Қыран құс туралы білеміз бе?

5.jpg


Қыранның аяғы мен тұмсық сыны. Құстың аяғы мен тұмсығын: ақ аяқ-ақ тұмсық, көк аяқ-көк тұмсық, сары аяқ-сары тұмсық деп үшке бөледі. Оның сыртында қызыл аяқ-қызыл тұмсық бүркіттер де кездеседі. Осы қызыл аяқ-қызыл тұмсық бүркітті тек сәндік үшін ұстамаса, аңқағар қыран құс қатарына жатқызбайды. Тіпті көптеген құсбегілер қызыл тұмсықтыларды бүркіт нәсіліне қоспайтын кезі де бар.

Ақ аяқ-ақ тұмсық құстардың тұм­сығы жылмағай майда, жылтыр, тұмсық сырты мен аяқ терісі ақшыл келеді. Көк аяқ-көк тұмсық құс­тардың тұмсығы мен аяқ терісі көгілдір көрінеді. Сары аяқ-сары тұмсық құстардың тұмсық мүйізгегі мен аяқ терісі күлгін қызылданып әдемі көрінеді. Көк аяқ-көк тұмсық құс негізінен қыран келеді. Сары аяқ-сары тұмсық бүркіттер бапшыл келеді, некен-саяқ болмаса көбі қыран бола бермейді.

Бұдан басқа қазақ құсбегілері құстың аяғын: арық аяқ, оймақ аяқ, үкі аяқ, теріс аяқ деп те бөледі.

Арық аяқ – құстар сидамша сер­ке сан болады. Мұндай құстардың аяғы етсіз сыйдам және жарақатқа төзімді келеді.

Оймақ аяқ – құстардың саусақ-тырнақтары барбиған етті, көзге бақалдау көрінеді.

Үкі аяқ – құстардың жембасары­ның арасы жақын бітеді, саласы қысқа болады. Бұндай құстар арық аяқты құстарда да кездеседі.

Теріс аяқ – құстарды кейбір құс­бегілер қысқаш аяқ деп те атайды. Теріс аяқ құстардың шеткі жемба­сары алшақтау, жақтауы ашылған қысқаштай жайылып, теріс қарап тұрады. Бұл – құстың өте қуатты күштілігінің белгісі.

Бұлардан басқа бүркітті аяқ те­рі­сіне қарап бұжыр аяқ және жарғақ аяқ деп бөледі.

Бұжыр аяқ – құстардың аяқ те­рісінің сырты қышырлы бұдыр­ланып, қолмен сипағанда түйіршік бедері анық ілініп тұрады. Бұжыр аяқ құстар жаман болмайды, бұл да – құстың қырандығының басты бір өлшемі.

Жарғақ аяқ – құстың сирақ терісі жылмағай жылтыр, сыйдам бітеді. Бұл – құстың салымсыз­дығының белгісі. Сондықтан «жар­ғақ аяқ жарылтпас» деген сөз бар.

Қыранның санына қатысты сын. Құстың арық-семізі, яғни қоңы оның сан етімен өлшенеді. Ұябасарлардың сан еті әдетте бір тұтамнан артық болса, сарша бүр­кіттің сан еті бір тұтамнан аспайды. Қарымды қыран құстың санына салалы саусақтың тұтамы екі елі жетпей тұрады. Бүркіттің аяқ сау­сақтары тұғырда отырғанда бүріс­пей, арасы алшақ шаршыланып тұрса, тегеуірі мен жембасары адамның бармағынан жуан болса, ол өте қуатты құс. Аяғы кішкене құс алғыр болмайды.

Сан еті біркелкі сыйдамша құс­ты серке сан дейді. Сан етінің то­лар­сақтан жоғары жағы домалақ­танып тұрса, ондай құсты шоқпар сан деп атайды.

 

 6.jpg

 

Қыран-тұяқ

Бүркіттің оң аяғы:

А – тегеуірін, Ә – жембасар,

Б – сығым, В – шеңгел.

1. Тұяқ, 2. Пышақ, 3. Көбе,

4. Без, 5. Табан, 6. Табан қышыры, 7. Болат, 8. Аяқ қабыршығы.

