Мен осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын, яғни, «Желтоқсан оқиғасының» бес жылдығы қарсаңында «ОСЫ ЖҰРТ ЕРБОЛ ЖАЙЛЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?!» және Ләззат Асанова туралы «ҚҰПИЯЛЫ ҚАЗА ҚАСІРЕТІ Ләззаттың анасын әлі күнге дейін аяусыз азаптап келеді» атты екі мақала жазған едім. Бұл жарияланымдар жазиралы Жаркент жеріндегі тұңғыш тәуелсіз газет, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының органы - «Ұлағат» басылымының 1991 жылғы қараша айындағы нөмірінде қатар жарық көрген.
«Желтоқсандықтар» жайлы ауданда алғаш тасқа басылған сол қос мақаланы үтір-нүктесіне дейін тиіспей сол күйінде жариялаған жөн болар деп ойлаймын.
Әрине, бұл мақалада айтылған кей мәселелер шешімін тауып, Еңбекші ауылындағы мектепке, ауылдағы көшеге, аудан орталығы – Жаркент қаласында бір көшеге Ербол Сыпатаевтың есімі берілді. Аудандық Мәдениет Үйінің алдына Ербол мен Ләззаттың еңселі мүсінін орнаттық. Алайда ұлт болып ұлықтауға тиіс қос боздағымызды аудан деңгейінен асып, республика көлемінде дәріптей алмай жатқанымыз және шындық. Осы ретте тәуелсіздік бастауында тұратын Ербол мен Ләззат есімін ұрпақ жадында мәңгі қалдыру үшін оларға Қазақстанның ең жоғарғы наградасы – «Халық Қаһарманы» атағын қайыра сұрайтын, ел болып талап ететін уақыт келгендей. Тек желтоқсан айы жақындағанда ғана есімізге алмай, Ербол мен Ләззаттың ерлік істерін жыл бойына кешенді насихаттау шараларын қолға алатын кез жетті. Ел үшін, жер үшін құрбан болған батырларды ұлықтау, ұмытпау – ұрпақ парызы. Қасиетті тәуелсіздік жолында қыршынынан қиылып, шейіт кеткен, жас өмірлерін құрбан еткен қос боздақты дәріптеу – біздің елдік міндетіміз екенін бір сәтке де естен шығармайық.
ОСЫ ЖҰРТ ЕРБОЛ ЖАЙЛЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?!
1986 жыл. Желтоқсан. Алматы... Осынау үш ауыз сөзді естігенде жүрегі дір етпейтін қазақ әй, жоқ шығар-ау! Бар болса да ондай немелер некен-саяқ мәңгүрттер шығар. Көз алдарыңызға тағы бір рет елестетіңіздерші: шамырқанған шыңылтыр аяз. Кең алаң. Ары-бері сеңдей соғылысқан қазақтың өрімдей жігіттері мен қыздары. Қару-жарақпен мұздай құрсанған өңі суық, түсі жат жендеттер. Жастарға қарай шабалана ұмтылған иттер. Суық суды бар екпінімен шашқан өрт сөндіргіш машиналар. Әншейінде өзіміз әспеттеп әуелете әнге қосатын бойжеткендерді қос бұрымынан орай ұстап, аппақ қар үстінде қинап жатқан қанішерлер. Қандас қарындасына араша түспек болған бозбаланы соққыға жыққан қатігездер. Тапталған намыс. Аяққа басылған ар. Құм болған жігер. Ой, Алла-ай! Осындай да озбырлық болады екен-ау! Бұнысымен қоймай ардан безген алпауыттар ол қанды қырғынды бүркемелеп, былайғы жұрттан жасырғысы келді ғой тіпті.
