Ресейдің Украинаға басып кіріп, халқына қанды қырғын салғанына бүгін тура бір жыл толды. Осы уақыт аралығында агрессордың зұлымдығын әшкерелейтін талай соғыс оқиғаларынан бейне материалдар да, суреттер де жинақталды. BBC қасіретті майданның суреттерін жариялап, сараптама жасапты. Біз сіздерге мақаланы аударып, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Ресейдің бірінші мақсаты Харьков облысындағы Чугуев қаласын алу болды. Суреттегі хореограф, мұғалім Елена Курило. 2022 жылғы 24 ақпанда оның үйіне снаряд тиеді, сонда жарақат алады. Ертесіне оның қанға боялған жүзі әлемдегі көптеген басылымда пайда болды.
Шыны сынықтары Еленаның көзіне тиіп, көру қабілетінен айыра жаздайды. Ол бір ай бойы оқ пен оттың ортасында қалған Чугуевте тұрады, кейін амалын тауып Польшаға кетеді. Ота жасатады. Бірақ оның айтуынша, көру қабілеті әлі орнына келмеген.
Ал мына суреттегі Киевтегі көпқабатты үй. Оны 26 ақпанда ресейлік зымыран қиратқан. Бір ғажабы, қаза тапқандар жоқ.
Жазға қарай тұрғындар бұзылған үйді жөндеуге ақша жинады. Бірақ Киев билігі жөндеу жұмыстарын өз мойнына алды. Украина билігінің бағалауы бойынша, 2023 жылғы қаңтардың соңында қираған үйлер саны – 140 мың, оның 18 мыңы көпқабатты үйлер.
Харьков тұрғыны итімен бірге метро станциясын паналуда. 2022 жылғы наурыз айының басында бомбадан үрейленген мыңдаған адам Киев пен Харьков метросында түней бастады.
2022 жылғы 7 наурыз, Ирпен тұрғындарын эвакуациялау. Жарылған көпірдің жанында жұқа тақтайшаның үстінде Буча өзенін кесіп өтіп жатқан адамдардың суреті әлемді шарлады. Екі күн ішінде Ирпень мен Буча қаласынан шамамен бір жарым мың осылай эвакуацияланды. Киев сыртымен көлікпен қашуға тырысқан көптеген тұрғын қайтыс болды. Наурыз айының бір аптасы өткенде Ресей әскерлері екі елді мекенді де басып алды, эвакуация тоқтады.
Киевтің солтүстігіндегі Гостомель, Буча, Ирпень қалаларынан шығып жатқан қою түтін. Ресей әскері Киевті алуға асыққан. Бірақ Ресей әскерлерінің Украина астанасының шетіне де жете алмайтыны наурыздың екінші аптасында-ақ белгілі болды.
Гостомель әуежайы үшін кескілескен шайқас болды. Ресейдің әскери тобы десантын осында түсіріп, Киевке тез кіргісі келді. Бірақ қолдарынан келген жоқ. Нәтижесінде әлемдегі ең ауыр әуе лайнері – Ан-225 «Мрия» ұшағы опат болды. Украина билігі тағы бір Ан-225 пайда болады дейді, бірақ бұл ұшақтың компоненттері көптен бері шығарылмаған, сондықтан оның қайта жандануы белгісіз.
Наурыздың аяғында Ресей әскері Ирпень мен Бучадан кетті. 1 сәуірде украин әскерлері кірді, олармен бірге шетелдік журналистер болды.
BBC тілшілері алғаш болып, жолдағы қырылып жатқан қала тұрғындары туралы хабарлаған. Мәйіттердің қолы байланып, атылған. Бучадағы Андрея Первозванный шіркеуіне адамдарды жаппай көмген. Кейін тағы да мәйіттерді топырлата көмген қабірлер табылды.
Күздің басында 422 жергілікті тұрғынның мәйіт қалдықтары шықты. Көктем мен жазда жүргізілген көптеген журналистік зерттеулер ресейлік сарбаздардың бейбіт халықты еш себепсіз қынадай қырғанын дәлелденді. Осыған ұқсас қайғылы оқиғалар Ресей армиясы басып алған басқа елді мекендер: Ирпен, Бородянкада қайталанды. Украина қалаларында қаза тапқандардың жалпы саны 1000-нан асты.
Ресей әскерінен ет қатты қорлық көрген – Буча қаласы және оның халқы. Ресей әскері соғыс заңын бұзып, қанпезерлікпен адамдарды өлтірді.
Ирпень зираты жаңа қабірлермен толықты. Үйлерден, көшелерден табылған мәйіттер мен Киев облысындағы жаппай көмілген өліктерді тауып, анықтау жұмыстары бірнеше айға созылды. Буча, Ирпень, Бородянка және тағы басқа да бейбіт тұрғындар өлтірілген жерлерді тексеру жұмыстарына Украина полициясы, прокуратурасымен қатар халықаралық тергеу топтары мен коммерциялық емес ұйымдар қызметкерлері қатысты. Олар соғыс заңдарын бұзу туралы алдағы сот процестеріне материалдар жинауға көмектесті.
Мамыр айының ортасына қарай украиналық тергеушілер Ресей армиясы жасаған 10 мыңнан астам әскери қылмысты тіркеді.
