Үлкен үй

немесе Халифа Алтайдың асығы

 

1.jpg

 

Қазақстанның тәуелсіздік алғанын ең алғаш Ыстамбұл көшесінде келе жатып көпшілік радиодан естіген Халифа Алтай көз жасына ерік беріп, егіле жылаған көрінеді. Сонда жанарын жуған ыстық жасы тасжолға тырс-тырс тамып тұрыпты.

Бізге былтыр 100 жылдығы тойланған, «Құран Кәрім» кітабының қазақ тіліндегі тұңғыш аудармашысы, этнограф, түркітанушы, тарихшы, жазушы, ақын, антрополог, жеті тілді жетік меңгерген теолог-ғалым Халифа АЛТАЙДЫҢ қарашаңырағынан дәм бұйырған еді.

 Журналист һәм әйел заты болған соң, біз отырған қонақ бөлменің сол жақ бұрышынан орын тепкен, бірінің үстіне бірі жиналған өзгешелеу төрт шабаданға көзім сүріне берді.  Өздері үлкен үй деп атап кеткен шаңырақтың иесі, Халифа ақсақалдың үшінші ұлы – Абдуррахимнің зайыбы Динарадан ақырын ғана сыбырлай бұл не деп сұрадық. Бүйірі тоқ кәрзеңкелердің ішінде Халифа Алтайдың әлі жарық көрмеген құнды жазбалары, төте жазумен жазылған зерттеулері, өлеңдері, қазақтың әдет-ғұрып, салт-санасы туралы тың деректер қаттаулы көрінеді.


2.jpg


– Тағы қандай заттары, бұйымдары бар? – дедік журналистік әуестікпен.

Үлкен кісілерге 35 жыл бойына келіндік қызметін адал атқарған Дариға замандасымыз:

– Атамның сүйенген таяғы, тер сіңген шапаны, ерекше көзәйнектері, саусақтарының табы қалған таспиығы бар, бәрін де мұражайға деп сұраушылар өте көп. Беруге қимаймыз. Оның да уақыты бір келер, – деп жауап берді. Тіпті, қонаққа барған жерінен немерелеріме деп алып келетін асықтары да жинаулы екен. Асық туралы сәл кейінірек.

 

***

 

Халифа Ғақыпұлы Алтайдың «Алтайдан ауған ел» тарихи кітабын оқымаған қазақ жоқ шығар. Сонау 1933 жылы тағдыр талқысына түсіп, Алтайдан белгісіз бағытқа үдере көшіп, тарыдай шашылған қалың қазақтың ішінде болған абыз ақсақал ол кезде небары 16 жаста екен. Сол ұлы көш Алтайдан көшкен бойда әлемдегі ең үрейлі Такламакан шөлінен өтіп, Тибеттің ұшы-қиырсыз құлазып жатқан сары жонын жондай кесіп және Гималай тауының меңіреу шыңдарынан асып, Үндістан, Пәкістанды көктей өтіп, кейін Түркиядағы қандастарына келіп қосылған. Аталмыш кітапта осы ауыр кезеңдер шынайы суреттеледі.


3.jpg

 

Арада 50 жыл өткенде Халифа Алтай кіндік қаны тамған туған жеріне, Алтайда қалған ағайынды арнайы іздеп келгенде туыстары ата-бабаңдікі еді деп сыйға тартқан, жүз жылдан бері өңін бермеген күміс белбеу де бүгінде үлкен үйдің төргі бөлмесінде көрнекі жерде тұр.

– Қазір көп дүниесі Алматы қалалық Орталық мемлекеттік мұрағатында және ҚР Президентінің архивінде сақтаулы, – деді қарашаңырақтың иесі Абдуррахим Халифаұлы. Айтпақшы, Абдуррахим Алтай бүгінде 1999 жылы әкесі құрған Халықаралық Халифа Алтай қайырымдылық қорының тізгінін ұстап отыр.

 

***

 

Туған жер дегенде ықыласы өзгеше болған Халифа Алтайдың ең алғаш 1977 жылы жазылған, Түркияда басылған еңбегінде қазақтардың шежіресі баяндалады. Сосын қазақтың әдет-ғұрпы туралы, малшылық, аңшылық, тіпті ауру түрлері және оны емдеу жолдары, қазақ ауылы, киіз үйі, тұрмыс-салты, бала тәрбиесі, билер басқосуы, жыл мезгілдеріне шейін жілікше шағып тұрып жазады. Қазақтың рухани құндылықтарын түгендеуді, қолға алған Халифа Алтайдың қозғамаған тақырыбы жоқ шығар, сірә. Күнтізбе, жұлдызнама, қолөнер, ұлттық киім дейсіз бе, малдың ені, сүттен жасалатын тағамдар, бәрін жік-жігімен тарқатып баяндайды. Бұл тақырыптарды ол кісі ешқандай кітапхана, мұрағат ақтарып жатпай-ақ, өз өміріндегі көрген-түйгендерінен, өзі туып-өскен елдің, жердің шынайы тыныс-тіршілігінен алып жазған. Жүрген, тұрған жерінің бәрін қағазға түртіп отыратын болған. Өз мұрасына өте ұқыпты болған.

