіңізден мәңгі шықпайтындай етіп шегелейді.

Бодандықтың бодауынан ауыр болса да бейбіт түрде босаған енді ғана ақ-қарасын тани бастаған елімізде қазақ тарихындағы «ақтаңдақтар» деп аталатын қасіретті кезеңдер басталды. 1953 жылы «ғасырдың тираны» атанған күдікшілдік ауырумен ауырып өлген көсемнен кейін тарихта «жылымық» кезең деп аталатын мыңдаған саяси құғын-сүргінге ұшыраған жазықсыз адамдар қамаудан босатыла бастады. Бұл шаққа дейін құпия болып келген жазалап жаншудың толық болмаса да біразынан халық хабардар болды. Сталиндік террорлық биліктің халық зиялыларына қарсы жүргізген, оларды түп-тұқиянымен жою шараларының шындығы жеті қат жердің астында құпия ұсталынып келгендігі анықталды. Армиял 1937-1938 жылдардағы саяси құғын-сүргінге ұшыраған жазықсыздардың аянышты тағдырын уақыттың тезінен өткен сайын, сиреген қара ормандай қадау-қадау болып аман қалған қазақтын «халық жауы» атанып, атылып кеткен зиялыларының жесірлерінің жанында отырып өз ауыздарынан жазып алғандығымен құнды. Армиялдың айналасындағы адамдардың тағдырына бей-жай қарамайтындығы, оның жазықсыз зәбір көріп құғын-сүргінге ұшырап, тар жол тайғақ кешуге ұрынған адамдардың өмірін суреттеген еңбегінен көрінеді. 1994 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жан дауысы. Алжир архипелагі» деректі-публицистикалық повесі осы сөзіміздің айғағы. Тоталитарлық режимнің тепкісіне түскен адам төзгісіз азаптың сан соқпағынан өтіп ерлері үшін өлімге бас тіккен батыр аналарға естеліктерден соғылған ескерткіш деуге боларлық үлкен дүние. «Жан дауысы» кітабына енгізілген мақалаларды жай шолып оқып шығу оңай емес. Жазушы жазбаларында «Өткен өмірін еске ала әңгімелесе отырып жүректері қысылып, талып қалған аналардың балаларына кінәлі болған күндерім де болды» деген сөздерінен айтушы аналардың жай-күйінің аянышты кездерінде жүрегі солармен бірге қасіретке толған Армиялдың қандай толғаныста отырғандығын көзіңізге елестетудің қаншалықты азап екендігін түсінесіз. Егемендікке қол жеткізгеннің өзінде де, әліде болса заман қалай болар екен деп, әліптің артын бағып бұқпантайлап жүрген кейбір әріптестеріне қарайламай, зобалаң кездің ащы запыранын жүздеген аналарға жолығып, тебірене тыңдай отырып, жан азасын көтере білген әрі «Жан дауысы» кітабымен қалың жұртқа жария еткен бірден-бір азамат Армиялдың еңбегі нағыз ерлікке лайық.

4 бет - Армиялдың кітабы.jpeg

Бастарынан өткерген ауыр қайғы-қасіреттен, шеккен азаптарынан жүздерін емес, жүректерін әжім басқан «халық жауы» атанған есіл ерлердің жесірлерінің «тәубе» деп, өткен қысталаңның шындығын кейінгіге айту үшін тірі қалғандарына шүкіршілік жасайды. Мыңдаған жазықсыз қараланып, аяусыз атылудың құрбандарының көз жастарын көл қылып, артында қалған жұбайларын, туыстары мен бала-шағаларын іздеп тауып барып, ит қорлықпен өткізген өмірлерін аһылап-үһілеген, демдерін демей отырып естіліктерді айтқызып жазып алу, осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір кешкен адамдардың тіршілігін көрсетуден анағұрлым ауыр. Армиялдың кітабында 1930-1950 жылдарда жазалау диірменінен өткен 100970 қазақстандық болса оның 20170-і атылыпты деп көрсетеді автор. Бұл деректер алынып, қағазға түскелі, жарыққа шыққалы бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Бүгінгі күні 37-38 жылдары саяси құғын-сұргінге ұшырағандар туралы кейбір құпия жайлардың ақиқаты ашылып, зерттеу материалдары жарияланып, жаңа мәліметтермен толығып, құрбандар саны артты. Ұсталып, сотталып атылып кеткен белгісіз есімдер әлі де табылып жатыр. Сөз арасында айта кетер болсақ, 1932 жылдан бастап 1938 жылдың күзіне дейін және 1944 жылдары «жапон шпионы» деген сылтаумен сол кездегі есеп бойынша шағын елді мекен саналатын Жаркенттегі Алмалы ауылының өзінен әртүрлі жаламен ұсталып, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58 бабының 10-шы,11-ші тармағымен «кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген және контрреволюционер» делініп сотталып кеткен 10 шақты адамның біразының мүлдем дерегі жоқ. Ұсталынып кеткенімен, қай түрмеге апарылды, кімдер тергеді, қандай кінә тағылды: соттады ма, атып тастады ма, одан арғы жағдайлары не болғаны туралы мәліметті хат жазып сұрау жолдасам да тиісті органдар тауып бере  алмады. Мұндай жағдаятты да ауыл жұрты үшін, қала берді қазақ үшін «ақтаңдақ» демеске  лажымыз жоқ. Армиялдың әлі толық ашыла қоймаған архивтік деректердің кейбіріне қол жеткізіп сақталып қалған мәліметтердің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында, осы сұмдықтың ұйымдастырушылары мен орындаушыларының кейбіреулерін іздеп жүріп тауып, бұдан сескеніп отырса да сұхбат жүргізген. Осы зобалаңның басы-қасында жүрген, мойнына жазықсыз жүздеген адамдардың қанын жүктеген, ел еркіндікке шыққаннан кейін не боларын күтіп жүрген бұрынғы органдарда істегендердің оған сес көрсетіп, «қойсаңшы, бала» деген ескертпелерін де естіген, бірақ бастаған жұмысын орта жолда тастауға ары жібермеген, олардың сөздеріне  құлақ қоймаған. Халқымыздың естісе дегбірі қашатын сонау үрейлі 1937-1938 жылдары белсенді жұмыс жүргізген зұлматты ұйымдастырушылар мен тергеушілердің, жалалы болған жазықсыздарды атуды  орындаушылардың біразының әлі де көзі тірі болатын. Қайсыбірі атақ-даңққа ие болып, кейбірі құрметті адамдар атанып, дербес зейнеткер санатына кіретін. Ал олар кезі келгенде зерттеушілерге қолдарынан келгенше кесірлерін тигізіп, деректер жинауға, архивтен материалдарды алуға, пайдалануға кедергі жасап бақты. Армиял жазықсыз құрбан болған ерлері үшін жапа шеккен аналардың тарихын зерттеп жазуды қолға алғанда «Көзден кетсе көңілден болады ұмыт» деген ұстанымды каперіне ала отырып кіріскен сияқты.

