Ресейдің Батыс елдері салған сансыз санкцияның астында қалып, өмір сүріп келе жатқанына бір жыл болды. Бірақ Кремльдің соғысқа жұмсайтын ақшасы таусылар емес. Бұл нені білдіреді? Неге санкциялардың әсері жоқ? Бұл сұрақтарға BBC жауап беріп көріпті.
Басылымның жазуынша, Ресейге АҚШ пен ЕО-дан бастап Оңтүстік Корея, Швейцария, Албанияға дейін 40-тан астам ел қаржы, сауда саласында және жеке-дара санкциялар салды. Батыс елдері Ресейдің валюта резервтерін бұғаттап, бай-бағландарының мүліктерін тартып алды, Ресей банктерін әлемдік қаржы жүйесінен шығарып тастады, агрессор мемлекеттен мұнай мен көмір сатып алудан бас тартты.
Санкциялардың мақсаты – Ресейдің кірісін азайтып, соғысқа жұмсайтын қаражатын қысқарту болатын. Осылайша Путинді райынан қайтару.
Чикаго университетінің қаржы маманы Константин Сониннің айтуынша, Ресей соғысқа әбден дайындалып, бірнеше жылға жететін қаражатты жинап барып кіріскен. Тіпті соғыс біткеннен кейін де, бір-екі жылға жететін қаржысы бар.
Экономист Владислав Иноземцев санкциялардың әсері бір дегеннен бола қоймайтынын, оның кем дегенде алты айдан кейін нәтижесі көріне бастайтынын айтады.
«2023 жылдың соңына қарай біз санкциялардың әсер еткенін көреміз, бірақ бұл Путинді алған бетінен қайтара алмайды», - дейді ол.
Калифорния университетінің экономисі Олег Ицхоки санкциялардың соғысты тоқтататын сиқырлы күші жоқ екенін айтады.
«Ресей мұнай мен газын сатып отырған кезде, оның жалпы ішкі өнімі де, бюджеті де орнында болмақ. Ресейдің экспорттық кірісінің жартысы мұнай мен мұнай өнімдеріне байланысты. Егер еуропалық эмбарго жұмыс істесе, Ресейге 2023 жыл былтырға қарағанда қиындау болмақ», - деді Ицхоки.
Соғысқа дейін Ресей әлемдегі ең ірі энергия экспорттаушысы болды. Украинаға басып кіруі Кремльдің мұнай мен газ өндірісін азайтуына әкеп соқтырды. Сарапшылардың болжауынша, Ресейдің мұнай өндірісі 2035 жылға қарай күніне 7-9 миллион баррельге дейін азаяды. 2019 жылы күніне 12 миллион баррель өндірді.
Mezgil.kz