Дүниежүзіне танымал «Х-фактор» музыкалық шоуының Қазақстандағы жетінші маусымы басталғалы бірнеше айдың жүзі болды. Бұған дейін жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтау үшін қазылар алқасының мүшелері Нағима Есқалиева, Нұрберген Махамбетов, Ділнәз Ахмадиева бастаған шығармашылық ұжым Қазақстанның ең ірі қалаларын аралап, бойында табиғат берген дарыны бар, өнерлі жандарды іріктеп алды. Бірнеше кезеңді артқа тастаған мегажоба тікелей эфирде өтетін есептік концерттерге де келіп жетті. Өзара тартысқа түскен қатысушылардың ішінен тоғызы сайдың тасындай іріктеліп, апта сайын тікелей эфирде бар өнерін ортаға салып, жеңіске жеткізер межеге қарай қадам басады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы ең ірі телевизиялық вокалдық шоудың жетінші маусымында жеңімпаз атанатын өнер иесі бас жүлде – 7 миллион теңгенің чегін иеленіп, үлкен сахнаға жолдама алады. Араға 7 апта салып, финалда бас жүлдені жеңіп алып, өнер кеңістігінде жұлдызы жанатын тағы бір өнерпаздың есімін білетін боламыз. Ал бүгінгі таңда 7 миллион теңге мен бүкілхалықтық танымалдылық үшін таласқа түсіп жатқан қатысушылардың саны – 8.
Жансұлтан Жұмағалиев, 25 жаста, музыкант. Әкесі композитор, жастайынан музыканы бойына сіңіріп өскен жігіт әке жолын қууға бел буған. Қазіргі таңда музыкадан сабақ береді.
«Вкураже» тобы. Рустамбек және Марат есімді павлодарлық жігіттер заманауи стильде ән салады. Өткен кезеңдерде заманауи ырғақтарымен көрерменнің көңілінен шықты.
Еламан Аяғанов, 22 жаста. Кәсіби музыкалық білімі болмағанымен, өнерді жүрегімен сүйетін жігіт өзін тек сахнада елестетеді.
Дильнура Біржанова, 16 жаста. Астаналық қыз 6 жасынан бастап ән айтып, соңғы 4 жылда музыкамен кәсіби түрде айналысып жүрген жайы бар. Өне бойы өнер деп тұрған Дильнура сахнада өзін суда жүзген балықтай сезінеді.
Әділхан Макин, 23 жаста. Заңгер мен әскери қызметкердің отбасында дүниеге келген Әділхан өзінің орны сахна екенін балабақша қабырғасында-ақ түсінген. Жас жігіт жобада жеңсем, үйленем деп уәде берді!
«Twice» дуэті. 15-16 жастағы Полина және Наташа есімді қыздар байқаудың ең жас қатысушылары екеніне қарамастан, аса табанды, өздеріне деген сенімділігі мол ашық-жарқын қыздар. Өткен кезеңдердің бірінде «Кешью» тобының «Ризамын» әнін қазақ тілінде мінсіз, нақышына келтіріп орындап, өз тәлімгерлері Нағима Есқалиеваны тәнті еткен болатын.
«IN CORO» квартеті. Ағайынды Абдуллиндер атындағы Өнер училищесінде білім алып жүрген 17-19 жастағы өскемендік жігіттер тележобаға үлкен үмітпен келді.Бір бірін ести, тыңдай білетін өнерпаздар топ құрамында үйлесімді өнер көрсетіп жүр.
Ерлан Байбазаров, 28 жаста. Музыкамен кәсіби түрде айналысатын жігіт өзін өнерден басқа салада елестете алмайды. Ал аталмыш байқау ол үшін тынысын ашатын, үлкен мүмкіндіктер алаңы.
«Х-фактор» жобасының қалған 8 финалисті бас жүлде үшін күреске дайын. Олардың әрбірі бала кезінен киелі сахнаға шығып, адамдардың жүрегіне жылу сыйлайтын әнді шырқауды армандады!
Олардың жоба аясындағы бұдан былайғы тағдыры халықтың, қалың көрерменнің қолында. Тәлімгерлер дауыс беруге араласа алмайды. Сенбі сайын тікелей эфирде жүретін концерт барысында көрермендер өздеріне ұнаған әншіге дауыс беру арқылы өзі қолдау білдірген өнерпазды жеңіс тұғырына шығара алады.
Алдағы сенбіде телевизиялық шоудың қатысушылары ұлты мен ұлысына қарамастан, бірыңғай қазақтың ең әдемі әндерін шырқайды. Ендеше, қалың көрерменнің алдына үмітін үкілеп шыққалы отырған өнерлі жастарға қолдау білдіріп, белсенді түрде дауыс берейік!
«Х фактор» жобасының тікелей эфирде өтетін концерттерін сенбі сайын Еуразия бірінші арнасының эфирінде сағат 19:15-те және 23:30-да тамашалай аласыздар!