Қазір әлем назары Түркиядағы шетін оқиғаға ауып отырғаны белгілі. Алапат зілзаладан зардап шеккен Түркияның бірнеше аймағында төтенше жағдай жарияланды. Бүтіндей қалалар үйінді-қирандыға айналып, мыңдаған адам опат болды. Соңғы деректер бойынша, Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 14 мыңнан асса, жараланғандар саны 64 мың адамнан асып отыр.
Біз осы ретте Түркияға білім алу үшін барған Қазақстан азаматымен жедел сұхбат жасадық. Қазір Түркиядағы ахуал қандай? Ондағы Қазақстан азаматтарының, қазақ азаматтарының жағдайы қалай? Сұрап-білдік...
Спикер: Қайсар Шахмұрат. Студент. Қазақстан азаматы. Анталья қаласында тұрып жатыр.
- Менің есімім Қайсар. Қазақстан азаматымын. Қазір Түркияның Анталья қаласында академиялық бағдарлама бойынша білім алуға келген едім. Біз тұрып жатқан Анталья қаласында, Құдайға шүкір жер сілкінісі болған жоқ. Керісінше, жер сілкінісі болып жатқан аймақтардағы зардап шеккен тұрғындарды біз жаққа (Анталья қаласына), біздің университетімізге, осындағы тұрғын үйлерге эвакуациялап жатыр.
Жер сілкінісі көбіне Жерорта теңізінің оңтүстік-шығыс аймағында және орталыққа жақын аймақтарда болды. Қазір мұндағы жағдай біршама тынышталды. Менің осындағы көптеген таныстарымның жақындары зілзаладан қаза тапты. Біразы үйінді-қирандылардың астында қалған. Қаза тапқандар мен жараланғандарға қатысты нақты ақпарат әлі жоқ. Қазір айтылып жатқан сандар негізі болжам ретінде айтылуда.
Зардап шеккен таныстарымның арасында Қазақстан және қазақ азаматтары жоқ. Ал бізді Қазақстанға эвакуациялау жөнінде хабарламаларды Антальядағы елшіліктің «Instagram» парақшасынан көріп отырмыз. Ол жердегі деректерге сүйенетін болсақ, күн сайын сағат 12:00-де Газиантеп қаласынан Қазақстанға біздің Қазақстан азаматтарын алып кетіп жатыр екен. Ал бізге тікелей: «Қандай көмек керек», - деп сұраған әзірше, Антальядағы университетіміздің ректоры мен деканы ғана.
Мен өзім ерікті ретінде, осында зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде жіберіліп жатқан гуманитарлық көмектерді жинауға, тасуға және апат болған аймақтарға жөнелтуге көмектесіп жатырмын. Және Анталья қаласындағы барша тұрғындар зардап шеккен аймақтарға өздерінің киім-кешектерін, азық-түліктерін және керек-жарақ заттарын жинап жатыр.
Жергілікті басылымдардың ақпараттарын қарап отырмыз. 2018 жылы осында бір лауазымды тұлға (не депутат, не министр): «Түркияның болашағына зиян тигізетін дүние – жер сілкіністері. Сондықтан, жер сілкінісіне дайын болуымыз керек. Қауіпсіз орындар даярлауымыз керек», - деп айтқан екен. Түркиялық БАҚ осыны жиі талқылап жатыр, қазір. Одан бөлек, Түркиялық БАҚ жер сілкінісінің алда қайталануы мүмкін екенін айтып, ескертіп жатыр.
Зілзала кезінде жоғалып кеткен үш Қазақстан азаматы жайлы естідік. Табылып кететін шығар деген үміттеміз. Жалпы Қазақстаннан және әлемнің басқа елдерінен келіп жатқан гуманитарлық және басқа да көмектерге бұл жердегілер риза, алғыстарын айтып жатыр.
Менің оқуым ақпанның 13-інде басталуы керек еді. Осы жағдайға байланысты, университеттегі ғимараттардың барлығы зардап шеккендерге көмек ретінде берілейін деп жатыр. Сондықтан, менің оқуым кейінге шегерілді. Енді сол сабағымның басталғанын күтемін. Жаздың ортасына қарай Қазақстанға қайтамын деген ойдамын.
Түркияда жүрген қазақ азаматтарына айтарымыз – сабыр сақтаңыздар және гуманитарлық көмек жасайтын, ерікті болатын жерлерге барынша барып, көмек қолын созғандарыңыз дұрыс. Ал Қазақстаннан Түркияға келгілері келіп жатқан азаматтарға айтарым – жағдайдың тынышталғанын күтіңіздер.
Тақырыпқа қосымша:
ҚР Сыртқы істер министрлігі осыған дейін 3 Қазақстан азаматының із-түссіз жоғалып кеткенін мәлімдеген болатын. Олар: Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашев пен оның Түркиядағы үш әріптесі. Олардың екеуі қазақстандықтар және бірі – Түркия азаматы.
«Мируспен бірге оның үш әріптесі де байланысқа шықпай қалды: Әділ Қадырбеков, Сабина Мамадиярова, Kubilay Keskin. Егер бір ақпарат болса, +7(702)430-20-21 нөмеріне жазуларыңызды сұраймыз», - деп жазды Astana Hub Бас директоры Мағжан Мәдиев Instagram парақшасында.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, апаттан зардап шеккен не қаза тапқан отандастарымыз туралы ақпарат жоқ. Бірақ, соңғы тәулікте Түркияда оқитын балаларын іздеген бірнеше ата-ана хабарласқан. Ол ақпараттың тексеріліп жатқанын айтады. Министрлік өкілі бүгін 19 қазақстандық студент пен тағы 18 отандасымыздың елге қайтатынын жеткізді.
СІМ мәліметі бойынша Қазақстанның 968 азаматы Түркияда консулдық есепте тұр. Анкарада - 498, Ыстанбұлда – 45, Анталияда -189 адам. Соңғы мәлімет бойынша Түркияда 8219 қазақстандық студент білім алуда. Ал түрік елінің дерегінше, жалпы 75 мыңға жуық қазақстандық Түркияда жүр.
Айта кетейік, Түркияның оңтүстік-шығысында болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны соңғы мәлімет бойынша 14 мыңнан асады. 64 мыңнан аса адам жарақат алған. Зардап шеккендерді құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Mezgil.kz