Алайда, «Алтын кездік қын түбінде жатпас» демекші, ақиқат жеңді-ау түбінде! Міне, енді арада біраз жыл өткенде халқымыздың тарихына қара бояу боп жағылған сол бір дүрбелеңге толы күндердің ақтаңдығы да айқындалуда. Басқасы басқа, біз үшін сол қанды оқиғаның аты жария болған алғашқы құрбаны, ресми орындардың мәлімдеуінше жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан қайтыс болды делінген осы Жаркент өңірінің, оның ішінде Қызыл Еспенің азаматы, сол кездегі Алматы энергетика институтында оқып жүрген қыршын жас Ербол Сыпатаевтың атын ауызға батыл алып, балаң демократия мен тегеурінді толитарлық жүйенің арасындағы күресте қаза тапқан ер ретінде есімін құрметтейтін күн туғанына шүкіршілік. Жақында ғана «Желтоқсан оқиғасы» кезінде шейіт болған жастардың өлімінің себебін қыр-сырын анықтауға ден қойып жүрген азамат, «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер мұражайының директоры Мәлік Рахымбекұлы Балғабаевтың бастауымен біз, жергілікті ақын, Алтынсарин атындағы орта мектептің сызу-сурет пәнінің мұғалімі Сламғали Піскенбаев, аудандық радио хабарларын тарату редакциясының меңгерушісі Роза Ыстаева және осы жолдардың авторы Ерболға қатысты мәселелеріміздің анық-қанығына көз жеткізіп, ондағы кейбір ақтаңдақтарды айқындау үшін Үлкенағаш, Қызыл Еспе ауылдарына сапар шеккен едік. Мақсатымыз – бір кезде аты-жөнін бір-бірімізге сырт көзден жасырып сыбырлап қана айтатын, қыршынынан қиылған жерлесіміз жайлы деректерді оқырмандарымызға жария ету болатын. Өйткені ол жөніндегі республикалық басылымдарда бірді-екілі жарияланымдар ғана шықты. Оны оқығандар бар, оқымағандар тіпті көп. Сондықтан Ербол туралы жете зерттеп осы жарияланымды жазуға өзімізше бекем бел буып, сапарымызды ауыл ағасы, халық депутаттары Үлкенағаш ауылдық Кеңесінің төрағасы Тұрсынбай Насырғазыұлы Қылышбековпен әңгімелесуден бастағанды жөн көрдік.
– Е-е, «Желтоқсан оқиғасы» дейсіңдер ме? Иә, иә, сол кезде біздегі бір қойшының баласы өлген... Фамилиясы кім еді? Қазір-қазір, сіздерге анықтап берейін, – деді деп бөлмесінен шығып кетті.
Мұндай жайға қалайша қынжыла қайран қалмассыз? Ербол Сыпатаевтың аты сол дүрбелеңнің алғашқы кездерінде-ақ әйгілі болды емес пе. Ал қазір тіпті Қайрат Рысқұлбеков екеуінің есімдерін күллі дүние жүзі біледі десек те артық болмас. Оның үстіне желтоқсан айы жақындаған сайын олар туралы күллі газет-журнал атаулы жарыса жазып, радио-теледидарда толассыз айтылуда. Міне, осындай әйгілі жанның, өзі басқаратын ауылдан шыққан азаматтың аты-жөнін ауыл басшысының есінен шығарып алғаны-ай! Әрине, тек осы жағдайға қарап ауылдық Кеңес төрағасын кінәлаудан аулақпыз. Алайда «Сырт көз – сыншы» дегендей бұл жайды сырттан келгендер естісе ұят-ақ.
Сонымен не керек, төраға көрші бөлмедегі қызметтестерінен Ерболдың аты - жөнін анықтап келді де біздің сауалдарымызға орай жауап бере бастады.
– Осы орынға сайланғаныма небәрі бес-алты күн болған. 1986 жылдың сол ызғарлы желтоқсан күнінің бірінде аяқ асты ішінде бес-алты адам бар «Рафик» шағын автобусы кеңсе алдында тоқтай қалды. «Біз Ербол Сыпатаевтың мұғалімдері едік, ол он бесінші қабаттан өзін-өзі тастап жіберіп, қайтыс болды. Біз оны жерлеп болған соң бір-ақ қайтамыз. Сіздер жерлеуді тездету жағын қарастырыңыздар. Ешқандай айқай-шу болмасын», – деді бірден. Қатардағы механиктен мұндай қызметке жаңа сайланған мен алғашында абдырап-ақ қалдым. Бірақ сол кездегі аудандық партия комитетінің басшы қызметкері А.Н.Доценко бастаған арнайы штаб қызметкері көмекке келді. Сөйтіп әлгі «мұғалімдердің» қадағалауымен Ерболды жерлеуді шұғыл ұйымдастырдық. Шынын айтсам, сол кезде-ақ мұнда бір кілтипанның барын ішіміз сезген... Айтпақшы, бұл жөнінде Ерболдың жақын туысқаны Тұрағалды Сәлімбаев деген азамат жете біледі. Ұмытпасам, соның өзі інісінің сүйегін Алматыға барып алып келді-ау деймін. Егер қарсы болмасаңыздар шақыртып берейін, – деді ол.
