Қазақтың күйлері Мысырда күмбірледі

6.jpg

2018 жылғы 1-4 маусым аралығында Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының «Ақжелең» фольклорлық ансамблі Мысырда өтіп жатқан «Рамазан кештері» атты халықаралық мұсылман халықтарының фестиваліне қатысты. Іс-шара барысында қостанайлық әртістер Каир және Даманхур қалаларының опералық театрларында концерт қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Халық аспаптарынан құралған ансамбльдің өнерін мысырлық өнерсүйер қауым ықыласпен тыңдады. Қазақ музыкасының үлкен мұрасы - күйлеріміз  жұртшылықты таңғалдырды. «Ақжелең» ансамблі Қорқыттың қобыз сарындары, Құрманғазының күйлері, Сүгір мұралары сияқты халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан әуендерін жоғары деңгейде орындай отырып, қазақ мәдениетінің жасампаздығын араб қауымына паш етті.

Концерттер Мысыр теледидарынан тікелей эфирден көрсетілді және бірнеше рет қайталанып берілді.

7.jpg

Сонымен қатар, «Ақжелең» ансамблі мысырлық «Ніл-Мәдениет» телеарнасының тікелей эфирінен «Бас қосу» атты үш сағаттық бағдарламасының қонағы болды. Елші Арман Исағалиевтің еліміздің саяси-экономикалық жетістіктері, Елбасының бастамалары, Қазақстан мен Мысыр арасындағы екіжақты қатынастар туралы берген сұхбатымен басталған іс-шарада қостанайлық өнерпаздар көрермендерді домбыра, қобыз сияқты халық аспаптарымен таныстырып, түрлі күйлерді орындады. Сонымен қатар, күйлердің қызықты хикаялары баяндалды.

Іс-шара барысында қазақ әдебиетіне де назар аударылды. «Көшпенділер» трилогиясын аударған профессор М.Рияд және «Моңғол қызы», «Алжир» атты романдардың авторы мысырлық жазушы М.Халим сөз сөйлеп, қазақстандық мәдениет бойынша ой-пікір алмасты.

«ON Live» арнасының таңертеңгі «Sabah ON» бағдарламасында «Ақжелең» ансамблінің мүшесі Ыбырай Есжанов қонақта болып, көрермендерді қазақ домбырасының ерекшеліктерімен таныстырды. «Ақсақ құлан», «Көңіл толқыны» және т.б. күйлерді керемет орындап берді.

Жалпы алғанда, «Жаһандық әлемдегі қазақстандық заманауи мәдениет» жобасының шеңберінде іске асырылған іс-шара табысты өтті. Басқа халықтардың мәдениетінде кездеспейтін қазақ ұлтының аспаптық пьесасы болып табылатын «күй» жанры мысырлық қауымды таң қалдырды. «Ақжелеңнің» өнерпаз әртістері орындаған музыкадан әсер алған Мысыр халқы қазақ мәдениетімен одан әрі танысуға ниетті.



Ұқсас тақырыптар