Думанды жастық дәурені артта қалып, шау тартқан шағында, есіне сол есіл күндер елесі түскен сәттегі, адам баласының бәріне тән қаяулы көңіл күйі мен күрсінісін өлеңге көшірген ақынның: «Бақытын да, бағын да тел емізген, аулақ қондың, сол дәурен, неге бізден?» – дегені біз бен сіздің де көкейімізді тескен сауал. Өткен әр күні өлеңінде өрілген ақын Ғалым Жайлыбайдың қастерлі қас-қағымнан тұратын тіршілік туралы толғанысы жүрегіңді қозғары күмәнсіз. Ал осылайша жалпы жамиғаттың жүрек сөзін жеткізген ақында арман жоқ десек жарасар.
Тұңғыш өлеңі жарияланғаннан бергі жылдарда он төрт кітабы жарыққа шыққан. Оның ішінде 3 томдық таңдамалысы да бар. Топтама өлеңдері орыс, украин, белорусь, қырғыз, татар, түрік, ағылшын тілдеріне аударылып, Бейжің мен Татарстанда жеке жыр кітаптары шыққан. Ақын Қазақстанда, Түркияда, Ресейде өткен түрлі жыр мүшәйралары мен арнайы әдеби сыйлықтардың лауреаты. Ең соңғы алған марапаты – 2017 жылы Швецияда өткен әлемдік ашық әдеби конкурстың поэзия аталымы бойынша жеңімпазы атанғаны. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Сөзімізді сабақтай түсіп, Ғалым ғазалдарының ақындық айшықтарын көрсете отырып, оның өлеңге жаңаша өрнек, өзгеше сипат әкелген, сөйтіп ұлттық поэзиямызды түрлендіріп, биік белеске көтеруге үздік үлес қосқанына мына үзік мысалдар нақты дәлел.
... Сөз жетпейді жырлауға боз даланы,
Көз ұшында көк сағым қозғалады...
...Бозала таң өзінде өз дерегі,
Тірі жүрсең бәрін де көз көреді.
Бозбеткейдің бауыры бозарады –
Бозқараған, боз жусан, боз көделі.
...Бабалардың бұл жерде көші қалған,
Жанып-сөніп шырақтай осы жалған...
...Ақ қар еді туғанда, ақпан еді,
Әппақ әлем бөледі баққа мені.
Ақындардың ат қосып санатына,
Аққулардың жыр жаздым қанатына...
...Өлең болып өріліп өскен өңір,
Көлбең-көлбең етеді кешкен өмір...
Осынау өлең өрімдері сақараның сұлу суретіне сүйсінген, тотыдай түрленген табиғатының таңғажайып келбеті жүрегіне жыр құйған ақынның асқақ көңіл күйін, туып-өскен өңірде кешкен ғұмырын егілте де елжірете еске түсіріп тұрған жоқ па?! Біздің де ақынның аяулы атамекенге арналған сергек сезіміне ортақтаса кетпеске амалымыз жоқ...
Өлеңнің құрылымы мен бейнелілігін бағалау барысында ерекше ескерілетін алуан түрлі талаптар бары белгілі. Осы орайдан келгенде, Ғалым ақын өмір шындығын жарқырата көрсету үшін өлең өрмегінің бояуын барынша түрлендіріп, сөзінің суретін, ойының оралымын келістіре кестелеп, мән-мазмұнын тереңдете түсу арқылы шеберлігін шыңдап, парасатты поэзияның үкілі үлгісін тапқан.
...Қаратау, айналайын, жаным, арым,
Сен десе ақтабан боп аңырадым.
Қайрағын қайратымның жанып жібер –
Қастерлі қайран қара шаңырағым.
...Мейірім төкпесе де ана заман,
Ұйыдым шақырғандай бабам азан.
Қаратау – қара саба, қара бала,
Оты өшпес ошақтағы қара қазан.
...Қазақтың кие болып даласына,
Қаратау – қара нарым шөгіп қалған...
Қазақтың көне тарихының куәгері, атын естіп, өзін көргенде атам заманғы қайғылы оқиғаларды есіңе түсіретін Қаратаумен ақынның сырласуы, мұңдасуы қандай жарасымды десеңізші!
Сан ғасырлар сайын сақарада ғұмыр сүрген, бабаларымыз да, бүгінгі ұрпақ та небір қиын-қыстау замандарды басынан кешірген, сонда да болса ұлттық рухын жоғалтпай, жігерін жасытпай, ар-намысын ардақ тұтып, армандаған азаттыққа – Тәуелсіздікке жетті. Өткеннен өнеге алып, қазіргінің қадіріне жетуге ұмтылған ұлтымыздың көрген-баққанын ой сарабынан өткізіп, өлең өрген ақынның ақыл-санасының саралығы мен сабырлылығы бөлекше. Ол қанша қуанса да, қайғырса да халқымен бірге. Даурығып, дауыс көтеріп, ұрандатпай-ақ ағынан жарылып ақиқатын айтып, жан жарасын жазуға жебейтін өлең өрнектеуге асық. Сөзімізді тірілтетін жыр шумақтарын оқып көріңіз:
Айдарынан жел еспей кекілдінің,
Еңку шалды еңіске екінді күн.
