Ресей санкция салынған елдердің ішінде көш бастап тұр. Дара келеді. Ресейді санкцияның құрығына салып, тұзағына түсірген өзінің агрессиялық саясаты болатын. Мәскеуге жойқын санкциялар 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннекциялап, Украина шығысындағы сепаратистерді қолдау арқылы соғыс отын тұтатқан сәтте басталды.
Санкция - өркениетті әдіс-тәсіл саналады. Басты мақсаты қандай да бір заң бұзушылықты, адам құқығын таптау мен агрессиялық саясатты, басқыншылықты физикалық жолмен емес, экономикалық және саяси қысымдар арқылы тоқтатуға тырысу. Қылмыстық әрекеттің өтеуі қымбатқа түсетінін сездіру.
Осы мақсатта әлемдік қауымдастық халықаралық шарттарды өрескел бұзып, адамзат пен өзге елдердің қауіпсіздігіне қатер төндірген елдерді, саяси режимдер мен ұйымдарға санкция салу тәжірибесін қолданып келеді. Осы уақытқа дейін Иран, Беларусь, Солтүстік Корея мен бірқатар араб елдері, Оңтүстік-шығыс Азиядағы саяси режимдер мен Африка құрлығындағы диктаторлық билік өкілдері, халықаралық лаңкестік ұйым деп танылған қарулы топтарға түрлі санкциялар салынды. 2022 жылдың 22-ақпанына дейін санкция салынған елдердің қатарында Иран бірінші тұрды, ал 22-ақпанда Ресей Луганск және Донецк бүлікшілерін тәуелсіз ел деп таныды. Дәл сол күні Ресейге жойқын санкциялар салына бастады. 2023 жылдың ақпанында Ресей санкция салынған елдердің ішінде көшбасшы болып тұр. Бүгінде Ресейге 14 мыңнан астам санкция салынған. Екінші орында 4200 санкция салынған Иран тұр.
Ресейге салынған санкциялар солтүстік көршімізді қаржылық-экономикалық қыспаққа салып, бюджетін толтыру мүмкіндігінен айыруда. Мысалы 2023 жылдың қаңтарында Ресей мұнай-газ экспортынан 18.5 млрд доллар пайда тапқан, бұл 2022 жылдың қаңтарындағы мұнай-газ экспортынан 42 пайызға кем. Осылайша Ресейдің бюджетіне санкциялық қысым соққы жасауда, ал 2023 жылдың күзінде ол тіпті қиындай түспек дейді мамандар.
Mezgil.kz