Тұрағалдымен де сөйлестік. Сөйтсек, ол төраға айтқандай Алматыға бармапты.
– Сол жылғы желтоқсанның 24-і күні сағат түстен кейінгі төрттер шамасында «Күйгенқора» учаскесінде жұмыс істеп жүр едім. «Осылай да осылай, інің қайтыс болды» деген хабар алдым. Келсем, олардың ауласы толған адам. Ішінде танитындардан танымайтындар көп. Арасында жай киім киіп алған аудандағы кейбір милиционерлерді де шырамыттым. Ербол менің әкемнің інісінің баласы еді. Ал ол кісілер қыстауда мал бағып отыратын. Олар келгенше мән-жайды анықтайын деп әлгі біресе «мұғаліміміз», біресе «бірге оқитын жолдастарымыз» дегендерден жөн сұрасам жартымды ештеңе айтпайды. Әйтеуір «Сүйегін алып келе жатыр екен, Қапшағайдан өтіпті, Көкталға жетіпті, қазір әкеліп қалады» деген хабарларды естіп тұрдық. Сонымен түнгі сағат он екі жарымда сүйегін де әкелді. Орыстардың дәстүрімен жасалған табытты үйге кіргізер алдында есікті кеудеммен қалқалап тұрып алдым. «Көрсет, мүмкін менің інім емес шығар?» деймін. Алғашында әлгілер көнбегенмен көпшілік мені қолдап кеткеннен кейін амалсыз ағаш табытты ашты. Бауыр етім – бауырым мұрты қияқтай, өңі аппақ қауындай болып жатыр екен. Тек көздерінің алды көгілдір тартқан. Үйге кіргізген соң туысқандарымызбен бірігіп тағы да бір рет мұқият қарап шықтық. Шүйдесі ойылған. Шамасы не күрек, не темір сойыл тиген. Ішін жарып, қайта тігіпті. Бір қарбалас сәтте әлгі өздерін «Мұғалімдерміз» деп таныстырғандар мені бір бөлмеге кіргізіп алды да аты-жөнімді, бала-шағамның санын, бұрын қайда істегенімді, қысқасы барлық мәліметтерімді өзімнен артық айтып берді де: «Осы ауылдың бас көтерері сіз сияқтысыз. Сондықтан сізге ескертейік. Ешқандай айқай-шу шықпасын. Ертең түске дейін тездетіп жерлеңдер. Егер анау-мынау шатақ шықса түп-тұқияндарыңмен қосып жер аудартамыз» деп сес көрсетті. Онымен тынбай көз алдыма куәліктерін тосты. Сөйтсем, олар МХК-нің қызметкерлері екен. «Жерлікке алыстағы туысқандарымыз, Сарыөзектегі жақын бауырларымыз келе алмай қалады ғой» деген уәж айтып едім, «Саспаңыз, бәрін де жеткіземіз» деді. Расында да солардың айтқанындай болды. Осы жаманат хабар келгелі ауыл арасын шаңдатып жүріп алған бір ақ «Волга» бәрін де жаназаға үлгертті..., – деді Тұрағалды.
