Азаматтардың қазан айында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өтініштерін мониторингтеу мен талдау call-орталық пен «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы келіп түскен негізгі мәселелердің мерзімі өткен берешекті сотқа дейін реттеудің жаңа тәртібі тақырыбына қатысты болғанын көрсетті. Сонымен қатар қаржылық қызметтерді тұтынушыларды кредиттік шарт, қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл шаралары, қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл бойынша ақпарат қызықтырды.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтармен жедел өзара іс-қимыл жасау үшін коммуникацияның барлық ықтимал арналарын пайдаланады.
Халыққа қаржылық реттеушінің, қаржы ұйымдарының, реттелетін субъектілердің қызметі және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттың қолжетімділігі мен толықтығын арттыру мақсатында Агенттікте 2021 жылғы 24 мамырдан бастап: +7 727 237 1000 нөмірі бойынша call-орталық жұмыс істейді. Бұл call-орталық Агенттік 2020 жылғы наурызда пандемия және ТЖ кезінде іске қосқан жедел желінің жұмыс тәжірибесін ескере отырып жұмыс істейді. Жедел желі өзінің тиімділігін көрсетті: ақы төлеу мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну тақырыбы және басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша азаматтарға 24 мыңнан астам консультация берілді.
Қазан айында Агенттіктің call-орталығына азаматтардан 1085 қоңырау келіп түсті. Іске қосылған сәттен бастап барлығы 3 мыңға жуық қоңырау өңделді. Call-орталық арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтары мен мүдделерін қорғау, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру мәселелері бойынша консультациялар ала алады. Сондай-ақ call-орталықтың көмегімен шұғыл сипаттағы мәселелерді тікелей қаржы және өзге де ұйымдардың жедел шешуіне мүмкіндік туды.
Халықтың қаржы реттеушісімен кері байланысын нығайту және жедел өзара іс-қимыл жасау мақсатында Агенттікте 2020 жылғы 25 маусымнан бастап «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді. Қазан айында осы мессенджер арқылы пайдаланушылардың 100-ден астам сұрағы өңделді, іске қосылған сәттен бастап барлығы 5 мыңнан астам сұрақ келіп түсті.
Негізінен Агенттікке осы байланыс арналары арқылы халықтан банктермен, МҚҰ-мен және коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимылға қатысты сұрақтар келіп түседі. Қазан айында азаматтар мерзімі өткен берешекті сотқа дейін реттеудің жаңа тәртібіне, кредит шартына қол қоюға және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимылға байланысты белсенді түрде сұрақтар қойды.
Сұрақ: Менің банкте кредитім бар. Туындаған қаржы қиыншылықтарына байланысты мен оны төлей алмадым, төлеу мерзімін кешіктірдім. Не істеуге болады?
Жауап: 2021 жылғы 1 қазаннан бастап Банктер және банк қызметі, сондай-ақ микроқаржылық қызмет туралы заңдарға банктердің және микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) қарыз алушының проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимін енгізуге қатысты түзетулер күшіне енді. Оларға сәйкес мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушы жеке тұлғалар өздерінің кредиттерін немесе микроқарыздарды қайта құрылымдау бойынша мәселелерді азаматтардың өтініштерін құқықтық ая шеңберінде қарауды міндетіне алған кредиторлармен тікелей шеше алады.
Реттеудің жаңа тетігіне сәйкес банктер және МҚҰ төлеу мерзімі кешіктірілген күннен бастап 20 күн ішінде туындаған кешіктіру туралы қарыз алушыны хабардар етуге міндетті. Хабарламада кредиторлар азаматтарды туындаған төлеу мерзімін кешіктірудің нақты мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттілігі туралы хабардар етуге, олардың банкке немесе МҚҰ өтініш беру құқығы және кредиттер мен микроқарыздар (бұдан әрі – қарыздар) бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы айтып беруге тиіс.
Қарыз алушылар, өз кезегінде, төлеу мерзімі кешіктірілген күннен бастап 30 күн ішінде қарыздарды қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға жазбаша өтінішпен немесе кредиттік шартта жазылған өзге де тәсілмен өтініш беруге тиіс. Өтініште төлеу мерзімін кешіктірудің неге байланысты болғандығын көрсету қажет, ықтимал қайта құрылымдаудың өз нұсқаларын ұсыну және кірістің төмендеуін және өз міндеттемелері бойынша төлеудің мүмкін еместігін куәландыратын растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Қарыз алушының өтінішін банк және МҚҰ міндетті түрде қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға және қарауға тиіс. Мәліметтер толық ұсынылмаған кезде қарыз алушы оларды қаржы ұйымынан хабарлама алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қарайды.
Қарыз алушыдан құжаттардың толық топтамасын алғаннан кейін кредитор өтінішті қарайды, бұл ретте ағымдағы қаржылық жағдай (төлем қабілеттілігі), қарыз алушының әлеуметтік жағдайы, кепілге алынған баспананың жалғыз болуы, қарыз бойынша міндеттемелердің адал орындалуы сияқты факторларды ескереді.
Өз жауабын кредитор күнтізбелік 15 күн ішінде ұсынуға тиіс:
- банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарына қарыз алушы ұсынатын өзгерістерді қабылдай отырып, келісімді;
- банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын;
- себептерін дәлелді негіздерін көрсете отырып, бас тарту.
Қарыз алушы немесе кредитор ұсынған қайта құрылымдау талаптары мынадай: сыйақы мөлшерлемесін төмендету, төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, борыш жүктемесін азайту (мерзімі өткен негізгі борыш, сыйақы, тұрақсыздық айыбы және төлемдер мен комиссиялардың өзге де түрлері), ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес өткізу немесе кепіл мүлікті кредиторға беру арқылы бас тарту төлемін ұсыну, сатып алушыға міндеттемені бере отырып, жылжымайтын мүлікті өткізу түрінде болуы мүмкін.
Шарттың талаптарына өзгерістер енгізу банк осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде жүзеге асырылады.
Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге қол жеткізе алмаған жағдайда, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға өзінің өтініш жасағанын және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбегенін растауды міндетті түрде ұсынуға тиіс.
Агенттік өтініш берушінің өтініші негізінде өз өкілеттіктері шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастама жасайды және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін мәселені жан-жақты қарауға және кредитордың қабылдаған шешіміне қатысты кредиттік ұйымның іс-қимылына баға береді. Бұл кезеңде кредитор халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге салынған мүлкін өндіріп алу рәсімдерін бастауға құқылы емес.
Сұрақ: «Халықтың әлеуметтік осал топтары» санатына кімдер жатады?
Жауап: «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген адамдар, ұрыс қимылдарының ардагерлері, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, ата-аналарынан айырылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қандастар, экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар, көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары жатады.
Сұрақ: Кредиттік шарт бойынша қандай жағдайда «алданып қалмау» қажет, қол қоюдан бұрын қандай тармақтарға назар аудару керек?
Жауап: Шартқа оның талаптарын мұқият оқып шыққаннан кейін ғана қол қою өте маңызды! Егер бір нәрсе түсініксіз болса, банк менеджерінен сұраңыз, мүмкін болса, заңгермен кеңесіңіз. Кредит беру шарттары, тараптардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде төлем мерзімі кешіктірілген жағдайда оның салдары туралы менеджерге кез келген сұрақтар қоюдан ұялмаңыз.
Шарт жасасу алдындағы жұмысты күшейту үшін, банк шарттары талаптарының ашықтығын арттыру мақсатында, банктік қарыз шарты жасалғанға дейін қарыз алушыға берілетін жадынаманың жаңа нысаны белгіленді. Жадынама сіз таңдаған банктің қарыз шарттарын басқа банктердің қарыз шарттарымен таныстыру және салыстыру үшін қажет.
Тұтынушылардың хабардар болуын арттыру мақсатында Агенттік банктік қарыз шартына титул парағының қосымшасын көздейтін норма енгізді, оның форматы барлық банктер үшін бірдей. Титул парағында қарыз туралы негізгі ақпарат бар. Шарттың мәтіні титул парағынан кейін жазылған. Осылайша, жоғарыда айтып өткенімдей, қарыз алушы банктік қарыз шартын жасасқанға дейін өзі ресімдеуді шешкен кредиттің негізгі шарттары туралы толық ақпаратты алуға тиіс.
Сұрақ: Әкемнің қарызы маған мұрагерлікке өтті, мен одан бас тарта аламын ба?
Жауап: Иә, мұрагер мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде мұрадан бас тартуға құқылы. Мұраның бір бөлігінен бас тартуға, ескертулермен немесе шартпен мұрадан бас тартуға жол берілмейді.
Қалай болғанда да, сіз мүлікті – пәтерді/автокөлікті/жер телімін қабылдап, қарызды (ипотека немесе кредит) төлеуден бас тарта алмайсыз. Егер сіз мүлікті қабылдауға шешім қабылдасаңыз, онда оған тығыз байланысты қарыздарды қабылдауға тура келеді. Заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлер қарыздар бойынша жауап береді. Егер сіз мұрагерлікке өтпеу туралы шешім қабылдаған болсаңыз, онда еш жерге өтініш жасамауға және өз құқықтарыңызды мәлімдемеуге болады. Бірақ бұл жағдайда сіз ешқандай әрекет жасамауыңыз керек, яғни мұра қалдырушының мүлкін пайдалануға, коммуналдық қызметтерді төлеуге, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және т.б. Егер сіз білместен мұрагерлікке өту туралы өтініш берген болсаңыз және кейінірек ойыңызды өзгерткен болсаңыз, онда сіз мұраға құқықтар туралы куәлік алғанға дейін нотариусқа мұрадан бас тарту туралы өтініш беруіңіз керек. Әйтпесе, осы құжатты алғаннан кейін сіз мұрадан тек сот арқылы бас тарта аласыз.
Сұрақ: Қаржы пирамидасын анықтауға болатын қандай да бір «маркерлер» бар ма?
Жауап: Сәлеметсіз бе! Қаржылық (немесе инвестициялық) пирамида – бұл жаңа салымшылардан үнемі ақша тарту арқылы құрылым қатысушыларына кірісті қамтамасыз етудің заңсыз тәсілі. Мұндай құрылымдардың сансыз түрлері бар.
Бірінші кезекте, сіз өз ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келетін ұйымда ақша қаражатын тарту жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензияның болмауы сізді алаңдатуға тиіс. Мұндай лицензияны Қазақстанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі береді. Бұл ақпарат жалпыға қол жетімді және оны тексеру оңай – ол қаржы реттеушісінің сайтында орналасқан.
Депозиттер түрінде немесе қаржы құралдарына инвестицияларды жүзеге асыру үшін ақша тарту тек екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық пошта операторы және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар (брокерлер-дилерлер және басқарушы компаниялар) жүзеге асыра алатын лицензияланатын қызмет түрлеріне жатады.
Жалған ұйым уәде ететін жоғары табыстылық – азаматтар назар аударуы тиіс негізгі себептердің бірі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сіздің инвестицияларыңыздың табыстылығына ешкім кепілдік беруге құқылы емес. Егер кепілдік беретін болса – бұл алаяқтар!
Басқа салымшылар осыған дейін енгізген ақшалай қаражаттан жаңа қатысушыларға ақшалай қаражат төлеу; өздерінің негізгі құралдарының, басқа қымбат активтерінің болмауы; ұйым қызметінің нақты анықтамасының болмауы – қаржы пирамидасы белгілерінің бірі.
Ақшаны қайтарудың айқын ережелерінің болмауы да қауіпті белгі. Сіз өзіңіз салған қаражатты басқару және оларды қажет жағдайда алу мүмкіндігіне ие болуыңыз тиіс.
Егер сіз ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келген ұйым жоғарыда аталған қасиеттердің кемінде біріне ие болса, сізді қаржылық пирамидаға тартуға тырысып жатқандығы не жатпағандығы туралы ойланған жөн.
Қаржы пирамидалары өздерінің жарнамалық қызметін интернет-сайттар, әлеуметтік желілер және әйгілі мессенджерлер арқылы аты шулы ұрандары бар неше түрлі онлайн-топтар құру арқылы іске асырады. Сондықтан, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қаржы пирамидалары қатысушыларының жағымды пікірлеріне құлақ аспау қажет – бұл жасанды пікірлер болуы әбден мүмкін. Әдетте, мұндай пирамидалардың ұйымдастырушыларын анықтау қиын, олар ұзақ уақыт бойы жасырын болып қала алады. Бұл ақша ағынын қадағалауды күрделендіреді, нәтижесінде ақшаны қайтару мүмкіндігі барынша төмендейді.
Реттелмейтін ұйымдарға ақша салу өте жоғары және оларды толық жоғалту тәуекелінің деңгейімен бірге жүреді!
Сұрақ: Қазақстанда қаржылық пирамидалардың белгілері бар компаниялардың қандай да бір «қара тізімі» бар ма?
Жауап: Иә, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында заңсыз қызмет белгілері бар ұйымдар тізімі жарияланған.
Тізімге 121 субъект енген, оның ішінде Агенттік қызметтеріндегі заңсыз қызмет ету белгілерін анықтаған 56 ұйым қаржылық пирамиданың және 65 ұйым заңсыз инвестициялық делдалдың (жалған брокерлер) белгілеріне ие.
Заңсыз қызмет ету белгілері бар әрбір компанияның атауы, сайт мекенжайы, заңсыз қызметінің сипаты көрсетілген. Әрі қарай ақпарат жиі жаңартылатын болады.
Заңсыз қызмет ету белгілеріне ие ұйымдардың тізімімен реттеушінің сайтында танысуға болады.