 

***

 

– Мен әкемнен осы ұқыптылығын алдым. Көп жыл жанында жүріп, хатшысы болдым. Ол кісі ешқашан бос және көп сөйлемейтін.  Білгенін айтатын. Егер біреу кеңес сұрап келіп, оның жауабын өзі де білмейтін болса, онысын бірден айтатын. Көп оқыған, көп көрген кісі болса да, ешқашан білгішсінбейтін.  Сосын әлгі кісі кеткен соң, сол тақырып бойынша іздене бастайтын. Ендігі бір келгенінде әлгі адамға баяғы сұрақтың жауабын беретін. Бізге «аз сөйле, бір сөз сөйлесең де біліп сөйле» дегенді қайталаудан жалыққан жоқ. Өте еңбекқор адам еді. Таңнан кешке дейінгі жұмысы жазу, сызу болатын. Үнемі ой үстінде отыратын. Шешем Бибәтіш шайға шақырмайынша, ас бөлмеден ешқашан өзі бірінші болып төбе көрсетпейтін. Тамағың қашан дайын болады деп қабақ шытқанын бір көрмеппін. «Әр мықтының артында бір әйел тұрады» деген рас айтылған сөз. Тіпті, Түркияда тұрған кезімізде үйдегі нан-шайды да  шешем табатын, ұқсатып, жарататын да анам еді. Шешем әкемнің барлық ыстық-суығына көнді. Қазақстан тәуелсіздік алған жылы-ақ әкем атажұртқа көшіп келгені белгілі. Сонда шешем «басымызда баспана да жоқ» деп те бір қыңқ демеген. Жоққа мойыған жоқ, барға тасыған жоқ. Иә, әкемнің тарихи тұлға болуында анамыздың қосқан үлесі көп дер едім. Сол өнегені көрген әйелім Дариға да үлкен кісілерді бақты, күтті, ақ батасын алды, – дейді ұлы Абдуррахим.

 

***

Үлкен үйде Халифа Алтайдың үлкен ұлы Абдулсамет ағамен де тілдесудің сәті түсті. Ол кісі бүгінде Францияда тұрады. Бұрын  Париждегі қазақтар қауымдастығының басшысы болған. Қазір зейнеткер. Сондағы ағайындардан құралған ақсақалдар алқасының төрағасы. Дүние жүзі қазақтарының Құрылтайынан бірде-бір рет қалған емес. Жалпы, Алматыға жиі келіп тұрады. Францияда жүрген кезде Қазақстанның қазы-қартасын, қымызын іздеп, дәмін сағынып отырамын дейді. Қазақилығы соншалық, Париж секілді өркениеті озық елде тұрып жатса да, үйінде жер үстелде шай ішетіндіктерін естігенімде таңданғаным рас.

Кіндігі шет елде кесіліп, сол жақта өсіп-өнсе де, Абдулсамет ағаның Қазақстанға деген құрметі ерекше. Тіпті, темір тұлпарының артқы әйнегіне еліміздің көк туын жапсырып қойыпты. Кәдімгі ұялы телефонының сырты да көк тумен бейнеленген қаппен қапталған.

– Менің жүрегімнің бір бұрышында ылғи Қазақстан жатады! – дейді Абдулсамет Алтай мақтанышпен.

– Францияда бүгінгі таңда 300-ге тарта қазақ отбасы бар, олардың бәрі бірдей ана тілін біледі деп айта алмайды. Бірақ бір ерекшелік, қазақ дәстүріндегі адам баласына қатысты ағаш бесіктен бастап жер бесікке дейінгі жөн-жоралғының бәрі жасалады, ешқайсысы ұмытылмаған, – деді әңгіме арасында.

