Үржарда бүркітшілердің республикалық турнирі өтуде

20180203192956.jpg


Бүгін Шығыс Қазақстан облысында Тарбағатай тауының күнгейіндегі Үржар ауданында Астананың 20 жылдығына арналған бүркітшілердің республикалық турнирі басталды.  Турнир ертең де жалғасын табады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Өңірдегі құсбегіліктің дамуына үлкен үлес қосып жүрген әрі осы чемпионатты ұйымдастырушы Тәттімбет Кәпұлының сөзіне қарағанда, 10 облыс пен қалаларынан 39 құсбегілер қатысып жатыр.  

«Бүркітшілер «қолға қондыру», «шырға салу», «қоян алу», «түлкі алу» және «қасқыр алу» түрлері бойынша өзара бақ сынасады. Әдеттегідей жарыстың бірінші күні, яғни бүгін қыранның бабын сынайтын құсты қолға шақыру, еркін ұшыру, шырғаға салу секілді сайыстар өткізіліп жатыр», дейді Тәттімбет Кәпұлы.  

 Республикалық турнирдің алғашқы күні сайыстың бүркітшілері көк тағыларымен «қолға шақыру» және «шырға салу» түрлері бойынша сынға түсті. Ауқымды сайыс ертең аяқталмақ. Еске сала кетсек, бүркітшілер сайысы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.  

Бүркітшілердің биылғы республикалық бәсекесіне қатысып жатқан құсбегілердің  жас айырмашылығы әртүрлі. Дегенмен, ең жасы кіші құсбегі - Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданынан қыран баптап әкелген 18 жастағы Байрақ Тастанбекұлы екен. Ол өткен жылы Астанада өткен құсбегілер чемпионатында үшінші орынды қанжығасына байлаған. Қырандар сайысы ертең аяқталмақ.


Ұқсас тақырыптар