Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді

DSC_1778 (1) (2).jpg


Қазақ халқы өнерлі халық екенін дүниенің әр тарапы біледі. Бағзыдан әлемнің назары Қазақстан мәдениетінде екені сөзсіз. 


Халық арасындағы бауырластық пен татулықты ту еткен 1925 жылы Парижде өткен өнер жәрмеңкесінде қазақ әні алғаш рет Әміре Қашаубаев арқасында әуеледі. Оның зор үніне тәнті болмаған, қол соғып қошеметін аяған жан қалмаған деседі. Дауысы да жылдар бойы алтын қорда сақталып келеді. Францияның талғампаз қауымы қазақ тілін түсінбесе де, қазаққа ғана тән қоңыр әуенге қуатына бас иген. Таза дауыс пен кең тыныс мүмкіндігін көрсетіп қана қоймай, «Ағаш аяқты» әнін шырқауында тыңдаушыға әр түрлі көңіл күй сыйлаған Әміре әнші қанжығасына күміс жүлдені байлап келген еді. Әншінің үн құдіретіне тәнті болған француз жазушысы, өнердің білгір сыншысы Ромен Роллан сол сәтте: «Мен шығыста әншісін бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім, онда әншілік қабілет өте басым», – деп тебірене тіл қатқаны белгілі.


«Екі естелік» мақаласында Қалибек Қуанышбаев: «Әміре ән салғанда, қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндерді айтарда, барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып көпке дейін дем алмайтын», – дәл осылай әнші даусының күшін жоғары баға берген. 


«…Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге ән салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. …Әмірқанның киімі де, жүріс-тұрысы да жат еді, қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді…»


Бұл халық жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың Әміре Қашаубаев жайлы жазғаны.  Ән өнерінің төресі Жүсіпбек Елебеков әнші даусы 8 шақырым қашықтыққа дейін жетті десе, Әмірені ән жанрының импровизаторына балайды. 


Әлемді өз заманында Әміре бабамыз мойындатса, бүгінде Димаш Құдайбергеннің үніне талай жан таңдайын қағып жатыр. Көп ұлтты Қазақстан елінің әр өңірі өнерпаздарға толы. Қос ішекті домбыра болсын, іші сазға толы сырнай болсын, кез келгенінің сүйемелдеуімен ән шырқайтын өнерлі жастардың қатары артып жатқаны қуантады. 


Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен  Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы  2022 жылғы 18-19 қазан айы аралығында Алматы  қаласында Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың  республикалық  байқауы өтті.

Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері өткізіліп келе жатқан өнер додасына Қазақстанның түкпір түкпірінен 18-35 жас аралығындағы дәстүрлі әншілер қатысуға бел буды. Алғашқы іріктеу кезеңі бейне жазба арқылы жүргізіліп, 47 әнші іріктеліп, ақтық сынға жолдама алды.

Екі күн қатарынан болған байқауда әр қатысушы 8 ән орындады. Олардың ән орындау шеберлігін дәстүрлі өнердің  саңлақтары бағалады.


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазылар алқасының мүшесі Жанпейісова Сәуле: 

«Әміре Қашаубаев атындағы ән байқауы менің өнер жолымның басталуына себеп болған. Осыдан 34 жыл бұрын мен бұл байқауға қатысып, жүлделі орынға ие болған едім. Кейін ұлттық арнада концертім жазылды бердім. Ол кезде мұндай байқаулар көп бола бермейтін, қазіргі жас өнерпаздар өте бақытты деп ойлаймын»


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Ә.Қашаубаев атындағы Республикалық дәстүрлі ән орындаушылары Жанпейісов Нұржан:


«Бұл байқаудың қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар. Талай жас әншінің бағын ашатын өнер шарасы. Өз басым бұл байқауға 2002 жылы қатысып, жеңімпаз атандым. Бүгінде мұндай байқауларға шәкірттеріміз қатысып жатқан жайы бар. Әлбетте, бұл дода оларға өз шеберлігін сынап, өнерін паш етуге тамаша мүмкіндік береді»


Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұйымдастыру алқасының төрағасы Абдуалиев Ақан Жылқышыбайұлы:


«Әміре Қашаубаев атындағы байқауы Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрлігінің арқасында араға біраз жыл салып, өнер шараларының қатарына оралды. Бұл байқауда талай дүлдүлдер топ жарып, бүгінде қазақтың ән өнерінің дамуына үлкен үлестерін қосып келеді. Байқау дәстүрін болашақта жалғастырып, оны халықаралық деңгейге көтеруді мақсат етіп отырмыз»


Жас әншілер сахнада бағы мен бабын сынап қана қоймай, ән салу деңгейін арттыра білді. Байқауға тек кәсіби дәстүрлі әншілер ғана емес, жас орындаушыларда, оның ішінде өзге ұлттың азаматтары болғаны да қуантты. Яғни жүзден аса ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында басын қосып отырған Қазақ даласының бағы жанған өнерлі мекен екені хақ. Оған қазақ халқының бай мәдениетін сипаттаған этнограф ғалым Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген пікірі дәлел. Байқау жоғары дәрежеді өтуі бұл лебіздің бүгінде де ақиқатқа толы екенінің белгісі.



Ұқсас тақырыптар