«ҚАЗАҚ» газетінің шыққанына 105 жыл

2BD396DF-3E11-4BA2-8F82-71F5517EB1A6_cx8_cy0_cw89_w1023_r1_s-600x338.jpg

«Қазақ» газетінің алғашқы санына оның шығарушылар алқасы «Газе­тіміздің көп мақсатының бірібасқадан да алып, өзімізде барын жиып, қазақ тілінің бетін жөндеп, жолын ашпақ, сондықтан қазақтың мақалдары, тақпақ сөздері, би­лердің, шешендердің айтқан сөздері, басылған өлеңдер, қисса­лар бәрі де қабыл алынады, басыл­май қалған сөздер қайтарылмайды» деп қол қойған. Ал «Қазақ» газетінің құрылтайшылары Ахмет Байтұр­сынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы секілді ұлты­мыздың зиялы азаматтары болды.

 Жалпы, осыдан тұп-тура 105 жыл бұрын, яғни 1913 жылдың 2 ақпа­нында Орынбор қаласында «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Алғашқы жылдары бұл басылым апта сайын, ал 1915 жылдан бастап аптасына екі рет шығып тұрды. Сөйтіп, басылым бес жыл ішінде қазақ тілінде кәсіби газет стилін қалып­тастырды.

Сондағы алғашқы нөмірде газет редак­торы Ахмет Байтұрсынұлының «Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Мұның мағы­насы — заманның түріне қарап істеу. Төңі­рекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді, түбі қандай белгісіз, не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молай­тар ма?

Болмаса, дауыл боп соғып, үйімізді жығып, общинамызды шашып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз қиюсыз, етектеріміз жию­сыз ашылып, шашылып қамсыз жатқан халықпыз. Күннің не боларына көзіміз жетпей тұр. Дауылды жауын ету қолы­мыздан келмесе де, үйлеріміз қирамай, общинамыз шашылмай қалуына амал ету керек емес пе? Сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірігазет. Халыққа газеттің керегі қандай екендігін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас.

Әуелі, газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Бүтін дүние жүзіндегі халықтар телеграмм, телефон, пошталардың арқа­сында бір-бірімен хабарласып, газет арқылы жұртқа жайып, бір үйдегі адам­дардай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер — кімге пайдалы? Кімге зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса, шат­танып, зарарлысынан сақтанып тұрады.

Екінші, газет — жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады.

Үшінші, газет — халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші. Төртінші, газет — халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықты арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқыт­пасқа тырысады.

Халыққа газеттің осындай пайдалы қызметтері бар екендігін білген жұрттар газетті киетін киімі, ішетін тамағы, үстіндегі үйінен соңғы керек нәрсеге санайды. Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газет-журналдары көп…» деген сөздерімен басталған еді.

Осылай, газеттің барлығы 265 саны жарық көрді. Сосын, газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері тарал­сын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды.

Қысқасы, «Қазақ» газетін шығару­ды ұйымдастырушы әрі редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы, ал оның өкілетті өкілі Міржақып Дулатұлы болды. Сонымен қатар, «Қазақ» газетінің шығуына зор үлес қо­сып, оның авторлары ретінде – Бірмұхамет Ақбасов, Жүсіпбек Аймауытов, Жақып Ақбаев, Ишан­ғали Арабаев, Мұхтар Әуезов, Гүләйім Байгурина, Ахмет Байтұр­сынов, Ахмет Бірімжанов, Аққағаз Досжанова, Халел Досмұхаметов, Сәбит Дөнентаев, Міржақып Дулатов, Ғанижамал Дулатова, Әлімхан Ермеков, Мүсілім Ермеков, Ілияс Жансүгіров, Таһир Жо­мартбаев, Құдайберген Жұбанов, Мағжан Жұмабаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдай­бердиев, Нәзипа Құлжанова, Бейімбет Майлин, Мұстақым Мал­дыбаев, Ахмет Мәметов, Ғабдолғазиз Мұсаға­лиев, Мұстафа Шоқай, Ахмет Оразаев, Мұстафа Оразаев, Биахмет Сәрсенов, Жансұл­тан Сейдалин, Жиһанша Сейдалин, Асылбек Сейітов, Мұхаметжан Сералин, Бекмұхамбет Серкебаев, Сұлтан­махмұт Торайғыров, Мұхаметжан Тынышбаев, Жұмағали Тілеулин, Субхан­берді Хасенов, Сәдуақас Шорманов секілді ұлт зиялылары белсенді қызмет жасады.

Алматы Ақшамы


Ұқсас тақырыптар