Армиял қолына қаламын алғанда 1937-1938 жылдардағы қанды қасапқа арада 50 жылдай уақыт өткен екен. Тасымбеков сол зұлмат кезеңнің зорлық-зомбылығын бастан өткерген кейіпкерлерді, яғни тірі куәгерлерден айырылып қалмайын деп Шымкент, Павлодар, Қызылорда, т.б. еліміздің түкпір-түкпірінде болып, одан кейін Әзірбайжанның, Ресейдің астанасы Москвадан бастап біразына жерге ат басын тіреп қайтқан. Мақсат біреу еді. Кейбіреулер өткен кеңестік кезеңді өксік қағып көксеп жүргенде, Армиял 20 ғасырдың «тираны» Сталиннің бет-пердесін сыпырып, нақты деректермен оның қазақ халқына қарсы қолданған қанқұйлы әрекеттерін хатқа түсіру арқылы әшкерелеуді мақсат етті. Сталиннен кейінгі оның мұрагерлерінін де билеп-төстеуінде великоростық шовинизм көріністері бар екендігін нақты дәлелдермен жарыққа шығарып, ақиқатты айта отырып халықтың назарын ұлт тағдырына немқұрайды қарамауға аударуды көздеді. Тірі қалған куәгерлер арқылы Сталинизмге лағнет айтқыза отырып, қазақ  еліне, жұртына жасаған қиянатты көрсетіп, жауыздық сипатын саралап көрсетті. Ол қаны сорғалап тұрған шындықты, азапқа түскен ұлт аналарының алдына барып, көңілдерін аулап, өз аузынан жазды. Оның азалы кейіпкерлерінің бірі Ақмоладағы әйелдер лагерінде 10 жыл жазасын өтеп шыққан 90 жасқа жақындап қалған әзірбайжандық Шүкірие ханымның, «апай, осындай, топалаң заманға кім кінәлі деп ойлайсыз?» деген сауалға: «Әрине, Сталин, сол нағыз баскесер, нақұрыс! Бүкіл елді қорқытып атып, асып, үрейлендірген Сталин» дейді. Армиял халық атынан осылай жазуға мүдделі еді. Оған жетті де. Себебі, қалың жұртшылықтың өзінен осы бір зұлмат жылдардың ақ-қарасын анықтап жазуды, сол оқиғалардың ақиқатын күткен елі бар екеніне іштей сенді. Айтылған мақалалар жинағын дайындап шығарғанға дейін 37-38 жылдары Ресей Қылмыстық Кодексінің 58 – бабының 17-тармағымен «Халық жауының әйелі» болғандықтан тұтқындалып, сотталған, тағдырдың әділетсіз илеуіне түскен аналарды, олардың немерелерін, балаларын «АЛЖИР» лагерінің басшы қызметкерлерін іздеп тауып, кездесу жүргізді. Әңгіме үстінде жандары қинала отырып айтқан естеліктерін өзінің де жаны сұмдықтан түршіге отырып жазып алды.

Армиялдың журналистік жолына шолу жасай отырып оның өмірден ерте озуына да кейде қасіретті кездегі алаш азаматтарының, олардың жарлары мен балаларының  қиын да қыйлы, таланы тастай тағдырын тақырып етіп алуы да әсер етті ме екен дейсіз. Ұлтшылдық жаламенен ұсталып, жазықталмай жазаланған қазақтың маңдай алды азаматтарының өміріне жазушының аяушылықпен қараудан туған ішкі жан күйзелісі мен сыртқы қүштердің психологиялық қысымы қатты күйік тартқызған секілді. Біз бұны оның кейінгі күндердегі өмірінен байқаймыз. Армиял өз мақаласын «...бұл іске Ақмола қаласының маңындағы сол кездегі ресми түрде лагерьлер Бас басқармасының 26-шы нүктесі куә бола алады» деп осы жерді куәге тартады. Кеңес елінің түкпір-түкпірінен  «халық жауы» атанып қазақ зиялыларымен бірге ұсталып, түрме камерасында атылып кеткен партия, қоғам қайраткерлерінің түрлі себептермен сотталынып әкелінген әйелдердің көрген азабын, тартқан қасіретті жайын қозғайды. Осындай жаламен атылып кеткен, жүздеген зиялы қызметкерлердің әйелдеріне күйеулерінің қылмысына қатысы бар деген жаламен ұстап, сотталған, апталап айдалып, қорлық вагонмен «Алжирге» жеткізілген әйелдердің өмірінен бастайды. Ол мыңдаған адамдардың назарын аударған орыс тілінде «Акмолинский лагерь жен изменников Родины» деген атау алған, «халық жаулары» болып жазаланған азаматтардың әйелдері, қыздары, балалары қаумалап қамалған «солтүстіктен оңтүстікке қарай 700 шақырым, ал батыстан шығысқа қарай 400 шақырым болатын аумағы Европаның Франция сияқты елінің территориясымен пара-пар Қарағанды лагерінің» (А.Тасымбеков. Жан дауысы. Алматы, 1994 ж. 131-бет.) тұтқындарының қайғы-қасіреті, шеккен жан азабы туралы сериалы әңгімелерін кезек-кезек тоғытады. Өзі жолығып 39 ананың естеліктерін жазып алған болса, оның ішінде 9-ы орыс, поляк, украин, т.б. ұлт өкілдерінен еді. «Алжир-Малиновка» жазбасындағы айтылған жайға тоқталатын болсақ, 1990 жылы Малиновка поселкесінде «Алжирде» жазықсыз жаланың құрбандары – әйел-аналарға орнатылған ескерткіштің орнатылуына бұрынғы Кеңес жерінің түкпір-түкпірінен куәгерлер келген. ГУЛАГ-қа қарасты «Алжир» тұтқынында болған 22 мыңнан астам әйелдердің тірі қалғандары, шамасы жететіндері жиналғандығы сөз болған. Сталиннің зобалаң кезеңін басынан өткергендер естелік айтып, қысталаң кездің сұрқиялығын аша түскен. Жарты ғасыр өткен соң жиналып ашына сөйлеп, естелік айтқандар 18-20 жас кездерінде көрген азаптарын ойға алып бәрі сол шақтағы биліктің халыққа қарсы жүргізген әділетсіз  нәубеттің  шындығын айтуды, мұндай зұлмат істің басты кінәлісі Сталинге қарғыс айтып, тыныш тағдырларын талқандағанына лағнет жаудырғанын қағазға басқан. Сталиннің тікелей нұсқауымен жұмыс істеуге кіріскен қолшоқпарлары зобалаңды асыра ұйымдастырып, елді уысында ұстаудың қатал шараларын атып-асу, қуғын-сүргінге ұшырату, лагерлерге тоғытуды қатыгездікпен пайдаланды. Билік басындағылар бұл істің орындалуына ел ішінен «халық жауын» табуға жан сала кіріскен.

