Төртінші ауруханадағы жаңа заман технологиялары

350_yb9DfWw.jpg

Қазақ медицинасы жайлы сөз қозғалғанда біз оның әлі де дамымағанын айтып жатамыз көбіне. Дегенмен, қазір ауруханаларда қандай жаңалық болып жатқанын, ақ халатты абзал жандардың адам өмірі мен денсаулығы үшін аптаның жеті күні 24 сағат бойы күресетінін білгіміз де келмейді. Бүгін біз еліміздегі үздік аурхуналардың бірі №4 қалалық клиникалық аурухана жайлы және ондағы жаңа техноголиялар хақында сөз қозғамақпыз.

453b-958cad-ec8e12.jpg

Жаңалық демекші, осы жылы №4 клиника “сүйек банкі” (костный банк) деп аталатын жүйе енгізді. Яғни, кәдуілгі сүйек тіні сақталатын аппаратты Алматыға алып келді. Бұл Қазақстанда екінші рет енгізіліп отыр. Ал алып шаһардағы алғашқы тәжірибе ретінде тіркелген. Бұл технологияның анық-қанығын білу үшін біз осы саланың маманы, жоғары санатты дәрігер Әлиев Нариман Ділмұратұлымен сұқбаттастық.

12439036_1721704951400524_3252740878035095008_n.jpg

-              Қазақстан бойынша сүйек банкі бар бұл екінші аурухана. Алматыда алғаш рет. Бұл жүйе Германиядан алынған. Кейбір дене мүшесінде ақауы бар немесе емделуге келген, протез қоюға келген адамдар өздерінің сүйек бөлшектерін өз еркімен беруге келісім береді. Біз оны алып, осы аппарат арқылы өңдеп, тазалап, мұздатқышта сақтаймыз. Аяқ, қол сынғанда, әртүрлі сүйек аурулары кезінде, ісік пайда болғанда сүйектер өзгереді. Сол сәтте біз жарамсыз қалған жерлерін немесе жойылып кеткен сүйектердің орнын осы сақталған сүйектермен толықтырамыз. Кейбір адамдардың аяғы қысқарып қалып, мүгедек болып қалуы мүмкін. Сондай жағдайларда біз оның қысқарған жеріне сүйек қойып, қайта қалпына келтіреміз. Уақыт өте жаңағы сүйек тіні қойылған адамның өз мүшесі болып шыға келеді. Осы уақытқа дейін біз 10 адамға ота жасадық. Барлығы дерлік сәтті шықты.

-              Адамдар бұл қадамға қалай барады? Өз сүйегін қалай береді?

40135099_1700009330108635_9027450351959146496_n.jpg

-              Олар толықтай өз еркімен беруі тиіс. Кейде протез қоятын кезде біз оларға ұсыныс жасаймыз. Біреуі келіседі, біреуі келіспейді. Келіскен жағдайда бәрі нотариалды заңдастырылып, келісім жасалады. Ол үшін ешкім ақша алмайды. Олар тіпті сүйегі кімге қойылатынын да білмейді. Сол себепті алдын ала келісе алмайды. Бәрі тек өз еркімен жасалады.

 Міне осындай жаңашылдықпен қала медицинасы алға басып келеді. Дегенмен, бұнымен тоқтап қалған медицина жоқ. Сонымен қатар, біз осы клиникадан микрохирургия саласымен танысуды жөн көрдік.

 Әжібеков Нұржан Орынтайұлы, жоғары санатты дәрігер, микрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

-              Микрохирургия ол - микроскоппен жасалатын ота. Өте кішкентай микротамырларға, тіндерге т.б жасалады. Өзі бір жеке әлем деуге болады. Ота жасау залына кіріп, жарықты өшіріп, микроскопты қосқаннан кейін, басқа ғаламға қадам басасың. Біз оны микрохирургиялық кезең деп атаймыз. Ота тып-тыныш өтеді. Өте кішкентай заттармен жұмыс істегеннен кейін қолдың қимылы өте баяу және нық болуы тиіс. Қателесуге болмайды. Тіпті көзімізді алмай қарап тұрамыз, медбикелер өздері-ақ қажетті құрылғыны алып беріп тұрады. Микрохирургияны енгізгелі бері ауруханадағы жасалатын оталардың ауқымы кеңейді.

RWD64MuOwCY.jpg

Ота барысы жайлы айтсақ, құралдардың өзі өте кішкентай болып келеді. Қарапайым құралдарды алсақ, микроскопппен қарағанда экранды толық жауып қалады. Сондықтан біз өте кішкентай, тіпті кейбір құралдардың ұшы көзге көрінбейтін заттармен жұмыс істейміз. Бізде қажетті заттардың барлығы бар. Аурухана әкімшілігі арқылы әлі де толықтырып жатырмыз. Көбіне миға, жұлынға, нервтерге ота жасалады. 4 сағаттан 12 сағатқа дейін жұмыс істейміз. Дегенмен, 10 сағат бойы аяқта тұрсақ та аурудың жағдайын жақсартуға септігімізді тигізегніміз маңызды. 100 пайызға ауру ешқашан жазылмайды. Тіпті қолыңды кесіп алсаң да орнында тыртық қалады. Ол дәл бұрынғы қалпына келмейді. Сондықтан біз ауруды жеңілдетіп, оның күресуіне, қайта тұруына, қайта қоғамға оралуына ғана көмектесе аламыз.

Осы сүйек банкі, микрохирургия секілді медицина саласындағы қазақстандық дәрігерлердің сәтті жұмыс істеуі еліміздің денсаулық сақтау саласы да бір орнында тұрмағанын байқатады. Алдыңғы қатарлы медицинаға талпыныс жаман емес. Заманауи технология, жаңа емдеу тәсілдері, жоғары санатты дәрігерлер осының бәрі алға жылжудың барына дәлел деуге болады.  



Ұқсас тақырыптар