Байқоңырды Ресейден қайтаратын уақыт жетті!

Былтыр наурыздың он сегізінде Ресей президенті Путин өзі бас болып, эстрада жұлдыздарының қатысуымен Қырымның Ресейге қосылғандығының сегіз жылдығын дүркіретіп атап өтті. Оның соңы екі ел қатынасының одан ары шиеленісуіне, соғыс жағдайындағы теке-теріске әкеліп соқты. Жақынғы бір бейресми онлайн сауалнамаға жауап берген Ресейліктерінің 81 пайызы Путиннің қатаң бағытын қолдайтынын білдірген. Демек саясат пен эстрада серкелері тізе қосқан шоу өз миссиясын орындады деген сөз.

94F0BD07-9A8D-4B5A-A864-881E631753CD.jpeg

Путин ғана кем болды демесең, 12 сәуірде өзіміздің Байқоңырда аталып өткен «Космонавтика күнінің» алдыңғы тойдан айырмашылығы шамалы. Сценариі, бағыты, көздеген мақсаты ұқсас.

Іс жүзінде Ресейдің ғарыш саласы қазір той тойлайтын дейгейде емес. АҚШ пен иық теңестіретін баяғы қуатынан айырылған. Миллиардер Илон Масктың қарқынына да ілесе алмай келеді. Оны «Роскосмостың» бұрынғы басшысы Дмитрий Рогозин да мойындаған кейіп танытты. Қытайлық әріптестері айды бірлесіп зерттеуге шақырып, көңілін аулаған болып жүр. Өз есебі өзінде, әрине. Бірақ, біз солай дегенмен, Кеңес одағының ескі жұртындай болған космонавтар қаласы (Бізден жалға алған) орыс билігі үшін әлі де стратегиялық маңызын жоғалтқан жоқ. Жоқ дегенде, жер апшысын қуырып, айға табан тіреген держава кезін еске түсіруге, саяси жарнамаға жарап-ақ тұр.

Жауланған территория мен жалға алған территориядағы той - Путин билінінің өзінің қатты күші (әскери, саяси ықпалын) мен жұмсақ күшін (музыка, медиа) бірдей іске қосып сыртқы жауларына сес көрсетіп, ел ішінде бедел жинау әрекетінің өз іргесінен алқып, Орта Азияға, бізге де жеткенін көрсетеді.

Күні кеше ақпараттық сайттар орыс билігінің Байқоңырда жаппай ішінде қазақтар да бар қала тұрғындарына азаматтық тарата бастағаны жазып, дабыл қақты. Бұл алып қашпа әңгіме емес, Ресейдің Қазақстандағы елшілігі орыс азаматтығын алғандардың тізімдігін жариялаған екен. Ішінде қазақтарда көптеп кездескен. Елшілік өкілдері оны өз пәтуасымен түсіндіруге тырысқан. Украинаның төрт облысын осындай әккі тәсілмен, атап айтқанда жергілікті тұрғындарға Ресей парпортын үлестіру арқылы жаулап алғаны белгілі.

Бірнеше күннің алдында қазақ үкіметі Ресей тарапымен Байқоңырды пайдалануға қатысты жаңа қаулыларын жариялады. Онда ұшқанынан, құлауы көп орыстың ғылымның озық талабынан шығып қалған зымырандарының қоршаған ортаға әкелген зиянын бағамдау, алдын алу шаралары тәпіштеп жазылыпты. Бұрынғы болған апаттарды екі жақта жылы жауып, зардабын халық шегетін. Жаңа қаулы талабын орыс тарабы орындай ма, жоқ, бұрынғыдай білгенін істей бере ме, оны алдағы уақытта көретін боламыз.

Көптен бері Ресей билігінің үй ішінен үй тігу әрекеті қоғам назарын аударып, Байқоңырды жалға берудің экономикалық тиімділігін, экологиялық зардабын, бір жақты шешімнің ақуетін қайтадан таразылау бастамасы көтеріліп келе жатқаны белгілі. Билік бұл жолы экологиялық ортаны қорғау жағына ғана басымдық беріп, Ресей тарабының Байқоңырда жүргізіп отырған өзімшілдік әрекеттеріне көз жұма қарапты. Қазіргі сандық технология заманында ғарыш айлағының қадірін білмей, жат қолға өткізе салудың мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіру екенін түсінетін уақыт жетті.

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар