Бөтен елде, жат жерде жүріп, Бейбарыстың күнін кешкен қазақ оғландары қаншама?! Сондай қаһармандардың бірі қажыр-қайратымен, ақыл-парасатымен танылып, Қытай армиясында басшылық қызмет атқарған, қазақтың қайсар азаматы, армия генералы Қасен Рүстемұлы туралы не білеміз? "ҚазАқпарат" ХАА Қытайдың бірқатар ақпарат құралдарында жарық көрген материалдар негізінде ардақты тұлға туралы оқырманға мақала ұсынғанды жөн санаған еді.
Қытай орталық халық радиосы және Шынжаң телеарнасы "Байтерек" бағдарламасындағы деректер бойынша, Қасен Рүстемұлы Ыбрайым 1921 жылы ҚХР Шыңжаң өлкесі, Шәуешек қаласының Қарақабақ ауылында өмірге келген. Қытайдағы көп деректерде оның есімі Қасен Ыбырайым болып жазылып жүр. Атасы Ыбрайым өткен ғасырдың басында Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Көктума ауылынан Қытайдың Шыңжаң өлкесіне ауып барған екен. Кейін Шыңжаңда да ел басына ауыр күн туғанда Ыбрайым үй-ішінің амандығын ойлап, Тарбағатай жерінен де ауа көшеді. Осылайша айнала көшкен қазақ отбасы Қытайдың ішкі жеріндегі Шанши өлкесіне табан тіреген екен. Бірақ онда да қазақ шаңырағы қасаң тағдырдан басын арашалай алмайды. Көп қиындық көреді. Ең ақыры сол жерде 6 жастағы Қасенді әке-шешесі қиын тұрмыстың мәжбүрлеуімен қытайлық отбасына амалсыздан асырап алуға береді екен. Осыдан бастап Қасеннің күрделі өмір жолы күрт бұрылып басқа арнаға түседі. Оның ендігі жағдайы мүлдем бейтаныс ортада, өзгеше қалыппен өрбиді. Бала Қасен жат босағада көп азап шегеді. Бұғанасы қатпаған жас бала ауыр еңбек пен аштықтың, ұрып-соғудың талайын басынан кешеді.
1932 жылы көрінгенге көз түрткі болып, жәбір көріп жүрген, панасыз балаға Қытай қызыл әскерлері жолығады. Осылайша 12 жасында Қасен Рүстемұлы жаңадан құрылып келе жатқан Қытай жұмысшы-диқандар қызыл армиясына қабылданады. Ол кейін барлаушы болып жүріп, Қытай компартиясының басшылары тұратын Янань бекінісіне жасалған шабуылда керемет ерлігімен көзге түседі. Ерлік еленеді. Оған байланысшы, взвод, рота командирі (1932-1937) секілді әскери міндеттер жүктеледі. Тіптен, Қасеннің соғыстағы белсенді, сенімді жауынгерлік ерік-жігерін бағалаған басшылық Қытай коммунистерінің көсемі Мао Цзедунның жеке күзетшісі әрі көмекшісі, телеграф тәржімашысы (1937-1939) сияқты аса жауапты қызметтерді де сеніп тапсырады.
Ол сол уақыттардағы партия мектептерінен және Қытайдағы бірнеше жоғары әскери оқу орындарынан білімін жетілдіреді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында полк басқарып, жапон басқыншыларына қарсы соғысқа белсене араласады. Қытайдағы азамат соғысы кезінде дербес полкті басқарып, Тай Юань қаласын гоминьдандықтардан азат етуге қатысты. Айта кетерлігі, Қасен Рүстемұлы 9 жасында қытайша Жаң Жяньминь деген есімді қабылдаған болатын. Ол Қытайдың Қызыл армиясында осы есіммен қызмет атқарды. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін, 1951 жылы полковник шеніндегі Қасен Рүстемұлы елдегі танк армиясының құрушысы әрі 1-ші танк мектебінің бастығы болып тағайындалады. 1953 жылы мемлекеттік әскери істер комитетіндегі сауытты автомашина бөлімінің бастығы болады. 1972-1983 жылдары жоғары әскери басшылық қызметтерде жұмыс атқарды. 1983 жылы армия генералы дәрежесінде зейнетке шығады. 1982 жылы генерал Жаң Жяньминь өзінің ұлты қазақ екенін, әке-шешесінің азан шақырып қойған аты Қасен Рүстемұлы екенін орталық билікке мәлімдеп, халыққа жария етеді. Бұл елдегі қаһарлы саяси науқандар аяқталып, Қытай билігін реформатор Дэн Сяопин қолға алған кезең болатын. Осыдан бастап генерал Қасен өз туыстарына іздеу сала бастайды. Қасен Рүстемұлы 1983 жылы Қытай Халық Республикасы Іле қазақ автономиялы облысы құрылуының 30 жылдық мерекесіне орай оның орталығы Құлжа қаласына келеді. Осы жолы қазақтар мекендеген облыстан туыстарын іздеп, көп сұрау салса да, таба алмай кетеді. Туыс-туғанын іздеу мақсатында Шыңжаңға одан кейін де арнайы атбасын бұрып, бірнеше мәрте келіп тұрады. Ақыры Қасен генерал ұзақ жыл сағынып іздеген туыстарын тек 1992 жылы ғана табады. Осы жылы Қасен Рүстемұлы әйелі мен балаларын ертіп туған жері Тарбағатайға келіп, інісі Сымақ Рүстемұлымен қауышады. Бұл тосын жағдайға күмәнмен қарағандар да болған секілді. Тіпті ресми Қытай билігінің өзі бұған сеніңкіремеген екен. Сол үшін биліктегілер Сымақ Рүстемұлының қанын зертханалық тексеруден өткізіп, Қасеннің туған інісі екенін анықтап, оған бәрінің де көзі жетеді.
Ал Айнұр Сымаққызы (Қасеннің інісі Рүстемнің қызы) Шынжаң телеарнасының «Бәйтерек» бағдарламасына берген сұхбатында, Қасен Рүстемұлының бір ұл, үш қызы бар екенін, олармен қазір де араласып тұратындықтарын айтады. Қасеннің әйелі - ішкі Қытайдың оңтүстігінде мекендейтін аз санды Миаузу ұлтының азаматшасы. Өмірінің қаншама жылы қақтығыстар, текетірестер мен соғыстарда өткізіп, қиын да қасаң саясат кезеңдерін бастан өткергенімен Қасен Рүстемұлы өз туған халқына деген сағыныш сезімін, қадір-құрметін еш жоғалтқан емес. Ол қазақ халқы алдындағы азаматтық парызын жоғарғы билікте жүрген уақытында да хал-қадірінше өтеген. Генерал Бейжіңдегі 8 бөлмелі үйінің 40 шаршы метрлік бір бөлмесін қазақша безендіріп, еденіне сырмақ төсеп, қабырғасына түскиіз ұстап, өзінің туған халқына деген сағыныш мауқын басқан екен. Оның тікелей қолдауымен Гансу, Шынжаң өлкелерінде тұратын қазақ малшыларының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ден қойылады. Шынжаңдағы қазақ мектептерінің жағдайын көтеруге, өңірдегі тас жолдардың жөнделуіне де атсалысқан. Сондай-ақ, туған аймағы Тарбағатайдағы қазақтың дәстүрлі медицинасын негіз еткен ұлттық аурухананың және Шәуешек қалалық 2 орта мектеп пен педагогикалық колледждің құрылыстарының салынуына да, дамуына да өз үлесін қосыпты.
Қасен Рүстемұлы Ыбрайым Қытай Халық Республикасының 7-сайланған Парламентінің мүшесі, Қытайдың «Дербес еркіндік», «Азаттық», «1 тамыз» ордендерімен марапатталған. Ол 2006 жылы Бейжің қаласында 85 жасында қайтыс болды. Айта кетейік, қазақтың өзгеше тағдырлы, батыр генералы туралы Асылқан Бегенұлының «Қасен генерал» атты романы 1992 жылы Қытайда жарық көрді.
inform.kz