Желтоқсан көтерілісі – тәуелсіздігіміздің тұғыры

      Ата-бабаларымыз неше ғасырлар бойы армандап, аңсап келген тәуелсіздігіміздің ұшқыны, сол 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндері Алматы қаласындағы Л.И.Брежнев атындағы орталық алаңға қазақ жастарының жиналып, көтеріліске шығуымен бастау алған болатын. Сол кездегі көтеріліске шыққан қазақ жастары Орталық комитеттің шешімі және де олардың неше жылдар бойы үстемдік жасап отырғаны үшін наразылықтарын көрсетті.

Сакен.JPG

Мына суретте екінші қатарда достарым Серік, Ерғазы, Саламат және мен анық түсіп қалыптық. Сол кездегі орталық алаңға көтеріліске барғанда түсіріп, алыпты. Кейін телевизордан, көрсетіп, газетке мақала жазғанда осы суретті жапсырып, көрсетіп жүріпті. Мен сол жерлерден көріп, өзімді қасымдағы достарымда танып, біліп алғанмын.


Ол кезде мен Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтының IV курс студенті едім. Оқу орнымыз Сәтпаев пен Масанчи көшелерінің қиылысында орналасқандықтан, біздің тұрып жатқан №2-ші жатақханымыз да сол Сәтпаев  көшесіндегі №22А ғимараты болатын. Орталық алаңға  өте жақын (500-600 м), есік алдына шығып қарасаң Орталық алаң алақанындағыдай көрініп, тұратын. Әрдайым сол алаңға барып, кешкісін, демалыс күндері қыдырып, суретке түсіп, жиі серуендеп қайтатынбыз. Өйткені алаң өте әдемі еді. Жап-жасыл шыршалар, қып-қзыл гүлдер, айналасындағы ғимараттар көрікті де әдемі еді. Сол алаңның еліміздің тәуелсіздігі үшін күрес алаңы боларын кім білген.

 Өткені Мәскеу билігінің үстемдігі халқымызды мезі қылып, әбден шаршатқаны, талай рет тарихта халқымызды қырғынға ұшыратып, тоздырып жібергені, елімізді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырғаны бәрімізге мәлім еді. Олардың рұқсатынсыз елімізде ешнәрсе  салынбайтын және шешілмейтін. Олар соған даңдайсып, басқа халықтардың бәрі солардың алдында айтқаныңа көндім деп бас шұлғып жүре беруіміз керек еді.

Міне, осының бәрі неше жылдар бойы жиналып, халқымыздың ашу ызасын келтіріп, құдды бір жарылайын деп тұрған бомба сияқты еді. Сол бомбаның жарылысы 1986 жылы, желтоқсанның 16-ші жұлдызы күні еліміздің Бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты еш себепсіз орнынан алып тастап, оның орнына Қазақстанға аяқ басып көрмеген, қазақ елі туралы ешбір хабары жоқ, ұлты орыс Г. Колбинді бірінші хатшы етіп жіберуінен басталды.

Бұл  жағымсыз жаңалықты естіп біздің ашу-ызамыз, намысымыз одан сайын  өрши түсті. Осының өзі олардың халқымызды менсінбей, көздеріне де ілмей, «Не істер екенсіңдер, көреміз» дегендей істері еді.

Тез арада біз бірге оқып, бірге тұрып, жатқан курстас достар, қыз-жігіттер жиналып, ақылдасып, сөйлесе келе, ертесі яғни желтоқсанның 17-сі күні алаңға  наразылық шеруіне шығуға бел бұрдық. Түнімен плакаттар, ұрандар дайындадық. В.И.Лениннің «Әр елдің көсемі өз ұлтынан болу керек!» деген өсиет сөзін, «Жасасын Қазақстан!», тағы басқа да бірнеше плакаттар дайындап, ертесі орталық алаңға бет алдық.

Алаңға оқу орындарынан келген студент  жастар, белсенді жігіттер, мінбеге шығып Орталық Комитеттің шешімімен келіспейтіндігін айтып, наразылықтарын білдіріп жатты. Бізде оларды қолдап, наразылығымызды білдіріп, айқайлап, патриоттық әндер айтып, ашулы екенімізді білдіріп, тұрдық. Бірақ сол жерде тұрған кеңес өкіметінің басшылары, біздің талап-тілегімізді, аяқасты қылып, тыңдамастан, көтеріліске жиналған жастарды күш қолдану арқылы алаңнан қуып шығу үшін милиция жасақтарын, қолдарына дубина, шит ұстатқан, бастарына каска киген ДНД жасақтарын шақыртыпты. Олардың көбісі орыс ұлтынан жасақталған. Олар арматураны газетке орап, қойындарына тығып келіпті және арнайы әскери қарулы күш жасақтары да жетіпті. Олар да  каска, маска киген, қолдарында щит, дубинка, әскери күрек, мойындарында қару (АК), осылардың бәрін алаңға кіргізіп, жастарды қоршап алды. Бір уақытта олар көтерісшілерге лап беріп, соққының астына ала бастады.  Қолдарында плакаттан басқа түк жоқ жастарды дубинкамен, күрекпен, арматурамен ұрып-соғып, соққыға жыға бастады. Айқай-шу, шыңғырып жатқан қыздар, құлап, сұлап түскен жігіттер, көз алдымызда жан түршігерлік көрініс болып кетті.