...Протонның уынан енесі өлген –
Көлеңкеде жылайды жетім құлын.
...Жетім құлын иесі жесір әйел –
Өз-өзіне қол жұмсап күйеуі өлген.
...Еңку шалса еңіске екінді күн,
Шемен күйін шертеді, шетін мұңын.
Күн-керуен соңында
Соры қайнаған –
Жесір әйел, жегі жел, жетім құлын.
Өмірдегі Ғалымның өлеңдері де өзіне ұқсас. Екіленбей, ежіктемей-ақ, байыппен бар шындықты жайып салып, түйінін тауып, тұжырым жасауды өз еркіңе қалдырған.
Жол түсіп Шығыс Түркістанға барған сапарында жазылған ақынның топтама өлеңдері де ұлт тағдырының үзік тарихынан, бүгінгі күннің жаңалықтары мен өзгерістерінен сыр шертіп, шер тарқатуға арналған.
Сағынышын санаға жамыратқан,
Талқы таудың толықсып таңы да атқан.
Даму Долда «Ағажай Алтайға» сап,
Ағайынның арманын аңыратқан.
... Құлағыма жетеді елдің әні,
Құлағыма жетеді желдің әні.
Қаралы көш көрмесін ендігәрі –
«Арғы жағы Ертістің, бергі жағы...»
Атажұртқа жол ашып, есі барда елін табуға асыққан ағайынға тілек қосып «қазақ деген – бір-ақ жұрт, қазақ деген – бір-ақ ел» деген ақынның аталы сөзі – баталы сөзі емес пе?!..
Өлеңдері бүгінгі өмірдің тыныс-тіршілігін жырлауға арналған Ғалым ақынның жүрегін тербемеген тақырып жоқ. Туған жердің табиғаты, ән-жыры, ұл-қыздарының махаббат-қызыққа толы жастық дәурені, еңселі елі, мықты мемлекет болуды көксеген қазақ баласының бет-бейнесі туралы толғақты өлеңдерінің терең сыр-сипатын әңгімелеуден гөрі өзіңнің оқып-тоқығаның жаныңды байытары, ләззат алып, рақат сезіміне бөлері сөзсіз.
Кешегі керкеткен кеңес заманында қазақ халқының да, оның ұлан-ғайыр ұлы даласының да, арда баласының да шекпеген қасіреті, кешпеген қиямет-қайымы жоқ. Ол тарихта таңбаланған, жеті жұрт білетін шындық. Сол сойқан саясаттың небір сұмдықтары енді-енді айтылып жатыр. Алаш жұртының азап аралына айналып, жазалау лагерьлеріне қоныс болғаны, онда жүздеген мың зиялы қауым өкілдерінің жазықсыз жапа шегіп, зая ғұмыр кешкендері аян. Жалпы, ГУЛАГ құрамында 61 лагерь болса, Қарлаг (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері) – соның ең ірілерінің бірі екен. Ақын Ғалымның Қарағанды лагерін ХХ ғасырдың басындағы қара орамалға теңеп, бейнелеп жазған поэмасы шындықтың қоясын ақтара, ащы ақиқатын бүкпесіз баяндаған, жазылмас жан жарасын шегіне жеткізе шерткен шерлі шежіре, әр тармағынан қан сорғалаған аза жыры деп бағалайтын тамаша туынды. Талай-талай боздақтар дарға асылған, дерттен, аштықтан азап тапқан лагерь бұл. Ақын айтқандай-ақ:
... Қатарына жатқызса жазалының,
Кімге керек адалдық, тазалығың...
Зар илетіп заманы, қан жұтқызды –
Орыс, неміс, жебірей, қазақ ұлын...
Зорлық пен қорлықтың неше атасын көре жүріп, тірі қалған күйші Ахметжан Сармантайұлының «58-статья» күйін, суретші Ирина Борхманның «Үзілген сапар» картинасын, Алжир лагерінің тұтқыны Гертруда Платайстың естелігіндегі қайырымды қазақ әйелдерінің жұмсауымен, күзетшілерден айласын асырған балалардың тұтқындарға тас атқан болып құрт лақтырғандары жайлы әңгімесін жырына қосып, аза бойыңды қаза қылатын азалы азапты көзіңе елестетіп, бейне өз басыңнан кешкендей күйге түсіретін өлең сөздің құдірет-қуатына таңдана таңдай қағасың. Ой мен сөздің өткірлігі осындай тұжырым жасатады.
