Мәжіліске қай партия лайық?

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихатқа ұсынылған кандидаттар тізімі бойынша қорытынды шығарды. Олардың жалпы саны – 14 207 адам: 892-сі Мәжіліске, 13 315-і мәслихаттарға үміткер.


541e6a23-694f-4ec5-9848-d7fadbbca9d5.jpeg


Партиялар:


«Аманат» партиясы - 90 үміткер,

«Ақ жол» партиясы - 54 үміткер,

«ҚХП» - 52 үміткер,

«Ауыл» партиясы - 25 үміткер,

«Республика» партиясы - 25 үміткер,

«ЖСДП» - 19 үміткер,

«Байтақ» партиясы - 18 үміткер ұсынған. Ұзын-саны: 283 адам.


Мажоритарлы жүйе бойынша: 79 адам партия атынан, 5 адам қоғамдық ұйым атынан, қалғаны өзін-өзі ұсыну тәртібі бойынша түседі. Барлығы: 609 адам.

Мажоритарлар арасында қырқысқан шайқас болғалы тұр екен. Астанада 2 округте 63 үміткерден тіркелген. Алматыда да жағдай сол шамалас. №3, №4 және №5 округтерде 49, 49, 45 үміткерден тіркелген. Ал жалпы Мәжілісте 98 орын бар. Оның 69-ы партиялық тізіммен. Қалған 29-ы бір мандатты округтерге беріледі.


Осыған дейін, «Usbanov arnasy» телеграм арнасында «Мәжіліске қай партиялар лайық?» деген сауалнама жүргізілген еді. Сауалнамаға 1896 адам қатысқан. Алғашқы үштікте (ретімен): «Аманат», «Ақ жол» мен «Республика» партиялары тұр.


Ал бір мандатты округтерден түсіп жатқан қоғамның сергек саналы азаматтарының ішінде лайықтылары жетерлік. Мақсат Халық, Арман Шораев, Ермұрат Бапи, Мұхтар Тайжан, Абзал Құспан, Тоғжан Қожалы, Арайлым Назар, Инга Иманбай т.б. Ал орын саны шектеулі. 29 орын ғана.  


Жалпы, сайлау алдындағы жағдай ерекше қалыптасып келеді. Халыққа «Аманаттың» құрамындағы бірқатар үміткерлер таныс. Сондықтан болар, «Ескі Қазақстанның» күрескерлері шынымен «Жаңа Қазақстанды» жасайды дегенге халықтың сенімі аздау көрінеді. Бірақ ел ішінде абыройы бар бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың қатарға қосылуы, партияның беделін күшейте түскені анық. «Аманат» өзін «Тоқаев партиясы» дегеннен барынша аулақ болуға тырысады, өйткені алдынғы «Нұр-Отанның» арты жақсылыққа әкелмеді.


Екінші орында электораты барынша тұрақты – «Ақ жол». Фракцияның көшбасшысы Азат Перуашев пен бірқатар депутаттың аты көпшілікке жақсы таныс. Жаңадан келгендер электорат тартысында осы «Ақ жолға» шабуыл жасайтыны белгілі. Дегенмен Перуашевтың айтысқа дайын, полемист екенін ұмытпаған жөн.


Ал қызылдар партиясы Ертісбаевтың қызметіне қатысты жанжалдардан кейін бүкіл кемшілігін көрсетіп болды. Қоңыров, Смирновалар жаңадан келсе де, партияда Ертісбаевтың түсініксіз құрамы қалды.

«Ауыл» өзі айтатын 40 пайыз ауыл халқы дауыс бермесе де, былтыр президент сайлауына түскен Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден сияқты танымал адамдары бар.


ЖСДП-ның өту-өтпеуін болжау қиын. Партияның жалғыз жүзі таныс адамы – төраға орынбасары Айдар Әлибаев.


Жаңадан құрылған «Республика» мен «Байтақтың» құрамы әр түрлі. Мұнда әр қилы идеялар, көзқарастарды ұстанатын, түрлі мамандық иелері жиналған. Нақты ұстанымы айқын емес, әрі танымалдағы төмен. Бірақ үгіт-насихат кезеңінде, олар атын танытуы ықтимал. Сондай-ақ жаңашылдық пен жоғарыдан қолдау, оларға Парламенттен орын алуға мүмкіндік беруі мүмкін. Десек те жергілікті билік органдары бір партиядан артық партияға қолдау көрсете алмайтынын, әрі мәслихат сайлауымен әуре болатынын ескеру маңызды.


Депутат болғысы келетіндердің көптігіне, бәсекелестіктің күшітілігіне қарап, алдағы сайлаудан соттасулар мен дау-дамайларды күтуге болады. Биылғы сайлау бәрін бір сілкіп алатын оқиға болғалы тұр.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар