Апта басында президент Тоқаев екі азулы көршіміздің елшілерін қабылдады.
Орыс елшісі Алексей Бородавкинмен кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Екеу ара әңгімеден Ресей президенті Путиннің таяу уақытта Қазақстанға сапарлай келетіні мәлім болды. Одан сырт күзде Қостанайда өтетін XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының маңыздылығы да айрықша сөз болды. Путин мырза Украинаға соғыс жариялағанына жыл толу қарсаңындағы жолдауында Ресейдің Еуропамен есігі тарс жабылып, Қазақстан мен Қытайдың орыс елі үшін бірден-бір маңызды сауда өткеліне айналғанын, осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізетінін ашық айтқан еді.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, биылғы қаңтарда Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінде Ресей үлесі – 92,4% құраған. Қырғызстанмен – 4,2%, Беларусьпен – 3,3%, Армениямен – 0,1% болған. Беларустың орынын Қырғызстан басқан. Беларстың Ресеймен бірге санкцияға ұшырағаны белгілі. Осыдан-ақ экономикасы батыс тарабынан құрсауланған ресей үшін Қазақстанның қандай маңызы бар екені айтпаса да түсінікті.
Президенттің Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесуінде биыл мамыр айында Сиань қаласында өтетін «Орталық Азия + Қытай» саммитінің және сол мақсаттағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға жоспарланған мемлекеттік сапарының өзектілігі сөз болған. Өткенде ғана Астанада Америка мемлекет істер хатшысымен Орта Азия сыртқы істер басшыларының кездесуі өткені белгілі. Орта Азия сондай-ақ санкция қос бүйірінен қысқан Ресейдің екінші тынысы болып отыр. Путиннің Украинаға соғыс ашқанына жыл толуына орай АҚШ бастаған Батыс елдері Ресейге салынған санкцияның күшін қайта бағамдап, Ресей Қытай, Түркия, және бұрынғы кеңес құрамында болған елдер арқылы азаматтық және әскери мақсаттағы өнімдерге оңай қол жеткізіп, санкция құрығынан сытылып отыр деп экономикалық жазаны қайта күшейткен еді.
АҚШ-тың «Уолл Стрит Жорнал» басылымы құпия дерек көзіне сілтеме жасап үшінші кезекке сайланған Қытай төрағасының келесі аптада Мәскеуге сапарлай келетінін хабарлады. Олардың ақпаратынша Ши төраға сапар барысында Путинмен кездесіп, артынан Украина президенті Зеленскиймен де сөйлеспек. «Жел соқпаса шөп басы қимылдамайды» дегендей Тоқаевтың бір күнде шығысымыз бен терістігіміздегі екі елдің елшісімен кездесуі соны растап тұрғандай. Президенттің Қытай елшісімен кездесуінде Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Украинаға қатысты жағдайды саяси тұрғыда реттеу жөніндегі бітімгершілік әрекетіне жоғары баға беруі жайдан-жай емес.
Артқы сабы мен қаруы сарқылуға таяп, қытайдың көмегіне күні қарап қалған Кремльдің, жүйеден Путиннің Ши төрағаны шақырудағы мақсаты АҚШ-пен ашық араздыққа көшкен Қытай басшысын өздеріне әскери көмек беруге көндіру болса, Зеленскийдің ұстанымы керісінше. Бір бұл ғана емес, Ресейге дрондар берген Иран президенті ақпанда Бейжіңге сапарлап қайтты. Украинаның іргесінен шыққан жау Беларусь президенті Лукашенко да Қытай астанасында үш күн ереуілдеді. Осының бәрі, Қытай тарапының Путиннің достарын өзіне кезек-кезек шақыруы Зеленскийді әбігерге салған еді. Қытай басшысына кездесуге әлде неше рет өтініш айтқан. Соғыс басталғалы бері Қытай тарабы Украинаға адамгершілік көмек жөнелткеннен басқа, ешқандай емеурін білдірген жоқ. АҚШ басылымының айтқаны айдай келсе, осы жолы Зеленскийдің арманы орындалатын түрі бар. Күллі Батысты өздеріне әскери көмек беруге көндіре білген Украина басшысы Қытай төрағасын Ресейге әскери көмек беруден бас тартуға, сол арқылы соғыстың ұзаруының алдын алуға көндіре ала ма, оны алдағы уақыт көрсетеді.
Есбол Үсенұлы
Mezgil.kz