2022 жылғы 24 наурыз, Мариупольдегі эвакуация. Ресейлік әскердің қоршауында қалған Мариуполь тұрғындары ұзақ апталар бойы қаладан шыға алмады. Адамдар жертөлелерде жасырынды. Нақты саны белгісіз көп адам оққа ұшты. Оларды көршілері үйлердің ауласына жерледі.
Мариуполь билігі тұрғын үйлердің 50% және инфрақұрылымның 90% - ы жойылғанын мәлімдеді. Ресей әскерінің бақылауына өткеннен кейін қалада 400 мың тұрғынның 120 мыңы қалды.
Харьков облысында өртенген, тот басқан соғыс машинасы. Қыркүйектің басында Украина Қарулы күштері бір апта ішінде ресейліктерден Балаклея мен Изюмді босатты.
Ресей әскері қоршауға қалудан қорқып, техника мен оқ-дәрілерін тастап қашты. Бір айда украин күштері Лиманнан бастап солтүстіктегі Украина-Ресей шекарасына дейінгі аумақты қайтарып алды.
Ресей әскерінен босаған Изюм де әскери қылмыстың ошағына айналған еді. Мұнда жаппай жерлеу орындары табылды. Үстіне топырақ себілген 17 мәйіт қарағайлы орманнан табылған. Кейбіреуінің ғана есімі мен датасы жазылған жүздеген мола анықталды.
Украиналық музыкант және тележүргізуші, қазір Украина үшін соғысып жүрген Коля Серга укриналықтарға Херсон қайтқаннан кейінгі концертте ән айтып тұр. Ресей билігі 9 қарашада Днепрге шегініп, Херсонды босатқанын жариялады.
«Мобилизацияланған» ұлдарын шығарып салып тұрған жұрт.
Бірнеше әскери сәтсіздіктерден кейін 21 қыркүйекте Ресей президенті елде ішінара мобилизация жариялады. Оған 300 мың адамның алынатыны айтылды. Бірақ іс жүзінде одан да көп болуы мүмкін. Майданға аттанғандардың әскери білімі не дұрыс керек-жарағы болмаған. Ресей елі дүрлігіп, жан-жаққа қаша бастады. Әр түрлі бағалаулар бойынша, көрші елдерге қашқандар саны үш жүз мыңдай болуы мүмкін.
2022 жылы 10 қазанда Ресей Киевке зымыран тастады. Зымырандардың бірі Тарас Шевченко саябағындағы ұлттық университет ғимаратына қарама-қарсы орналасқан балалардың ойын алаңына түсті.
Қазан айында тағы да Ресей Ираннан сатып «Герань-2» немесе «Шахед 136» камикадзе дрондарын Киевке жіберді. Ол көпқабатты қиратты. Соғыс басталғаннан бері Украина әскері Ресей жаяу әскерлері мен танктеріне қарсы түріктің «Байрактарын» сәтті қолданды. Ал қытайлық «Мавик-2» квадрокоптерлерін екі жақ та барлау үшін қолданады.
Украиналық сарбаздар Бахмут маңындағы майдан шебінде.
2022 жылдың жазынан бастап Ресей Федерациясының Қарулы күштері Бахмуттан басқа жерлерді алуға айтарлықтай күш салған жоқ. Бұл қала аннексияланған ДХР-ның солтүстік шекарасынан Краматорск пен Славянск өнеркәсіптік орталықтарына дейінгі жолда орналасқан. Ресей тарапы қаланы алу үшін алты айдан астам уақыт бойы шабуыл жасап жатыр.
Бірақ бұл аймақтағы Украина Қарулы күштерінің де күші сарқылды. Украина тарапының шығыны көп. Оқ-дәрілер де азайған.
2023 жылдың 14 қаңтарында Ресей Украина қалаларын кезекті рет зымыранмен атқылады. Бұл жолы зымыран Днепрдегі Жеңіс жағалауында орналасқан 118 үйге барып соқты. 72 пәтер толығымен жойылды. Үйінді астында қалған 45 адам қаза тапты. 3 тәулік бойы іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіліп, 39 адам құтқарылды.
Днепрдегі трагедия соғыс басталған кездегі Ресейде болып өткен наразылықтар толқынына қайта дем бергендей болды. Өйткені Мәскеуде және басқа қалаларда Украинаға сәл де болса қатысы бар ескерткіштердің жанында гүлдер, фотосуреттер, шамдар қойыла бастады.
Осындай жалғызілікті акциялардың өзін Кремль билігі жаныштады. Ақпан айының ортасында Тверь соты 1930 жылдардың аяғында «НКВД» түрмесі орналасқан ғимараттың жанына екі хризантема гүлін қойған тұрғынға 30 мың рубль айыппұл салды.
Киев тұрғындары Ресейдің кезекті зымыран соққысынан бас сауғалап, метро ішіндегі эскалаторда отыр.
Соғыс бастлағалы Киев пен Харьковтағы метро ондаған мың қала тұрғындарының баспанасы болып келеді. Украиналықтар бір жыл ішінде атыс-шабыстың дауысына үйренген. Алғашқы күндегідей қорқынышты емес. Ресейлік стратегтер халықты қорқытып-үркітіп, үмітін өшіріп, өзі айтқандарын істеткісі келеді. Бірақ оған қолы жетпей келеді.
Mezgil.kz