A'Studio тобы Алматыда үш концерт береді

7.jpg


Аңызға айналған алматылық A'Studio тобы өзінің 30 жылдық мерейтойына орай, Алматыда концерт береді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Музыка күші» деп аталатын шоу Республика сарайында 25-27 сәуір күндері өтеді.

«Бұл атауды таңдауымыз тегін емес, біздің музыкамыз ғаламшардың басты сұрапыл күштерін біріктіреді. Көрермендер от, су, жел және күн қуатын көріп қана қоймайды, сезінеді. Мұның барлығы интерактивті технологиялар мен сахна безендірудің жаңа тәсілдері арқылы жүзеге асырылмақ. Артистер және бишілермен бірге, көрермендер де шоу қатысушыларына айналады. Шын мәнінде нағыз шоу болғалы тұр.  Біз 90-жылдары хит болған әндер мен жаңа туындыларымызды айтамыз. Сонымен бірге, өмірден өтіп кеткен достарымыз - Батыр, Бағлан Сәдуақасов және Болат Сыздықовқа арналған арнайы бөлім болады», - деді топ жетекшісі Байғали Серкебаев Алматыдан өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ол концерттік алаңды да әдейі таңдап алғандарын жеткізді.


8.jpg


«Республика сарайымен бізді көп нәрсе байланыстырады. Ертеректе Ленин сарайы аталып тұрғанда,  мұнда студиямыз болған. «Арай» тобы атанып жүргенімізде роза Рымбаевамен бірге дайындалатынбыз. Бұл ғимарат біздің туған үйіміздей көрінетін. Бұл сарайдың әр бұрышын жатқа білеміз. Ал №303 бөлмеде Батыр екеуміз «Джулия» әнін жазғанбыз, сөзін Володя Миклошевич жазып берді. Сондықтан, бұл орын біз үшін өте ыстық. Концертті қайда өткіземіз дегенде ойланбастан, Республика сарайын таңдадық», - деді Б. Серкебаев.

30 жылдық мерейтойға арналған турне 10 сәуір күні Екатеринбург қаласында басталды. Алматыдан бөлек, бұл шоу Мәскеу, Санкт-Петербург (Ресей), Таллин (Эстония), Резекне (Латвия) қалаларында өтеді және соңғы концерт желтоқсан айында Минскіде (Беларусь) қойылады.



Ұқсас тақырыптар