Снимок.JPG

Армиял Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық ерікті тарихи-ағарту «Мемориал» қоғамының конференциясына қатысып, қоржыны көптеген жаңа мәліметтермен толығып қайтқан еді. Өткен өмірлерінің көлеңкелі жағынан қорқып, жасқаншақтап, тартынып отырған кейбір қазақстандық аналарға құрбыластарының жігер берген сәлемін жеткізіп, шындықты айтудан тартынбауы туралы сөздерінде әкелген болатын. Конференция кезінде лагерь тұтқыны болған, жастық шағының жарқын болар кезін азапта өткізген мәскеулік Ксения Евдокимованың егіле айтқан естелігін жазып ала отырып, ол кісімен абақтылас болған 29 әйелдің аты-жөнін тізіп көрсетеді. Ленинград филармониясының 70 әйел артистерінің де алжир қамауында отырғандығынан да хабар жазған Армиял. Москва сапарында осы аталған әйедердің біразымен жолығып, олардың «Келешек ұрпақ бұл зобалаңды енді көрмей-ақ қойсын, балам» деп тілеген тілектерімен баталарын алып қайтады. Армиял өзі айтқандай «есімдері қаламға ілінбеген» белгісіз, кең көлемді кеңес жерінің көптеген тозақ қамағында айдауда өлген, тұйықсыздан мерт болып құлаған жеріне көміліп, із-түзсіз кеткен аналар сүйегін қалай түгендерсің.

Кітаптың алғашқы беттерінен қатал тағдырдың тезіне түскен айтулы тұлға, қазақ халқының ұлт көш басшыларының бірі болған алғашқы кезде Казкрайкомның екінші хатшысы, кейін Қазақстанға басшы болып келіп ұлт кадрларын әртүрлі жолдармен қуғынға ұшыратқан Ф.И.Голощекиннің астаң-кестеңінен соң Өзбекстанға қызметке ауысқан Сұлтанбек Қожановтың әйелі Күләндәмнан бастап, алды 3,5,8, жыл, соңы 18 жылға сотталған, айдаумен, түрме қорлығын тартқан әйел жандардың өмір тарихы баяндалады. Репрессияға ілінген қазақ қоғамының белсенді қайраткерлерінің, интеллигеция өкілдерінің айтулы ер-азаматтарының қаралы тізімімен қоса олардың артында аңырап қалған  Күләндам (Сұлтанбек Қожановтың әйелі), Дәмеш (Темірбек Жүргеновтың әйелі), Бибіжамал (Нығмет Сырғабековтың әйелі), Мәдина (Оразов Дәулеттің әйелі), Майнұр (Қабылбек Сарымолдаевтің әйелі), Сағадат (Қайсар Тәштитовтың әйелі), Сақыпжамал (Зарап Темірбековтың әйелі), Уәзипа (Зақи Күленовтың әйелі), Әсмә (Рахымжан Шомановтың әйелі), Баршын (Қалменов Атлаштың әйелі), Зұпнұн (Нығмет Нұрмақовтың әйелі), Мәриям (Халық Есенгелдиннің әйелі), Елизавета (Борис Балашовтың әйелі), Зағфи (сол кездегі жастар ұйымының жетекшісінің бірі), Күнжамал (Бейімбет Майлиннің әйелі), Шәкітай (Мұқаметқали Тәтімовтың әйелі), Елизавета (маршал М.Н.Тухачевскийдің туған қарындасы), Әзиза (Тұрар Рысқұловтың әйелі), Шүкірие (Әзірбайжан ақыны, публицист Ахмеджабад Ахунзаденің әйелі), Сұлухан (Мұхамбетәлі Бағызбаевтың әйелі), Әйіш (Ұзақбай Құлымбетовтың әйелі), Елена (Константин Кельмансонның әйелі), Елизавета (Жанайдар Садуақасовтың әйелі), Варвара (күйеуі Смоленск телеграф агенттігінің бастығы болған жерінен тұтқындалып, атылған), Ғайниқамал (Сабыр Айтхожиннің әйелі) сияқты аяулы жарларының аты-жөнімен жалғастырады. Мен мұнда аты аталып өткен аналардың жан жарларының қызметтеріне тоқталмай есімдерін ғана атап кетіп отырмын. Армиял шығарған «Жан дауысы» деректі повесінен кейін, ел үшін еткен еңбектерін сталиндік билік заяға шығарған халқының жолында құрбан болған, әр түрлі қызмет атқарған қоғам қайраткерлер туралы қаншама өмірбаяндық зерттеу материалдары, мақалалар жарық көрді. Әділетсіздік істің құрбандары туралы біршама кинофильдер, бейнебаяндар түсірілді. Халқына қалтқысыз еңбек еткендердің есімдері жарияға шығып, елге жетті. НКВД органдары тұтқындаған әйелдердің барлығы халыққа белгілі қоғам қайраткерлерінің жұбайлары еді. Оларға қойылатын құйтырқы сұрақтардың алғашқысының бірі: «Сен күйеуіннен бас тарт, оларды жаманда, сонда аман қаласың» деп басталатын. Мұндағы тергеушілердің алдына қойған мақсаты «халық жауы» атанып ұсталғандардың іс-әрекетін мінеки, бұларды отбасылары да құптамай бас тартып отыр деп, былайғы жұртты сендіру үшін ақпарат таратып, жалпақ жұртқа жария жасау еді. Бұл тарапта Кеңестік билік бүкіл баспасөз құралдары өз қолдарында болғаннан соң, күнделікті әшкереленген халық жауларының есімдерін газет беттерінде жариялап тұрғандығы, ертеңгі күнін ойлаған көпшіліктің бойына үрей ұялатты, қорқыныш билеген ел еріксіз халық жаулары бар екендігіне сенді, кейбірі сенген сынай танытты. Тергеудің сан тәлкегін көріп азапталып, елдің оңтүстігіндегі қалалар мен елді мекендерде ұсталып, Читаға айдалып, Ресейдің Нижний Тагилінен кері айналдырылып, одан қазақ жерінің дәл ортасында жатқан Карлагқа жеткізіліп, енді бірі батыста тұтқындалынып Аклагке әкелініп адам көргісіз барактарда, жан төзгісіз ыстық-суықтарда өмір кешкен жүздеген аналар сонда да адалдықтың ақ жолынан танбады, сүйген жарларынан бас тартпады. Осындай сандаған өткелектен өтіп келген, тауқымет тартқан жанкешті аналар тілшімен кездесіп, естелік айта отырып, «Тек шындықты жаз. Ал, қорқатын болсаң жазба, балам, осыған келісіп алайық» деп шарттасып, талап қойып, қайсарлық танытуы нағыз жүректі жандардың сөзі.