Қазақ тарихындағы қаралы жылдардың шерлі шежіресінің құпия көмбесі – белгісіз беттері жаңадан ашылып жатыр. Қазақты жаппай қырғынға ұшыратқан 1932 жылдың бір оқиғасының баяны – «Тамакөшкен» поэмасы. Ел ішін ашаршылық жайлап, оған тәркілеу мен ұжымдастыру қосылып, қыспаққа түскен тама елі амалсыздан Арқадан ауып, Қаратауды бетке алып, көш түзеген. Тарихтың бүтін сөзін айтпақ ниеттен қолына қалам алған ақын қазақ тағдырының қилы кезеңінен суыртпақтап сыр ашып, жыр кестелеген. Жолшыбай қарашаның қара суығына ұрынып, ас пен суға зар болған адамдар Бетпақтың елсіз бедеу белінде жаппай қырғынға ұшырайды. Көшке ілескен 15 мыңнан аман қалғаны 4 мыңға жетер-жетпес қана. Қазақ халқының басынан кешкен қасіретті тағдырын бір ғана қанды оқиға арқылы жадымызда жаңғыртып, оның себеп-салдарын ашып көрсеткен шығарма шындығы шымбайыңа батып, сондай нәубеттің қайталанбауына тілек қосасың.
...Ұрпақ бар аққу құстай, таза, әдемі,
Қанатын көкке самғап жазады елі.
Дауылын дария өмір жолықтырмай –
Бауырың бүтін болсын, ҚАЗАҚ ЕЛІ.
...Аман бол, арда туған халқым, елім,
Жолымен мәңгіліктің тартып едің.
Сен менің жалғызымсың – Қазақстан
Жаратқан, жар бола гөр, бар тілегім!..
Бұдан асырып не айтамыз...
Азат елдің тәуелсіздігі мәңгілікке жалғасқай!..
Ғалым ақынның есімдері ел тарихында қалған текті тұлғаларымыз Әсет пен Жаяу Мұсаның өнегелі өмірлерін өлеңмен өрнектеген «Жалғыз қарағай», «Ақ сиса» поэмалары да тілін төгілте, сезімін егілте, ақтарыла жазылған ақжарма жыр кестелері.
Сонау бір алағай да бұлағай заманда Қытай еліне қоныс аударып, сүйегі жат жұртта қалған Әсет «алмасты мүсәтір деп татып алдым, ажалды ақша беріп сатып алдым, өлімді ойламаған сорлы басым...қапы қалдым» деген ақырғы сөзін айтып, өкінішпен өмірден озған еді. Әсет әнші шын мәнісінде құдайдан тура келген ажалдан емес, қастандықтың құрбаны болған. Қарлыққан дауысына дауа болуын тілеп, Маса молдадан мүсәтір алдырып ішіпті. Сөйтсе «ақынды адамзаттан артық көрген, қызы еді Күзембайдың Жәміш деген, тірліктің сан толқынын кешіп келіп, молдаға зормен келген, есік көріп... ақында ақысы бар Маса сонда, Алмасқа мүсәтірді қосып берген».Аяқ астынан ажал құшқан, атамекеніне жете алмай арманда кеткен Әсеттің өзі өлсе де, өнері қазағымен бірге жасасып келе жатқанына шүкіршілік. Поэманың түйіні, тәрбиелі тәлімі: қай заманда да туған халқының мақтанышы болған осындай біртуарларына өштесіп, таланттыларға тасада тұрып тас ату, қызғаныштың қызыл итіне талату, аяқтан шалу сияқты мерез мінез, теріс қылық кездескен. Ендігі жерде сондай сұмдық, аярлық аяқтан шалмаса екен деген ізгі ниет баршамызға жұғысты болғай.
Ал «Ақсиса» поэмасының айтар идеясы астарында. Жер жұмағы Баянауыл аумағының тағдыры таласқа түсіп, жаз жайлауы мен қыс қыстауы тарылып, қатар қоныстанқан екі рулы ел дау-дамайға беріліп, ақырында Ақшоқыға орыс-казактар қоныстанып, қазақтар қапы қалады. Сол кезде «киесі бар жерімнің – иесі бар...сол менмін» деп елі-жері үшін елік көңілі еңіреген Жаяу Мұса қазақ шонжарлары мен орыс отаршыларына қарсы шығып, артынша абақтыға қамалады емес пе?! Бастары бірігіп, жер дауын ақылмен шешпей, ақырында несібе-құты жатқа бұйырғаны бүгінгі қазақ қауымына да ес жиып, етек жабу керектігі жөніндегі абзал ақынның қатаң ескертуі деп есептейміз.
Қорыта айтсақ, екі поэмада да аспандағы аққуға әндерін қосып, дауыстары алты қырдан естілетін қос хас әнші, ақын, сазгердің өнердегі өмірлері мәңгілік екендігі өлеңмен өрнектелген.Бұл шындығында Әсет пен Жаяу Мұса сынды текті тұлғаларға әсем жырмен әспеттеліп, сырлы сөзбен сомдалған өнер ескерткіші. Қос өнерпаздың өмірде де қоладан құйылған еңселі ескерткіштері орнатылар күннің туатынына сенейік.
Бүгінгі заман, жаңарған қоғам, өзгерген адам хақында зейін қоя зерттеп, зерделі замандастарының асыл бейнесін – поэзиялық портреттерін келістіре кестелеп, мына мазасыз мезгіл, ұшқыр уақыттың тынысымен үндестіре жыр қашаған көрнекті ақын бауырымызға көсегесі көгеріп, абырой-атағы арта берсін, ғұмыр жасы ұзақ болғай деген ізгі ниетімізді білдіреміз.
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреат
Егемен Қазақстан