 

***

 

«…Біздің тігетін үйіміз жоқ. Бәрінен айырылғанбыз, екі кереге, бір туырлық қана бар. Екі керегені жел жаққа жайып, туырлықты соған жауып ықтасын жасадық. Басқа жағының бәрі ашық. Күн суық, жерде жұқа қар бар. Шешеміз дауыс шығарып жылай алмай, дір-дір етеді. Қарны аш балалар тамақ сұрап, қыңқылдайды. Қарап отырып аштан өлуге болмайды. Қасымыздан біреу қой айдап өтіп еді, бір қойын тартып алдық. Дереу қойды бауыздап, біреудің жұрттан қалған қазанын әкеліп, ет астық. Бәріміз қайнап жатқан қазанға түсіп кетердей жұтынып, телміреміз. Піскен етті істікпен шаншып алып, тастың үстіне қойып, шетінен қасқырша жұлмалап жеп, бір саптыаяқтан кезектесіп сорпа-су іштік. Сәл де болса бойымыз жылып, әл жиғандай болдық».

– Әкемнің кітабындағы осы жолдарды мен кейбір жағдайларда, барды бағалай білгісі келмейтін кейбір «ерке» жастарға қайталап отырудан жалықпаймын. Осы көрініс ылғи көз алдымда тұрады, – дейді Абдулсамет аға.

 

***

 

– Сонау бір жылдары Түркияда этнография тақырыбында үлкен бір жиын болады. Сонда түркі дүниесін зерттейтін ғылыми орталықтың басшысы қазақ, қырғыз, өзбек, шешен, башқұрт, татар зиялыларына, оқымысты ғалымдарына «асық туралы не білесіздер, сол туралы жазып келсеңіздер» деген тапсырма береді. Сонда бір айдан кейін жиналған қауымның арасында асық туралы әзербайжан ғалымы бір-екі ауыз сөз, түркіменстандық оқымысты жарты бет, өзбекстандық бауырымыз бір бет, ал біздің әкеміз 20 бет жазып барған екен, – деді ұлы Абдуррахим Алтай әңгіме арасында.

Қазақы өмірді өз көзімен көрген, киіз үйде туып, сайын далада қозы бағып өскен, көбелек қуып, асық ойнаған қазақ баласы бұл жолы да құнды мәліметтерді ешкімнен емес, өз өмірінен алып жазған екен. Әсерлі, көлемі де көбірек болғаны сондықтан шығар.

 

***

 

«Бала күнде асыр салған жоталар, сырғанақ тепкен теріскей беттер, сауысқанның шиқылы, шоқы тастарда селтиген тауешкі, Арманты жонындағы тас қора, қансонарда таңсәріде ат алдырып, ойдан түлкі қағуға аттанатын марқұм әкем – бәрі-бәрі көз алдыма келіп, бір сәт балалық шақпен қайта қауышқандай күй кештім. «Әттең!» дедім тебіреніп, тас қораның қуысына тығып, ел үріккенде ала алмай кеткен асықтарымды кім тауып алды екен… Көзім боталай бастады», – дейді Халифа Алтай «Алтайдан ауған ел» кітабындағы естелігінде.

Әлгінде айтқанымыздай, 50 жылдан соң сағынышпен елге келген Халифа Алтай баяғы 16 жасында тас қораның қуысына тығып кеткен бір уыс асығын іздеген көрінеді. Сонда сол тұста ауылда қалған бір құрдасына «тап осы сен алған шығарсың» деп әзілдеген екен.

Халифа Алтай өзінің елге деген ықылас-пейіліне сай Қазақстан жерінде үлкен құрметке ие болды. Ұрпағын имандылыққа бастаған абыз ақсақал ресми жиындардың төрінен түскен жоқ. Көшелі қарияға деген қарапайым адамдардың ілтипаты өз алдына. Кез-келген үй қазан көтеріп, қонақ қылатын.  Қолына түскен қойдың асығын үйге алып келу әдеті болыпты. Ойға шома отырып, әлгі асықты баппен, асқан ынтамен кішкентай бәкісімен жонып, қырып тазалай бастайды екен. Сосын жұп-жұмыр болған асықты бояу да әдеті болыпты.

 

4.jpg


Бүгінде ол асықтармен шөберелері (суретте Халифа-Али мен Әбубәкір) ойнап жүр.

 

 

ТҮЙІНШЕК

* Халифа Алтай 1995–2000 жылдары Қазақ радиосынан әр жұма сайын ислам дініне байланысты арнайы хабар жүргізді.

* Дүние жүзі қазақтарының Құрылтайы жанынан құрылған «Инабат» имандылық тәрбие орталығының төрағасы болды.

* «Құран Кәрім» кітабын қазақшалауға 6 жыл уақытын жұмсаған.

* 1992 жылы Қазақстанға қоныс аударып, өмірінің соңына дейін Алматыда тұрды.

* Төрт ұл, төрт қыз сүйіп, олардан бүгінде 25 немере-шөбере тарады.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматы ақшамы


Ұқсас тақырыптар