Шынын айтқанда, біздің елімізде де әйел адамдар құқықтық жағынан да, әлеуметтік-экономикалық жағынан да мемлекет тарапынан қорғауға алынбаған. Әлеуметтік жағдайы нашар болғандықтан, өмір сүру үшін, нәпақа табу үшін кейбір әйелдер мәжбүрліктен түрлі әрекеттерге барып отыр. Соның бірі – біз сөз еткелі отырған Суррогат ана бизнесі.
«Егер тұрақты жұмысы болып, айлық-жалақысын жеткілікті деңгейде әрі уақытылы алып отырса, ешқандай әйел біреудің баласын көтеріп, жатырын жалға бермес еді», – дейді әлеуметтанушылар. Негізі суррогат ана болудың тәртібі былай екен, егер әйел адам денсаулығына байланысты бала көтере алмайтын болса, онда ол өзінің жақын туыстарын суррогат ана болуға үгіттейді. Сол арқылы ана атанады. Шетелде қазір солай. Ал біздің мемлекетте мұның саудаға айналғаны рас. Оның бірден-бір себебі, аналарға толық жағдай жасай алмай отырғандығымыздан. Сондықтан аналарымызға тиісті деңгейде көңіл бөлетін кез жетті.
Камал БҰРХАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Алланың адамды жаратуы, ананың жатырында қаннан етке айналып, оған сүйек бітіріп, дем беріп, бала пайда қылуы үлкен нығмет. Оны әрбір ана өзі сезінбесе, балаға деген мейірімі аз болады деп есептеймін. Сондықтан біз суррогат ананы ақша табудың көзіне емес, мәжбүрлік үшін дамытуымыз керек. Мұны бизнеске айналдырмаудың бірден-бір жолы – аналарға мемлекет тарапынан толық жағдай жасау. Қазіргі біздің бір осал тұсымыз, әйел адамдарға жеткілікті деңгейде көңіл бөле алмай отырмыз. Әйелдердің декреттік төлемақысын Үкіметіміз шамасы келгенше көтеріп келеді. Бірақ ол әлі де жеткіліксіз. Бұл ретте көрші Ресейден үйренеріміз көп секілді. Олар ана босанғанда бір реттік жәрдемақыны қомақты қылып береді. Отбасында бала саны көп болған сайын үйдің несиесін жеңілдетіп, тіпті несиені түгел жабуға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Баламен үйде отырған аналарға орташа айлық-жалақы көлемінде ай сайын жәрдемақы беріледі. Біз де осы жүйені енгізуіміз керек. Сонда бұл мәселе өздігінен шешілер еді.
Суррогат ана дегенді қазақшалайтын болсақ, «құрсақ ана» деген мағынаны білдіреді. Ол тек қана баланы құрсағында ғана көтереді де, одан кейін басқа жанұяға береді. Бұл ретте суррогат ана қызметіне діннің шешімі қандай?
Негізі бұл шариғатқа қайшы әрекет болып табылады. Ислам діні тек бір ғана жағдайда қолдан ұрықтандыруға рұқсат етеді. Ерлі-зайыптылардың ұрығы табиғи түрде ұрықтана алмаған жағдайда (тек ерлі-зайыптылардікі ғана, басқанікі емес), онда оларды қолдан ұрықтандыруға шариғат рұқсат етеді. Бұл жерде басқа әйел, не ер адамның ұрығын пайдалануға болмайды. Рұқсат еткен әлгі жолдың өзінде бірнеше шарттар бар. Исламда әурет жерін көрсетуге тыйым салынғандықтан, әйелдің жұмыртқасын алу немесе ұрықтанған зиготаны әйел жатырына қайта салу істерін мүмкіндігінше сенімді мұсылман әйел дәрігер, ол болмаған жағдайда кез келген әйел дәрігер, ол да мүмкін болмаған жағдайда мұсылман ер дәрігер, ол да мүмкін болмаса басқа кез келген ер дәрігер атқарады. Бірақ оның жанында жақын туыстары міндетті түрде болуға тиіс. Одан кейін ұрықтардың ауысып кетпеуіне нақты көз жеткізуі керек. Қолдан ұрықтандыру күйеуінің көзі тірісінде ғана жасалады, егер қайтыс болса, рұқсат етілмейді. Шариғат үкімі бойынша осылай. Ал қалған бөтен ердің ұрығы немесе бөтен әйелге ұрық салудың барлығы шариғатқа қайшы әрекеттер болып табылады.
Дін – осылай деп пәтуа шығарады. Алайда, жағаға жармасқан жоқшылық пен қымбатшылық арды ойлаған аналарымызды алды-артына қаратпай, жатырын жалға бергізіп, өз дегеніне көндіруде. Статистикаға сүйенсек, бұл жасырын бизнеске тәуекел ететіндердің дені жас келіншектер мен күйеуге шықпаған қыздар екен. Бұл мәліметтен болашағымыз бұлыңғыр тартып бара жатқан жоқ па деген үрейлі сұрақ көкейімізде кес-кестейді. Батыс елдерінде «Кедей елде суррогат аналар көп болады» деген сөз бар екен. Бізде ше?
mezgil.kz