Сонымен ҚР Орталық сайлау комиссиясы: «Депутат болам, көр де, тұр», - дегендердің санын жариялады. 14 207 адам үміткер. Олардың: 892-сі Мәжіліске, 13 315-і мәслихаттарға.
Партиялар:
«Аманат» - 90 үміткер, «Ақ жол» - 54 үміткер, «ҚХП» - 52 үміткер, «Ауыл» - 25 үміткер, «Республика» - 25 үміткер, «ЖСДП» - 19 үміткер, «Байтақ» - 18 үміткер ұсынған. Ұзын-саны: 283 адам.
Мажоритарлы жүйе бойынша:
79 адам партия атынан, 5 адам қоғамдық ұйым атынан, қалғаны өзін-өзі ұсыну тәртібі бойынша түседі. Барлығы: 609 адам.
Мажоритарлар арасында қырқысқан шайқас болғалы тұр екен. Астанада 2 округте 63 үміткерден тіркелген. Алматыда да жағдай сол шамалас. №3, №4 және №5 округтерде 49, 49, 45 үміткерден тіркелген.
Ал жалпы Мәжілісте 98 орын бар. Оның 69-ы партиялық тізіммен. Қалған 29-ы бір мандатты округтерге беріледі.
Осыған дейін, әлеуметік сауалнама жүргізіп, сұрау салған едік. «Мәжіліске қай партиялар лайық?» деп сұрадық.
Алғашқы үштікте (ретімен): «Аманат», «Ақ жол» мен «Республика» партиялары шықты. Сауалнамаға барлығы 1896 адам қатысқан.
Өзге де әлеуметтік зерттеулер мен сарапшылар пікірін ескерсек, келер Парламентте осы үш партия осы ретпен болатын секілді. Ал төртінші потенциалды партия – «Ауыл» болуы әбден мүмкін. Ескерте кетейік, бұл болжамды пікір ғана.
Ал бір мандатты округтерден түсіп жатқан қоғамның сергек саналы азаматтарының ішінде лайықтылары жетерлік. Мақсат Халық, Арман Шораев, Ераға Бапи, Мұхтар Тайжан, Абзал Құспан, Тоғжан Қожалы, Арайлым Назар, Инга Иманбай т.б. Өкініштісі - орын саны шектеулі.
Ал сіз қалай ойлайсыз? Парламентке қай партиялар лайық? Пікір жазыңыз...
Mezgil.kz