Сурет этнограф-зерттеуші Ж.Бабалықұлының еңбегінен алынды

Қыранның тырнақ-тұяқ сыны. Бүркіттің әр саусағының үстіңгі қырында тізілген маржан тастары болады. Тасы көп болған сайын жақсы. Осы маржан тастарына қарап құсбегілер бүркітін «үштасты құс», «төрт тасты құс», «бес тасты құс» деп атайды. Әсіресе, жем­басарынан кейінгі саусақтың үстіңгі маржан тастар бүркіттің сапасын анықтайды. Кейбір құсбегілер маржан тасты болат тас деп те атайды.

Керемет қанды көз қырандар­дың тасы төрт саусақтың үстінде әрбірінде төрттен, жиыны он алты тасы болады. Егер ортаңғы сауса­ғында ғана төрт тас болып, қалған саусақтарында үштен ғана тас болса, ондай құсты әурелемей, аяқ бауын ағытып қоя берген жөн. Құс­тың аяғындағы тастары қанша­лықты кесек, тастың астындағы тері қаншалықты көксауланған қатты болса, құс сапасы соншалықты жақсы екенін білдіреді. Тасы ұсақ құс онша қыран болмайды.

Құстың тұяғын – жирен тұяқ және қара тұяқ деп екі түрге бөледі. Қазақ бүркітшілері айтатын: «Жи­рен тұяқ жібермес, қара тұяқ қай­тармас» немесе «шеге тұяқ құлтабан, шеңбер тұяқ ұлтабан, сырға тұяқ майтабан» деген сындарына қарап құсты тырнақ-тұяғына қатысты ­ жіктеуге болатынын аңғарамыз.

Бүркіт мейлі жирен тұяқ бол­сын, мейлі қара тұяқ болсын, тұя­ғының түбі жуан, ұшы жіңішкеріп, үшкірленіп бітсе, ортаңғы жем­басары қалың әрі сол жағына жа­бысқан жалы қырлы өткір, шымыр, қысқа, томары шытты болса, ондай құсты шеге тұяқ құлтабан деп атайды.

Тұяғы салалы, доғасы тыныстау, жем­басары етті, бедерлі келсе, шең­бер тұяқ ұлтабан делінеді. Бұл – қыран құсқа қойылатын басты өл­шемдердің бірі.

Қыранның мамық жүнінің сыны. Бүркіттің жүні негізінен екі түрлі болады. Біріншісі – терек жа­пырақ. Мұны кейде алма жапырақ, тораңқы жапырақ деп де атайды. Бұл түрдегі бүркіттердің пошымы дөңгелек пішінді болып келеді.

Екіншісі – тал жапырақ. Бұл құстың дене пошымы ұзынша бо­лады. Бүркіттің жүні қалың болса, суыққа төзімді келеді. Жүні қысқа әрі тақыр бүркіт – тоңғақ. Яғни, етін ояздатып қайырғанда суықты көтере алмай қиналады. Жалпы, жүні тақыр құстан шыққан қыран­ның алымы жүні қалың құстан шық­қан қыран­нан төменірек болады.

Балапан күнінде бүркіттің қап­тал жүндері үшкіл тал жапырақты болады да, түлек сайын үшкілдері доғаланып, дөңгелек теңге жапы­раққа айналады. Жапырақ жүндері бірінің үстіне бір қаттасса бітсе, мұны құсбегілер «қарға жүнді қат­тасым» деп әспеттейді. Ал жүндері қалың, түсі үйрек жүндей құбылып тұрса, мұны «үйрек жүнді үттесім» дейді.

Бүркіттің желке жүні оның біті­міне лайық жаратылады. Алайда желке шудасы қалың, жүндерінің ұшы ине сабақтайтындай үшкір болса, алғыр қыран болғаны. Егер, желке жүні қысқа, ұшы доғалдау болса, ол сынға онша тола қой­май­тын құс. Желке жүні қалың құстар көп бап тілемейді. Нашар бүр­кіттердің жүні қарға жүнді өлгек болады.

Қыран құстың сыртқы жүнін сыйпағанда сусылдаған қатқыл дыбыс шығарып, ажарланып тұра­ды. Ондай болмаса, өлқая, жасық құс есептеледі. Кейбір құстардың жүні қайратты болғанымен, қабыр­ғасындағы кемер жүндері бір ыңғай, артына қарай жатаған бітсе, ол өлермен қыран болмайды. Тораңғы жапырақ жүнді құстардың қабырға жүндері алдына қарай қарсы бітсе, ол нағыз қанды көз қыран болғаны.

Бекен Қайратұлы,

Этнограф

Айқын газеті


Ұқсас тақырыптар