Ел экономикасын әртараптандыру - көп мәселенің шешімі болмақ

Сарапшылар ел экономикасын әртараптандыруды Жаңаөзен мәселесінің шешімі ретінде қарастырады.  Яғни, билікке талап қойған жергілікті тұрғындардың барлығын мұнай саласында жұмыспен қамту мүмкін еместігі түсінікті. Оның орнына экономиканың өз салаларына да мән беру құпталады. Сол арқылы өңірде еңбек ұтқырлығын арттыруға да болады.


g5FMEi8H.jpg


Нәтижесінде  бұл қадамдар мұнай компанияларына жұмысқа алуды талап  етушілердің қарасын азайтып, керісінше оларды шағын және орта бизнеспен айналысу, солтүстікке көшу сияқты үрдістің алғышартына айналмақ.


Сарапшы Айбар Олжаев өз фейсбук парақшасында өңірдегі халық санының артып бара жатқанына назар аударады. «Бірер жылдан кейін Қазақстанда атом бомбасы пайда болады. Оның аты – Жаңаөзен. Әрекетсіздік - бүкіл Қазақстанды қақ айыратын жарылысқа алып келеді. Сондықтан, осы жүйелі проблеманы қазір шешу - ең күттірмейтін тапсырма. Соңғы 10 жылда Маңғыстау облысындағы халық саны 77 пайызға айтқан. Облыста ішкі демографиялық өрлеу бар және 2000 жылдан бері көршілес елден миграция процесі белсенді жүріп келеді. Дәл осы кезде, біз облысқа республикалық бюджет субвенциясының бәлендей өспегендігін көреміз. Маңғыстау - орталық бюджеттен ең аз ақша алатын 3 облыстың бірі (Ұлытау, Павлодар, Маңғыстау). Биыл оған 121,9 миллиард теңге қарастырылған» - деп жазады, сарапшы.


Шынымен де мұнайлы өлкеде халық саны үздіксіз артуда. Мұнда әсіресе Түркіменстан мен Өзбекстаннан келетін қандастардың үлесі басым. Ал ондағы экономикалық даму кенжелеп барады. Инвестицияға қаржы жетіспейтіні байқалуда. Сарапшының жазбасы да, біздің осы пікірімізді дәлелдейді.


«Республикалық бюджет халық санына қарап бөлінеді деген принциппен алып қарасақ, Маңғыстауға қатысты әділетсіздікті байқаймыз. 2023 жылдың наурызында Қазақстан халқының саны 19,7 миллион адам болды. Оның ішінде Маңғыстауда 766,9 мың адам тұрған. Бұл ретте, осынша халқы бар Маңғыстауға 121,9 миллиард теңге бөлінсе, одан халқы аз Шығыс Қазақстан облысына (730 мың тұрғын) 233,3 миллиард теңге, Солтүстік Қазақстан облысына (534 мың тұрғын) 306,2 миллиард теңге, Жетісу облысына (698,6 мың тұрғын) 338,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл "Маңғыстауда мұнай бар, өздері разберутся" деген ескі принциптің әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқанын аңғартады. Дәл осы принцип үлкен жарылысқа алып келе жатыр. Себебі, қазір Маңғыстауда бар мұнай - болашақ проблеманың ошағы. Өзен, Қарамандыбас, Қаражанбас кеніштерінің жасы кем дегенде 50 жылға толды. Олар өздеріндегі бар қордың шамамен 70 пайызын сарқыған және жыл сайын олардан мұнай шығару қиындай түспек. Бұл ретте, өңірде жаңа геологиялық барлау жұмыстары бойынша белсенділік байқалмайды. 2021 жылы жарнамасы жер жарған, жаңадан ашылған Тепкедегі кеніш проблеманы шешпейді. Себебі одан алынатын мұнай запасы 10-15 миллион тоннаның шамасында. Бұл тым аз», - делінген, Айбар Олжаевтың жазбасында.


Мұндай жағдайда сервистік компаниялар жоғары жалақы төлеуді талап ететін жұмыс күшін ұстап отыруға анау айтарлықтай құлықты болмайтыны түсінікті. Оның үстіне ел арасында Жаңаөзендегі мұнай компаниялары кеніштерді игеру ісін жетілдіруден бұрын көші-қон есебінен ұлғайған халықтың талабымен бас қатырып жүр деген де пікір жиі айтылады. Нақтырақ айтқанда өңірге сырттан келгендердің кейбірі 700 мың теңге жалақыны азсынып, мемлекеттен үнемі айлықты, жәрдемақыны, әлеуметтік төлемді арттыруды талап ететін көрінеді. Олардың арасында арнайы орта және жоғары білімі барлардың үлесі аз екенін ескерсек, бұл талаптардың қаншалықты орындылығын түсіне беруге болатындай.


Демек жауаптыларға дәл қазір алаңда ұрандатып жүргендерге жоғары жалақы төленетін жұмыс тауып беруді ойластырғаннан бұрын «Маңғыстауда мұнай біткен соң не болады?» деген мәселеге бүгіннен бас қатырған ұтымды болмақ.


Сондықтан сырттан келгендердің табысын арттырып, тұрмысын түзетудің енді бір мүмкіндігі ретінде оларды  бизнес ашуға, қатардағы жұмысшы ретінде экономиканың өзге кластерінде еңбек етуге баулу қарастырылғаны жөн. 


Қысқасы Жаңаөзен мәселесін жалғыз облыс әкімдігіне, ондағы ірілі-ұсақты мұнай компанияларына артып қоюға болмайды. Себебі бұл мәселеген Үкімет деңгейінде кешенді көңіл бөлінбесе бәрі де бекер секілді.



Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар