Семейде бүгінгі күннің басты тақырыбын ғылыми және практикалық тұрғыдан ашу мақсатында «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен Шәкәрім университеті бірлесіп «Атом энергетикасы – Қазақстан Республикасы энергетикалық қауіпсіздігінің негізі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Басқосуға университет басшылығы, Семей қаласы әкімдігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС өкілдері, ҚР Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық медицина және онкология орталығы, Қазақстан ядролық қауымдастығы, қоғам қайраткерлері және т.б. отандық және шетелдік атом саласын зерттеуші профессорлар мен студенттер қатысты.
«Шәкәрім университеті атом саласы бойынша мамандар даярлайтын оқу орны болғандықтан қарашаңырақта аталған шараның өткізілуі заңдылық. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының бастамасымен Шәкәрім университетінде АЭС мамандарын дайындау 1997 жылдан қолға алынды. Қазіргі таңға дейін ол өз жұмысын жалғастырып келеді. 25 жылда оқу бағдарламасы өзгерістерге ұшырағанымен, мамандарды дайындау жолы үзілмеген. Біздің түлектер Ұлттық ядролық орталығының базасында жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүр. АЭС-тің нәтижелі жұмыс атқаруы үшін отандық инженерлік кадрлар тобы мен ғылыми-техникалық кадрлар арасында сабақтастықты арттыру оқу орындарының қажырлы еңбегі. Келешекте біздің білім алушыларымыз сол жерде қызмет ететіндігіне сенімдімін», – деді Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы-ректор Бауыржан Ердембеков.
ҚР ҰЯО бюджеттік бағдарламалар және кадрлар дайындау бөлімінің басшысы А.М. Қабдырақова «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның базасында атом саласы үшін кадрларды даярлау; «Қазақстанның ядролық қауымдастығы» Атом технологиялары жөніндегі ақпараттық орталықтың директоры С.А. Алиев «Популяризация в науке как ступень в молодёжной политике»; Шәкәрім университеті «Техникалық физика және жылуэнергетика» кафедрасының аға оқытушысы Д.Н. Нұрғалиев «Атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлау призмасы арқылы атом электр станциясын салу перспективасы»; Томск политехникалық университеті Ядролық технологиялар инженерлік мектебінің жетекші сарапшысы В.В. Кнышев «Ядерная энергетика и современное образование» және басқа да тақырыптарда спикерлер баяндамалар жасады.
Алқалы жиын барысында АЭС құрылысы жобасының дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас менеджері Асуан Сиябеков Қазақстанда АЭС салу жобасы бойынша жұмыстарға тоқталды. Жобаның әлеуметтік, техникалық, экономикалық және экологиялық мүмкіндіктерін баяндады. АЭС салу елдің дамуына мультипликативтік әсер ететінін айтты.
«Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» Энергетика бөлімінің жетекшісі Аян Заманбеков «Еліміздегі электр станцияларының бүгінгі тозу деңгейін, сонымен қатар Оңтүстік өңірлердегі және Батыс аймақтардағы энергия тапшылығын, болашақтағы электр энергиясын тұтынудың өсуін ескерсек, Атом электр станциясын салу өзекті мәселе», - деген пікірімен бөлісті.
Осы ретте ҚР Атом өнеркәсібінің еңбек сіңірген қайраткері. Абай облысы Қоғамдық кеңесінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сәулет және құрылыс, көлік, жер қатынастары жөніндегі комиссиясының басшысы Николай Исаев: «Қарастырылып жатқан 3+ буындағы реакторларда апаттың болуы кездеспейді. Кездескен жағдайдың өзінде қарапайым тілмен айтсақ, он миллион жылда бір кездесуі мүмкін. Екіншіден АЭС-тен шығатын шығарындыларға алаңдаған кезде, біздер жылу электр станцияларынан бөлініп жатқан шығарындыларға назар аударсақ. Атосфераны ластаудың үлкен көрсеткіші осы жерде. Біз атом энергетикасы саласында артта қалған ел емеспіз. Соңғы он жыл шамасында атом мамандарымен жұмыс істедік, әлем елдерін араладық. Бізде зор мүмкіндіктер бар», - деді.
Сарапшылар пікірін жалғаған кәсіби энергетик, Семей коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығының президенті; «Невада – Семипалатинск» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, Облыс әкімі жанындағы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі Султан Картоев: «Қазақстанның әлеуеті мен техникалық дамуы елімізде АЭС салуға толық мүмкіндік береді. Бізде басқа таңдау жоқ. Уақыт өте көмір, газ, мұнай көздері сарқылады. Ал ядролық отын қорымен біз әлемде екінші орын аламыз. Ядролық отынның алғашқы өнімін біз бүкіл әлемге сатып отырмыз. Оны өзіміз қолданып отырғанымыз жоқ. Ядролық отын көзі өте тиімді және ыңғайлы. Сол үшін біздің алдымыздағы үлкен сұрақ – халықтың сенімін ояту, ғылыми-техникалық әлеуетімізді арттыру. Энергетика – мемлекеттің негізі. Энергетиканың дамуы – мемлекеттің дамуы. Ядролық қаруға қарсы болсам да, атом станциясына иә деп айтамын», - деп атап өтті.
Елімізде салынатын атом электр станциясына арналған жиында Венгрия ғалымы да пікір білдіріп, сол елдегі АЭС мүмкіндігіне тоқталып өтті. «Иә, атом энергетикасының басқа да генерация түрлері сияқты артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Шешім қабылдау кезінде оларды ескеру қажет. Мысалы, ядролық қалдықтарды ұзақ мерзімді қауіпсіз сақтауды жүзеге асыру керек. Венгрия МАГАТЭ-нің мүшесі болып табылады және атом энергиясын қауіпсіз және бейбіт мақсатта пайдалануды жақтайды. Қазіргі уақытта біз өз тұтынуымыздың 40 пайызын атом энергиясы арқылы қамтамасыз етіп отырмыз. Елімізде 2 жаңа энергоблок салынуда. Менің ойымша, Қазақстанда да өз атом электр станцияларын салу үшін жақсы алғышарттар бар, бұл энергетикалық жүйеге жақсы қосымша бола алады», - дейді Паннония университетінің (Венгрия) ғылыми қызметкері доктор Миклош Хегедүш.
Жиынға қатысқан сала мамандары Қазақстанға дербес атом электр станциясын қажет екенін айтты.
Қазіргі таңда ресейлік «Росатом», қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation), кореялық KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) компаниясы, француздың EDF (Électricité de France) компанияларының ұсыныстары қаралып, зерделенуде.