Келтірілген деректерді салыстыра отырып Армиялдың жазғандарын оқи келе 1937-1938 жылы еш нәрсенің қарасы жоқ, қараптан-қарап үрейленген биліктің халыққа қарсы жүргізген саяси зұлматтың кесірінен қуғын-сүргінге ұшыраған мыңдаған қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің отбасыларының, балаларының аты-жөнін анықтау, олардың тұтқындалған кезіндегі көңіл күйлеріне тоқталу, лагерлердегі шеккен аянышты өмір тұрмысын шынайы тұрғыдан беру жөнінде оның орасан зор жұмыс атқарғандығына көзім жетті. Қазақ халқының қыйын кезіндегі ауыр жүгін қара нардай қайыспай көтере білген, жақсыларын селдей қаптап сыпырып кеткенде қаншама жаңа туылған, сәбилер мен балалар, жасөспірім өскіндер жетімдіктің зарын тартып өтті. Осындай сұмдықтан ауыр қыйындыққа шыдамай жынданып кеткен, жаны өмірден түңіліп күйзеліске түскеннен ауру болып қалғандардың халі «Жан дауысы» кітабінің әр бетінен кездеседі. Кейде бәрін тағдырға сілтей саламыз-ау. Ал мұнда, адамдар тағдырымен кітап кейіпкері айтқандай «ойыншықша ойнап отырған» қолдан жасалынған сталинизмнің жазалау машинасы тәлкекке ұшыратқан, жүздеген  адамдардың басынан өткен зобалаңын тыңдап отырып, Армиялдың қалам мен қағазға қалай ие болғандығына таң қаласыз. Көп адамдар біле бермейтін деректер әр сөйлем сайын ұшырасып отырады.

5 бетке - Армиял - пьеса.JPG

1938 жылы 8 желтоқсандағы КСРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясының үкімімен айыпталынып атылған, 1956 жылы 8 ақпанда осы аталмыш мекеменің шешімімен ақталған, ұлт мақтанышына айналған Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза өзінің қызы Риданы Мәскеу қаласының Бутырка түрмесінде босанған еді. Мәскеуде өз үйінде қамауға алынған Әзиза «Алжир» лагеріне әкелініп, өзінің анасы Әрипамен қызы Рида үшеуі түрме азабын бірге тартқан. Риданы үш жасқа келгенде анасынан бөліп алып кетіп, балалар үйінде ұстаған.

«Халық жауы» деген желеумен ұсталған М.Бағызбаевтің әйелі Сұлуханның үш баласының да тағдырлары өз бастарынан жетіп артылады. Алты жасында жанына жақын тартқан адамға ілесіп, аты-жөнін түгел өзгерткен, қазақша бір ауыз сөз білмейтін қыз бала арада жеті жыл өткен соң ғана жақсы адамдардың көмегімен анасымен қауышқан. Қабырғасы қайыса тоғыз ай көтеріп босанған ұлын ұсталғаннан кейін мүлдем бірін-бірі көрмей өмірден озған. Өз тағдырыңа өзің қожасын деген бос сөз болып, тағдырың тәлкекке айналып, биліктің бодауына түскен заман болды. Мұндай мысалдарды келтіре отырып айыпталушы адамдарды лагерьлерге тоғытушы тергеу орындарындағы кеңес қызметкерлерінің қатыгездігіне, әрі олардың да өз жандарын аман алып қалу үшін және қызмет сатысында жоғарылау ойымен әр істерін толық жүзеге асыруға мүдделі болғандығын көреміз. Қалай болғанда да «халық жаулары» екендігін мойындатып, тергеу хаттамаларына қол қойдыру барысында жауап алушылардың небір адам сенбес азаптау тәсілдерін қолданғандығы көрсетіледі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германияның солдаттарының қолға түскен кез келген елдің әскерлерінен мәлімет алу, шындығын айтқызу үшін азаптау тәсілдерінің небір айуандық түрлерін қолданғаны белгілі (Адамзатты қырғынға ұшыратқан фашистердің басшыларына жүргізілген 1945 жылдың 20 қарашасынан 1946 жылдың 1 қазанына дейін жүргізілген Халықаралық Әскери трибуналдың материалдары. Тарихта Нюрнберг процесі деп аталады). Фашистік жазалау машинасы бейбіт жатқан мемлекеттерге агрессиялық соғыс ашып, басып алған, тұтқынға түскен миллиондаған тұрғын халыққа аса қаталдық көрсетіп, қырып жойып, қорлық көрсеткен. Сотсыз, тергеусіз, қинап-азаптап өлтіргендері қаншама. Халықаралық әскери трибуналды материалының өзі 8 томды құрайды. Ал, мұндай азаптау тәсілін кеңес тергеушілері олардан бұрын үйренген еді.

Қазақ зиялыларының әйелдері көрген қыйыншылықты, халқымыздың маңдайына біткен атақты жазушы, қысқа әңгіменің шебері Бейімбет Майлиннің әйелі Күнжамал да басынан өткерген. Күйеуін тұтқындап алып кеткеннен кейін отырған үйлерінен қуып шығып, бес баласын жан-жаққа тентіретіп, өзін Қарағандыға айдауға жіберген.

Тұтқындалған азаматтардан НКВД тергеушілері қандай әдістермен жауап алатынын мен де өз құлағыммен естідім. Осындайда еске түседі. 1975 жылдары Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік  университетінің тарих факультетінің студенті атанып оқып жүрген кезімде естіген әңгімем есімнен шықпайды. Естіген әңгімемді ұмытпайтын да себебім бар, өйткені ол жөнінде көп жерлерде біраз жігіттерге айтып та жүрдім. Отбасыммен пәтер жалдап тұратын болғандықтан үй түбіндегі ағаш өңдеу зауытына түнгі кезекте күзетші болып істеуге келісімге келіп, жұмысқа орналасып алдым. Күзетшілік жұмыстың маған көп пайдасы тиді. Түнгі кезекке екі күнде бір рет барып сол жердегі күркеде таң атқанша сабағымды дайындап шығам. Кейде сенбі күні лекциядан кураторымнан сұранып кетіп, күнделікті тұрмысқа қажетті қаржы табу үшін қаланың әр жерінде орналасқан көптеген мекемелерді, зауыт-фабрикаларды, темір жол бойындағы қоймаларды  кезіп жүріп, жанымдағы жолдастарыммен жалданып жүк түсіретінбіз. Менен бір курс жоғары оқитын жерлесім Әпешов Ақылбай, өзімнің курстастарым Исмағұлов Батырбай, Адамбалинов Ораз төртеуміз бірлесіп жұмыс тауып, ауыртпалықты бірге көтеретінбіз. Бірде М.Әуезов көшесінің бойына орналасқан арақ-шарап зауытының (қазіргі «Бахус») алдына таңғы сағат жетілерде келіп жүгі түспеген бір вагонға ие болдық. Ие болдық дегенім ол кезде қосымша қаржы табуға құштарлар көп болатын. Үйлі-баранды студенттер, құрылыстан босаған жастар, тіпті үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастар келіп аздаған ақша үшін істеп, қолма-қол ақы алып кетіп жататын. Мойынға алған жүк вагонына зауытқа тиесілі 69-70 мыңға жуық шампан бөтелкесі тиеліп жіберіледі. Түсіруді таңғы сағат жетілерде бастасақ, түнгі онбірлер шамасында аяқтайтынбыз. Бір жақсысы еңбек ақымызды түнгі ауысымдағы кассирлер жұмыс аяқталысымен дереу қолма-қол есеп айырысатын. Арасындағы бір екі сағаттық үзілісімізді алып тастағанда онбес-оналты сағаттық еңбегімізге 19 сом 50 тиын аламыз. Сол кездегі бағамен жаман табыс емес. Студенттік степендиямыз 40 сом еді. Бірде түс әлетінде ақ тер-қара тер болып вагоннан жанымызды сала бөтелке түсіріп жатқан кезімізде, қасымызға ортадан жоғары бойы бар, дембелше келген жасы қырықтардан асқан ақ-сары орыс кісі келді де, амандасып қазақша сөйлей жөнелді. Жасымыздан орыс балаларымен, жігіттерімен араласып өссек те дәл мұндай қазақшаға судай орысты көрмегендіктен таңырқап қалдық. «Студент екенсіңдер ғой. Түрлеріңнен білініп тұр. Бұларың енді дұрыс. Еңбексіз нан табу оңай емес» деп одан әрі мақалдап тарта жөнеліп, бізді мақтап біраз жерге апарды. Сәл-пәл бізге қарап алды да, әлден соң:  «Сендер маған таң қалмандар. Мен жергілікті орыспын. Қазақ болып кеттік қой. Мен жазушы Бейімбет Майлиннің құдасымын. Әйелі Күнжамал құдағиым. Олармен жиі араласып тұратынбыз» деген соң істеп жатқан жұмысымызды тоқтатып, қасына иіріліп тұра қалып, әңгіменің желісін Бейімбетке қарай бағыттап, 1937 жылғы қанқұйлы оқиғаларды сұрап және біртіндеп жазушы Бейімбет туралы сөзге бұрдық. «Оның несін сұрайсыңдар. Ол бір қиын-қыстау кезең болған ғой. Бейімбет туралы Күнжамал құдағидың әңгімесінен көп жайды естіп, өзіміз де есімізді көпке дейін жия алмай қорқып жүрдік. Күнжамал күйеуін тұтқындап алып кеткеннен кейін келесі күндері Дзержинский көшесінін бұрышындағы НКВД-ның түрмесіне жолығуға барып жүріпті. Тергеушілер сөзбұйдаға салып жүріп бірнеше күннен соң әзер дегенде жолығуға рұқсат етіп, алып кіріп, Бейімбетті көрсеткенде Күнжамалдың аза бойы қаза болған ғой. Кездестіру бөлмесінің ортасындағы орындыққа отырғызып қойған Бейімбеттің адам шошырлық түрін көріп, талып қала жаздапты. Сақал-мұрты қаулап өсіп, аяусыз соққыдан беті-басы күп болып ісіп кетіпті. Алақанымен ауызын жауып алыпты. Басын изеп бірнәрселерді айтқан екен, түсінбей қалып қайта сұрағанда, аузын жауып тұрған қолын түсіріп, «Мен тазамын. Босап шығамын. Балаларға ие бол» деген сөзді айтқанын әрең түсіндім. Сұраққа алып қинап, ұрып-соғып аузындағы алдыңғы тістерін түгелдей түсіріпті. Жаным түршігіп, көзімнен жас ыршып кетті. Бейімбетке басқа еш нәрсе айтқызбады. Мен де ешнәрсе айта алмадым. Екі жағында тұрған екі адам «Болды. Уақыт бітті» деп екі қолтығынан алып аяқ басуға мұршасын келтірмей сүйрей жөнелді» деді, деп әлгі сары орыс әңгімесін аяқтады. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, осы оқиғаны кей жерінде ашынып, кейде бәсең дауыспен мұңая баяндап берген азаматтың ұмытпасам Бейімбеттің ұлы Еділдің әйелінің інісі, яғни балдызы екендігі есімде қалыпты. Бұл біздің жетпісінші жылдардағы, құпиялықтың құлпы ашылмай тұрған кездердегі естіген әңгімеміз. «Халық жауы», «троцкистік-зиновьевшілдік террористік орталықтың мүшесі», «жапонның шпионы», тағысын тағы тағылған айыптар жетіп артылатын. Алапат үрей әкелген 37 жыл емес одан кейінгі кезеңдерде де халық жазылып шындықты, қыстығып қылмысты айта алмай жүрді. Сондықтан да Армиялдың сұхбаттасқан апаларының бірі сынай сөйлеп, «Мойныңды ішке тығып, «өтіп кеткен уақыт, шаруамыз не?» деп жүре берсе өткен тарихын сыйламағаны. Содан соң 1937- жылдың құрбаны болып кеткен абзал азаматтардың өмірбаяндық деректерін неге зерттемеске. Менің байқағаным кейінгі интеллигенция әбден қорқақ болып қалған. Әрнәрсеге сақтықпен қарайды» (А.Тасымбеков. Жан дауысы. Алматы, 1994 ж. 59-бет.) деп сұрақты төтесінен қойып ойын ашық жеткізеді.

Темір қайнаған сайын қатаяды. Мұндай қиындыққа мойымайтын апалардың бірі 1937 жылдың 22 наурызында «үштіктің» үкімімен атылған, қазақтың жоғын жоқтаған бар қарым-қабілеттерін, күш-қуатын туған халқының жарқын өмір жолына түсуіне тынымсыз еңбек еткен 19 халық комиссарларының бірі Нығмет Сырғабековтың туған қызы Роза Сырғабекова еді. Алматы облыстық «тарихи және археологиялық ескерткіштерді қорғау» қоғамының бастығы қызметін атқарған Роза Нығметқызы текті жерден шыққандығын бірден көрсетті. Абай даңғылы мен Космонавт көшесінің қиылысындағы бес қабатты үйдің астыңғы қабатындағы орналасқан мекемесіне кіріп барғаннан-ақ тазалық пен жылылықтың лебі есті.  Жолығып әңгімелесу барысында тәрбиелігі, сөйлеу мәнерінен жақсыдан қалған асылдың тұяғы екендігі сезіліп тұрды. Келген шаруамды бітіріп, қайтар кезімде, «Әй, айналайындар, әр нәрсені өз уақытында істесеңдерші, талай дүние із-түзсіз жоғалды ғой» деген сөзін әлі ұмытпаймын. Алғашында мен оны басшы болғаннан кейін бізге қарата күнделікті атқаратын жұмысымыз жөнінде айтқаны шығар деп жүрдім. Армиял туралы ойларды қағазға түсіре бастағанда сұңғыла апайымыздың нені меңзегені ойға оралып санаға сәуле түсірді. Ал, Армиял бұл жұмысты өз уақытында бастапты. Өткен зобалаң жылдардағы «айыпталушыларға» аса тым қатыгездік көрсеткен НКВД қызметкерлерінің кінәлісін тауып, жазалануын талап етіп, ал өздерінің ұсталған ер-азаматтарының халық үшін атқарған істерін көпшілікке жариялап, олардың аты-жөндерін ел есінде есте қалдыруға мүдделі екендігін білдіреді. Алдымен күйеулерінің аты-жөнін жазғызып, олар көп жылдар бұрын  ақталса да есімдерімен еңбектері жазылмай, айтылмай жатқанын тілге тиек етіп, олардың өмірінің кейбір тұстарынан маңызды деректер береді. Сонау алыстан арнайы уақытын сарп етіп, іздеп келіп отырған тілшіге ризалығын білдіре отырып, «Мен сияқты мыңдаған әйелдер отырған Ақмола лагерінде. Оның бәрін іздеп табамын дегенше шаштарың ағарып кетпей ме?» дейді кейбір аналар жанашырлық танытып. Ер қамымен,  ел қамын ойлап отырған аналардан айналғын келеді.

Бір мақала шеңберінде жерлесіміз, белгілі журналист, публицист, кезінде 1937-1938 жылдардағы жазықсыз жаланың құрбандары туралы мақалаларымен елді елеңдеткен Армиялдың халыққа жария еткен еңбегіне толықтай тоқталып өту мүмкіндігіміз жоқ. Десе де оның «Жан дауысы» повесінде жарияланған «Олар 19 еді» деген мақаласындағы еліміздің бетке ұстар кеңес, партия қызметкерлерінің, ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілдерінің 19-ның бір түнде атылып, мәйіттерінің қаптарға салынып, машинаға тиелініп, жасырын түрде Боралдай маңындағы жергілікті халық «Қанды сай» атап кеткен өзекке әкелініп шала-пұла көміп тастағандығы сөз болады. Патша өкіметінің отаршылдық саясатының жалғастырушысы Кеңес үкіметі екендігі осыдан көрінеді. Болмаса осы маңда 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Бекболат Әшекеевті дарға асқан жерге репрессия құрбандарын әкеліп шала жерлеп тастауды кімнің ойына келеді, кім қайдан біледі. Армиял бұлтартпас дерек ретінде 1938 жылы 22 наурызда «Социалистическая Алма-Ата» газетінің №6 санындағы шыққан 19 азаматтың аты-жөнін келтіреді. Айыпталушылардың істерін 1938 жылдың 6-12 наурызында жабық қараған КСРО Жоғары Сотының көшпелі Әскери сессиясы 19 адамды ең жоғары жаза - өлім жазасына кескен. Үкімде таққан айыптары «Отанына опасыздық жасаған», «Қазақстанды КСРО-дан бөліп шетелге кіріптарлыққа салмақ болған», «зиянкестік бүлдіру әрекеттерін жүргізген», көп тіл білгендерді «жапондардың шпионы», «неміс тыңшысы» деген сияқты жасанды жалалар еді.

Кейінгі кездерде қаншадай адам атылып, қай жерлерге көмілгендігі туралы мәліметтер айтылып та, жазылып та жатыр. Адам жадысын сөндіруге билік басындағылар қаншама тырысса да бойында жан баласына деген мейірі, аяушылық сезімі бар кісілердің көңілінде өткендегі өкініштерін айтпай қалмайтын жағдаяттар болады. Бұл күндері о дүниелік болып кеткен, жаны тынып, жұмақтан орын тапқан сондай жанның бірі, 30 жыл бойын қорқыныш билесе де тәуекелге барып шындықты айтып кеткен 1938 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Шақпақ Артықбаев екен. Армиял Тасымбеков 1938 жылдың наурызында ату жазасына кесіліп кеткен Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған Сүлеймен Есқараевтің ұлы Маратты іздеп тауып, толқыған жан дүниесін түсіне біліп, суыртпақтап отырып сол жылдардың шындығына жетеді. Марат Сүлейменұлы әкесі тұтқындалғаннан кейін көп қиындықты басынан өткерсе де, әкеге деген сағынышы оның сүйегі жатқан жерді іздеп табуға жетелеген. 1966 жылдың жазында Мараттың әкесін жақсы білетін Шақпақ ақсақал Боралдай маңындағы жалалы болып атылып, құпия жерленген азаматтардың ішінде Мараттың да әкесі барын айтып, ертіп алып  олардың белгісіз жатқан жеріне апарады. Шақпақ ақсақалға бұл сұмдықты НКВД баскесерлерінің күштеуімен мәйіттерді машинасымен осында тиеп әкелген оқиғаға тірідей куә болған шофері Айтжан айтқан екен. Айтжан да жанын шүберекке түйіп, бір жағы әділетсіздікке шыдамай бастығы Шақпаққа айтып, ол кісі тәуекелге бел буып, екеуі ер-азаматтардың көмілген жерін түнделетіп келіп көріп, белгі қойып кетіп, «халық жауы» болып ұсталып, содан 10 жылдан соң әрең еліне оралған. Ал шоферінің өзі біраз күннен соң жоқ болып кетіпті, шамасы мәйіттердің апарылғанын көрген адамның бірі болғандықтан ұстап кеткен. Әлдеқалай, кейін заман өзгерсе, жауапталсақ ісімізге көзі тірі куәгер болады деп көзін жойған сияқты. Мараттың айтуы бойынша адам сүйегі қурайша шашылып қалған Боралдай сайының бойына бүккен қанды сырын халыққа ашып берудегі Армиялдың азаматтығы оның әділеттің ақтаушысы қызметінде болғандығын білдіреді. Мақаладағы айтылған мәселелердің түп-төркіні шындап келгенде Сталиннің  тап күресі туралы саясатының адам баласына қарсы жүргізілгендігінің ақиқатын ашады. Оның ішінде Қазақстанда өз билігін мойындата отырып оны нығайту мақсатында жүргізілген қуғын-сүргінге ұшыратудың соңы ұлт жақсыларын түгелдей атуға ұласқандығын көрсетеді. Армиял олардың артында қалған әйелдері, балалары, туған-туыстарының: «Бізді жазалағандар сыбағасын алмай жүр. ...Жо-жоқ, сазайын тарту керек, сазайын. Екі қолын жылы суға малып отыр олар» деген сөздері  арқылы қазіргі үкімет басқарып отырған биліктегілерге сауал тастайды Кезінде халықты мыңдап «халық жауы» атандырып құғындаған адамдардың, соттардың, прокурорлардың, жалақорлардың, тергеушілердің, әртүрлі лагерлердің бастықтарының, түрме қарауылдарының, т.б.есімдері неге жарияланбайды дейді.

Армиялдың өзі мынандай оқиғаны келтіреді. Сол кездердегі «халық жауларымен» жұмыс атқарған кездегі қызметтеріне өкініш білдіре ме деген мақсатпен лауазымды қызмет істеп дербес зейнетке шыққан адамдармен сөйлескен. «1937 жылғы оқиғаларды еске түсірдім. Бүкіл баспасөздегі көтеріліп жатқан мақалаларды куәлікке тарттым. Репрессияға ұшырап ақталғандардың сала құлаш тізімін жатқа айттым. Олардың отбасына келген зобалаңды түсіндірдім. «Жоқ, – деді ол ашулы кейіппен, – «халық жауы» болғаны рас, біз оны аямай жазалағанбыз, сен антисоветщиксің», – деп менен бойын аулақ салып ел арасына сіңіп кетті. Анау өңіндегі ызғарды 1937-1951 жылғы жазаға ұшырағандар да көрген шығар деген ой келді маған» (Жан дауысы. 1994 ж. 25-бет) дейді. Осындай сұрақтарды қойып жүріп Армиялдың өзі де талай теперішті басынан кешті. Тыныш өміріміздің берекесін кетіргелі жүр деген бұрынғы репрессия жүргізгендердің тірісінің нұсқауымен Шолақай ауылында мұғалім болып жұмыс істеп жүргенде (1986 жылдары) құжаттарын өртеп кетсе, Москваға кездесуге  барып қайтар сапарында темір жол вокзалында белгісіз біреулер соққыға жығып, талдырып кеткен. Бұл әңгімені Армиял 1980 жылдары Сарыбел ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, әрі класс жетекшілік жасаған оқушыларымен кейін 1990 жылы онжылдық кездесуге келгенде айтып беріпті. Ол кезде Политехникалық института лекция оқып жүрсе керек. Оқушылары ашық мінезді, көрген білгенін жасырмай айтып беретін, жаны жайдары, домбыра шертіп, баянда еркін ойнайтын, гитарамен ән салатын өнерпаз ағайларын сағынышпен еске алады.

5 бетке - Армиял - фото.JPG

1937-1938 жылдардағы органдарда қызмет атқарған өз істерінен өздері қуыстанып жүргендердің қалдығы Армиял жоғары оқу орынында – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінде дәріс оқып жүрген кездерінде де әртүрлі желеумен мазасыз алып, тынышын кетіріп отырған сияқты. 1999 жылы мамыр айында бұрынғы ағалары мен апалары сияқты нақақтан күйе жағылып, қамалып та шыққан. Көптеген көрген қыспағын көтере алмаған Армиял сол жылдың тамыз айында қайтыс болды. Елуге де жетпей өмірден ерте озуына да сол ізін аңдыған сұмырайлардың тепкіні болмаса да екпінінің салқыны ұрды ма деп те ойлайсың...

Қазақ халқының басынан өткен құғын-сүргін деп аталған, тікелей бір ұлтқа қарсы әдейі бағытталған геноцид туралы материалдар тың деректермен, мәліметтермен, естеліктермен толығуда. Бұған шетелдік тарихшылар да мақалалар жариялап өз үлестерін қосуда. Армиялдың жазбаларында болашақта өткен күндердегі Кеңестік биліктің кінәсіз адамдарға қарсы жүргізген әділетсіз азаптарының беті ашылып, оны ұйымдастырушылар мемлекеттік деңгейде айыпталып, оларға халық атынан үкім шығарылып жазаланады деген ойлар бар. Ал, оның бұл мәселерді көтеріп жарыққа шығарған  кезінде әлі Кеңес өкіметі өмір сүріп тұрған еді. Жариялылық ұраны көтерілсе де жоғарыдан бастап төменгі дейінгі деңгейдегі партия, кеңес органдарындағы кадрлардың көбі қоғамның өзгеруін қаламайтын кертартпа өмірдің өкілдері болатын. 1920-1921 және 1931-1933 жылдардағы еріксіз ұжымдастырудың салдарынан болған аштықтан халқының тең жартысынан айырылған елге өте қиын тиді. 1937-1938 жылғы «халық жауы» деп жаппай жазалау тәртібі ел еңсесін түсіріп, еркін ойлауды тұншықтырып тастады. Қазақстан егемендікке қол жеткізгеннен кейін ғана жоғарыдағы айтылған құпиялық белгі салынған «ақтаңдақтарды» анықтау қолға алынып 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай құғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Осы салада талай толымды жұмыстар атқарылды десек те халықты қанымен тұншықтырып жүргізілген әр жылдардағы қырғынның ара жіктері ашылып, сараланбапты. Әлі күнге дейін толық аяқталмаған 1920-1990 жылдарға дейін құғын-сүргін құрбандарын анықтау, ақтау т.б. жұмыстарды жүргізу үшін  ҚР Мемлекеттік хатшысының тапсырмасы бойынша ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының 2020 жылғы 25 ақпандағы бұйрығымен құрылған жұмыс (сараптама) тобы әзірлеген «Қазақстандағы саяси құғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси жағынан толық ақтау» Тұжырымдамасымен толық танысып шықтым («Жас Алаш».28 мамыр. 2020 жыл, №40). Төрт бөлімнен тұратын Тұжырымдама ғылыми  ұжымдық жұмыстың нәтижесі болғандықтан барлық кезеңдерде құғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың заңды түрде ақталуының қалай жүргізілетінін көпшілікке түсікті етіп берілген құжат. Мұнда  Тұжырымдаманы түзген 30-ға жуық қоғам қайраткерлерінің есебі бойынша 20-дан астам санаттан тұратын («Жас Алаш». 2020 ж. 26 мамыр) Қазақстандағы саяси құғын-сүргінге ұшыраған құрбандарының 5-6 санатына жататындары ғана ақталып, қалғандарының сеңі бұзылмай тұр делінген. Кеңестік жазалау шараларының шындығын ашуға талпыныс жасағандардың бастауында тұрған азаматтардың алдыңғы сапында Армиял да тұр. 1980-ші жылдары зерттеу жұмыстарын бастаған кезінде-ақ осы заң актілерінің жоқтығына наразы екендігін сездірген болатын.

Міне ол көксеген жаппай жазалы болған халқының толықтай ақталатын күндері де келіп жетті. Сөз басына оралсам, көз алдыма тоқсаныншы жылдардағы Алматыда кездескен кездегі ашық-жарқын жүздерін, екеуінің қолдарына алған істерінің ойларынан шыққан шақтарындағы қанағат күйге түскен сәттерін келтірдім. Иә, екі азамат, екеуіде есімдері ел ауызынан шығатын айтулы тұлғаға айналды деуімізге болады. Әйтседе көңілді бір түйткіл мазалайды. Аяған сияқты аяулы азаматын туған жеріндегі халқы атын аспанға көтере дәріптеді. 2012 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінің» 28 қарашадағы номеріне «Аяған» деген атпен Өмір Есқалидің көлемді мақаласы жарық көрді. Журналист «Қазақ киносына қосқан үлкен үлесі, кинорежиссурада өзіндік орны бар Аяғанды туған ел-жұрты «Алжир» публицистикалық-деректі туындысы мен Халықаралық жүлделерді иеленген қазақ киносының алтын қорына қосылған «Жансебіл» көркем фильмі арқылы біледі» деп барынша толғаған. Аяған Шәжімбаевтің 60 жылдығы кеңінен атап өтіліп, есімі ерекше ұлықталды. Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Явленко кентіндегі қазақ орта мектебіне есімі беріліп, Петропавл қаласындағы бір көшеге аты қойылды. Халқына өмірден өткенінше қызмет еткен азаматты елі есінде ұстайды. Түйсігімді мазалаған түйткіл Армиял есімінің еш жерде аталмауы. 30 жылдардағы қызылдар қырғынын жазып жар салған сол емес пе?! 1937-1938 жылдардағы саяси  қуғын-сүргін құрбандары, олардың азапты өмірлері туралы сериалы мақалалар жазып ел құлағын елең еткізгендердің алғашқыларының бірі емес пе еді?! Архивтік материалдарды көзінің жанарын сауып сарғайған сары тігінділердің арасынан патша отаршылдарына қарсылық көрсетіп, одан қудаланды болып Қытай жеріне ауған, қазағым деп туған Алаш үкіметінің әскерлерін Алтынемел асуында қарсы алып оларды азық-түлікпен, күш- көлікпен қамтамасыз етуге ат салысқан Жаркент өңірінің атақты адамы Мұқа болыс (Ғ.Байнөсеров. «Тегіңді ұрпақ ұмытпа». «Жаркент айнасы. №10. 27 мамыр, 2020 жыл.) туралы алғашқы деректі тауып жариялаған сол Армиял неге бұл күндері ел жадынан ұмыт қалды? Армиял жөнінде туған ауылының азаматтары сөз айтпайды. Күні кеше 31 мамырда саяси құғын-сүргін құрбандарын еске алу шаралары болып өтті. Мұнда да ол жөнінде ештеңе айтылмады. Біздер жерлестері үлкен әріппен АЛАШТЫҢ АРМИЯЛЫ деп оның  есімін жаңғырту жөніндегі мәселені төтеннен бастауымыз қажет сияқты. Бүгінгі күніміз өтіп бара жатқан біздер үшін емес, келешектегі ұрпағымыз «ағалар, мынандай азаматымызды ұмыт қалдырыпсыздар, ел үшін еңбек еткендеріңіз осы ма? Ел үшін еңбек еткен ерлеріңізді атаусыз қалдырыпсыздар» деуі мүмкін. Кешегі күндері өзі жазып қалдырған от пен судан өткен аяулы аналарға жасаған өлшеусіз еңбегі үшін Жаркент қаласының бір көшесіне Армиял Тасымбековтың есімін беру – парызымыз.

P.S. Менің бұл ойымды Армиял есімін есте қалдыруға мүдделі болып жүрген кешегі өзінің оқытқан шәкірттері, жора-жолдастары, көкірегі ояу, көңілі сергек азаматтардың, тіпті аудан жұртшылығының қолдайтынына сенемін. Ертелі-кеш бұл көшемен өткен ел, халық басына қасірет әкелген  «Ақтаңдақ», «Нәубет», «Қуғын-сүргін» сияқты зұлмат кезеңдердегі ерлердің есімін ұлықтаған Армиял Тасымбековты есіне алып жүреді.

 

Молот СОЛТАНАЕВ,

«Жаркент айнасы»

газетінің Бас редакторы.



Ұқсас тақырыптар