– Алладан жасырмағанды адамнан несін жасырайын, қарақтарым, – деді Ерболдың әкесі Бейсен Алшынбеков. – Ол менің тұңғышым болатын. Алайда, қазақтың баяғы дәстүрімен перзенті жоқ жақын туысым Сыпатаев Мұқажан қария мен жеңгейіміз Тұрған апайдың бауырына салып берген едім. Ол кісілер Ерболым армияға кетер алдында қайтыс болды. Олардың көзі тірісінде Ербол біздің де, бауырына салған ата-анасының да көңіліне еш сызат түсірген жоқ. Оған барлық туысқандарым, күллі ауыл куә. Кейін Ерболдың зиратының құлыптасына да «Сыпатаев Ербол Мұқажанұлы» деп жаздырдық. Қазір жұбайым Сақыш екеуміз Ержан, Тұрсын, Тұрыскелді, Назгүл атты ұл-қыздарымыз бен Гүлнәр атты келініміздің, Мақсат, Мақпал атты немерелеріміздің тілеуін тілеп, солардың бетіне қарап отырмыз. Жасынан бауырмал, елгезек, еті тірі болып өскен Ербол әскери борышын ойдағыдай атқарып келіп, институтқа түскенде қалған балаларымды «осы сүйреп адам етер» деп ойлаушы едім. Амал қанша, жазмыштан - озмыш жоқ екен... Ербол қаза тапқан соң Алматыға үш рет бардым. 1987 жылы ақпан және наурыз айларында. Соңғы рет былтырғы желтоқсанда. Алайда, ізденгенімнен түк те шықпады. Құры киімдерін құшақтап, ботасынан айырылған аруанадай боздап, қайта оралдым. Ұлымның қасындағы балалардың да, Ерболдың ісіне байланысты жұмыс жүргізген тергеушілердің айтқанынан ұққаным бұлыңғыр бірдеңе. Алғашында тергеушілер тіпті өзімді тергеп «Қытайдан қашан келіп едің, балаң бұрын бұзақылық жасады ма» деп өзімді әуреледі. Әйтеуір былтыр желтоқсанда барғанымда түбі әділеттіліктің жеңетініне көз жеткізгендей болдым. Арнайы шақырумен барып, Қайрат Рысқұлбековтың әкесі екеуміз «Желтоқсандықтарға» арналған тақтаның лентасын қидық. Сөйтіп, қыршынынан қиылған ұлыма байланысты әділеттіліктің салтанат құратынына сәл де болса көңіл сенгендей болды.
– Құлыным қаза болар алдында, қараша айында ғана үйге келіп жылы киімін, тағы басқа да азық-түлік алып кеткен болатын. Кетерінде немере әпкелеріне, жеңгелеріне, біраз достарына «Жаңа жылда келін әкеп түсірем» деп айтып кеткен көрінеді. Қайтейін, ол арманына жете алмады. Болашағынан мол үміт күтіп отырған бізді де аңыратып артына тастап кетті... Құдай басқа салған соң көнеді екенсің. Енді міне тете інісі, құрылыста жұмыс істеп жүрген Ержанның кішкентайларын алданыш етіп отырмыз. Айтпақш, бұл баламыз «оқуға барам» деп қиғылық салған болатын. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей көз алдымызда жүрсін деп рұқсат етпедік. Анда-санда әйтеуір Ерболым оқуға түскенге дейін жүргізуші болып істеген кезінде сан рет машинасымен шиырлап жүрген жолға қарап еріксіз егіліп отырамын. Кейде тіпті машина дүр ете қалса баяғы аңқылдаған ақжарқын қалпымен Ерболым үйге арсалаңдай басып кіріп келетін сияқты, – дейді күйеуінің әңгімесін толықтырған Сақыш ана көз жасын сүрте отырып.
Бұдан кейін біз Ербол он жыл оқыған, кейін әскер қатарында жүрген кезінде өзі ризашылық сезімін білдіре аудандық «Жаңалық жаршысы» газетіне мақала жазған ұстаздарымен дидарласқанды жөн көрдік. Біз әңгімелескен мектеп директоры Сағатбек Арынбеков, мектептегі тәрбие ісінің меңгерушісі Нұрзия Ыбыраевалар Ерболдың өз мектептерінің түлегі екенін ілтипатпен ауызға ала отырып, оның есімін есте қалдыру мақсатында «Желтоқсан» ұлттық-деморатиялық партиясынан келген қатынас қағазына орай өздеріндегі бір отрядты оның есімімен атағандықтарын тілге тиек етті. Ал Ерболдың бір кезде класс жетекшісі болған Дәулетқазы Әділов оның екпінді оқушы болғанын, ұйымдастырушылық қабілеті мықты болғандығын, кластың комсоргы ретінде талай-талай игі істерге ұйытқы болғандығын ықыластана еске алды. Сондай-ақ сол кезде мектепке басшылық жасаған Рақымғазы Әділов те Ерболдың ширақ қимылын, бауырмалдығын, елгезектігін сүйсіне еске түсірді.
Жалпы мұғалімдер ауыл интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері болып есептелетіні белгілі. Олардың озық ойынан туындаған кейбір идеялар кейде күллі қауымның көкейдегісін қозғап, игі істердің бастамасы болып жататыны бар. Бұл Еңбекші орта мектебінде болған кезімізде Ерболдың атында тек бір ғана пионер отрядын атап қою жеткіліксіз екендігі, тіпті оған осы мектептің атын беру де аздық етпейтіні туралы әңгіме қозғалғандығын осылай озық ойдың жемісі деп бағаладық. Несі бар, орынды пікір, құнды ұсыныс.
Қазір күллі қазақ даласы Қайрат Рысқұлбековтың есімін есте қалдыру үшін оны «Қазақстанның халық батыры» атағына ұсынуда, оның есімімен түрлі елді мекендерді, алаңдар мен көшелерді, мектептерді атауда. Әйгілі тамыз айында болған оқиға кезінде қаза тапқан үш жігітін Ресей халқы арада аз уақыт өтпей-ақ Батыр атандырды. Ал біздің Ербол бауырымыздың қазасының олардан қандай айырмасы бар? Бұл да жаңа ғана қаз басқан демократия мен тегеуріні күшті тоталитарлық режимнің қатаң қақтығысында, нағыз майдан даласында халқымыздың мүддесі үшін қанын төгіп, қаза тапты емес пе? Бір сөзбен айтқанда, егер «Желтоқсан оқиғасын» әділетсіздік пен әділдіктің, озбырлық пен ақ ниеттіліктің, өктемдік пен тәуелсіздіктің қиян-кескі күресі деп есептесек, онда біз Ербол Сыпатаевтың бейнесін талай-талай тауқыметті бастан кешірген бағы кемдеу халқымыздың бостандыққа ұмтылысының нышаны, жарқын символы деңгейіне көтеруіміз керек.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» сол, Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа төмендегідей мазмұндағы өтініш жолдау біздің, жаркенттіктердің абзал борышы, азаматтық парызы:
1.Тәуелсіздікке ұмтылып, бостандыққа қол созған халқының ақ ниет, адал көңілін мәлімдеу жолында қаза тапқан қыршын жас, желтоқсан қаһарманы марқұм Ербол Сыпатаевқа «Қазақстанның халық батыры» атағы берілуін өтінеміз.
2. «Желтоқсан оқиғасы» кезінде көз жұмған барлық жастардың ата - аналарына, осы қанды қырғын кезінде зардап шеккен барлық «желтоқсандықтарға» мемлекет қаржысынан зейнетақы тағайындалуын сұраймыз.
Қымбатты оқырман қауым, біздің қолдан келетіні – ұсыныс айту, ал оны қолдап, жүзеге асырылуына ықпал ету – баршамыздың күшімізде. Осы арада сонымен қатар жергілікті Кеңес шаруашылық орындарына, Ерболдың ауылдастарының ынта-ықыласына қатысты тағы бір мәселе бар. Ол жоғарыда мұғалімдермен сұхбаттасқанымызда айтылғандай Ерболдың есімін Еңбекші ауылындағы мектепке және осындағы бір көшеге беру жайы. Біз осы мәселені қозғап, ауылдық Кеңестің төрағасы Т.Қылышбековке «Алдағы жоспарларыңыз қандай? Ерболдың есімін тек бір пионер отрядына ғана берумен шектелесіздер ме?» деген едік.
– Бізде... желтоқсанда өлген бала біреу-ақ қой, біреу-ақ, – деді ол күмілжи.
Оның неге бұлай дегенін жөнді түсінбедік. Дегенмен, өзі туып-өскен ауылда Ерболдың есімін есте қаларлықтай шараны жүзеге асыру керек екенін баса айттық. Мүмкін, ол осы жарияланымды оқыған соң, ауылдастарымен кеңескен соң әлі де ойланар, әлі де талай игі іске мұрындық болар. Өйткені «ештен кеш жақсы» емес пе!?
Осы орайда, бір ортаға салар ойымыз - аудан орталығында да Ербол Сыпатаевтың есімін есте қалдыруға арналған шара туралы. Шындықтың бетіне тура қарап айтайық. Ол Қызыл Армияның қанішер тобының қолынан қаза тапты. Ендеше, қаламыздағы Қызыл Әскер көшесін неге сол қыршын жастың есімімен атамасқа. Сонымен қатар біз, жаркенттіктер уақыт өткен сайын жақындап келе жатқан «Желтоқсан оқиғасының» бес жылдығы кезінде аудан орталығында қаралы митингі өткізіп, Еңбекші ауылында Ерболға ас беруді ұйымдастырсақ, оның әруағы алдында, рухы алдында азаматтық борышымызды мысқалдай болса да өтер ек!
Нұрәділ БЕГІМБЕТОВ,
КСРО Журналистер одағының мүшесі.
1991 жыл, қараша.