Осыған дейін БАҚ-та Бахмут қорғанысына қатысты бірқатар маңызды ақпарат жарияланды. Бір кездері тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан, 70 мыңнан аса адамы болған шағын қалашықтың қазіргі күйін сөзбен сипаттау мүмкін емес. Тұтас қала үйінді-қирандыға айналған. Соған қарамастан, үй-жайларын тастап кетпеген бейбіт халық бар, Бахмутта. Олардың саны 5 мыңға жуықтайды.
Ресейдің қандықол қасапшылардан құралған «Вагнер» жеке жасағының басшысы, терең қалталы олигарх Евгений Пригожин осының алдында президент Зеленскийге үндеу жасап, Бахмутты толық қоршауға шақ қалғанын айтқан. «Әскеріңізді аман сақтағыңыз келсе, Бахмуттан алып кетіңіз», - деген.
Ал Украина әскери басшылығы Бахмуттағы жағдайдың күрделі екенін айтып, басымдық бірде жау жағында болса, бірде Украина әскері жағында екенін мәлімдеген.
БАҚ-та, Батыс әскери сарпашыларының Украинаға кеңес беріп, әскерді сақтау үшін Бахмуттан шегіну керектігін айтқаны жазылды. Осыдан соң, Украина Бахмуттан шегіне ме деген сұрақ қоғам талқысына түсті.
Кеше Украина президенті Владимир Зеленский әскери басшылықтың жиынын өткізіп, Бахмут мәселесін талқылады.
Зеленский:
«Мен әскери басшылықтың шұғыл жиынын өткіздім. Бахмуттың мәселесін талқыладық. Генерал Сырскийден де, Бас қолбасшы Залужныйдан да Бахмут қорғанысы жайлы сұрадым. «Бахмуттан шегінеміз бе, әлде қорғанысты жалғастырамыз ба», - деп талқыладық. Екеуі де Бахмутты қорғауымыз керектігін айтты. «Шегінбейміз, қорғанысты күшейту керек», - деді екі генерал да. Бұл позиция бірауыздан мақұлданды. Біз Бахмутты бермейміз. Қорғанысты күшейтеміз. Шегінбейміз. Мен осы бағытта жұмысты күшейтуге тапсырма бердім», - деді.
Сөйтіп, Украина Бахмуттан шегінбейтін болды. Айта кетейік, Бахмут Украинаның Донецк облысындағы шағын қалашық. Соғысқа дейін мұнда 71 мыңнан аса адам өмір сүрген. «Әлемнің екінші әскері», - деп әспеттеліп келген Ресей армиясы Бахмутты былтырғы жылдың мамыр айынан бері шабуылдап, бағындыра алмай келеді.
Mezgil.kz