 Соққыдан құлағандарды тепкілеп, қолын қайырып, сүйреп апарып ГАЗ-51 будкілерге, Пазик сары автобустарға тиеп жатты. Қыздардың өзін тепкілеп, шаштарынан сүйреп, айуандық әдістер қолданып жатты. Мен де осы аласапыранда басымнан соққы алып, басымның терісі жырылып, қанап кетті. Кейін жатақханда бір бөлмеде тұрып жатқан курстас досым Есембеков Асылхан деген жігіт басыма зеленка жағып, «терісі жырылып кетіпті» деп  айтқаны есімде.

Сол алаңда үстімізге өрт сөндіргіш машинамен қақаған аязда суық суды шашып, иттермен қудалағаны барып тұрған  айуандықтың өзі еді. Жағдай ұшығып бара жатқан соң, бірге барған курстас достар соққыға жығылып, ұсталып қалмай  тұрған кезімізде, алаңнан кетуімізге тура келді. Күн суып, кеш батып бара жатқан, үйлердің арасымен жасырып келіп, есіктен ішке кіріп келсек вахтада біздің декан Нүсіпов Ерғали тұр екен.

Бәріміз абдырып қалдық. Ол кісі бізден «Қайдан келесіңдер, алаңнан ба?», – деп сұрады.

«Жоқ біз асханадан ас ішіп келеміз», – деп өтірік айтуымызға тура келді. Өйткені ол кісі мені жақсы білетін, өйткені мен сол өзіміздің факультеттің ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастырып, «Весна КазПТИ» атты факультетаралық өнерпаздар конкурсына атсалысушы едім. Осы жерде соның да бір пайдасы тиді ғой деп  ойладым. Ол кісі «жатақханадан ешқайда шықпаңдар» деп ескертіп, ішке  кіргізіп жіберді.

Кейінде тексерулер, іздестірулер жалғасып жатты. Институттың әскери кафедрасында сабақта отырған кезімізде, сол кездегі КГБ қызметкерлері келіп, алаңда түсірген суреттерді әкеліп, біздің арамыздан суретпен қарап,  салыстырып кімді танисыңдар, айтыңдар деп бізді сұраққа алғаны бар. Құдай оңдағанда ол суреттердің ішінде мен болмай шықтым. Әйтеуір ешкімді танымаймыз  білмейміз деп құтылдық.

Сол кезде алаңда бірге болған курстас дос жолдастарым: Смағұлов Мәулет, Дүзбаева Зейнгүл, Биарыстанов Жалғас, Конкеев Дәрібек, Сарсенбаев Ерғазы, Шажалиев Саламат, Есенбеков Асылхан, Медетбеков Пердәлі, Зайтова Зәмзәгүл, Кашкынов Жігер,  т.б. еді.

Осы жастардың бәрі бірге сол КазПТИ институтында оқып, жатақханада бірге тұратынбыз. Осының бәрін еске алып, ойлай отырсақ елімізге тәуелсіздік оңай берілген жоқ. Қаншама жастарымыз құрбан болды, қаншама жастарымыз сотталды. Қаншама жас оқуынан, жұмысынан айырылды, қаншама жастардың денсаулығына зардап келді. Жер бетінде қаншама ел өз тәуелсіздігін әлі күнге дейін ала алмай келе жатқанын білеміз.

Аллаға шүкір, сол желтоқсан көтерілісінен кейін еліміз тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткізіп, әлем елдерімен терезесі тең елге айналды.  Астанасы, ән ұраны, туы, елтаңбасы, жері, елі бар байтақ та тәуелсіз, егеменді елге  айналғаны мен үшін өте үлкен қуаныш. Мен еліміздің сол жетістікке жетуіне өз үлесімді қосқаным үшін мақтана да,  шаттана да айта аламын.

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Көк байрағымыз мәңгілік желбіреп тұрсын!

Сәкен ОМАРОВ,

Желтоқсан көтерілісіне қатысушы.

Жаркент қаласы.



Ұқсас тақырыптар