Америкадағы өте ықпалды саяси сараптама орталықтарының бірі - «Heritage Foundation» қоры сейсенбіде: «Америка мен Қытай арасында жаңа қырғи қабақ соғыс басталды» деп мәлімдеп, Америка қоғамын сергектіп танытып, жаппай аттанысқа келіп, қытай тарабынан болатын ықтимал құқайға төтеп беруге шақырды.
Сараптама орталығының директоры Kevin Roberts баяндаманың алғы сөзінде: «Шындықты мойындайтын уақыт келді. Америка Қытаймен жаңа қырғи қабақ соғыс жүргізіп жатыр» деп жазды. Қордың жиналысына қатысқан Қытайға қатқыл позиция ұстанып келе жатқан республикашыл конгресмен Marko Rubio сарапшылардың қортындысымен толықтай келісетінін айтып: «Бұл сараптама Америкалықтарға Қытаймен бәсекелес қана емес, іс жүзінде, қақтығысып отырғанымызды ұғындырады», - деді.
Экономикалық әріптестен дүрдараз бәсекелеске айналған Америка мен Қытайдың қазіргі қатынасын жаңа қырғи қабақ соғысына балауға сарапшылардың пікірі бір келкі емес. «Картер зерттеу орталығының» Қытай мәселелері маманы Люяуый «Қазіргі АҚШ пен Қытай қатынасы кешегі АҚШ пен Кеңес одағының қатынасына мүлде ұқсамайды, үлкен алшақтық бар. «Жаңа қырғи қабақ соғысы» деп сипаттау қисынға келмейді» деп қарайды. Өзінің ойын тарқатқан ол: «Қытай мен Американың бәсекесі бұрынғы Кеңес одағымен Америка бәсекесімен салыстыранда бір деңгейдегі, ортақ мазмұндағы бәсеке емес. Сондықтан екі елдің қатынасына «Қырғи қабақ соғыс» немесе «жаңа» деп анықтама беру түсініспестік тудырады. Көпшілікті өткенге елеңдетіп, «кезіндегі Кеңес одағы мен АҚШ теке-тіресінің дәрежесіне қашан жетер екен...» деген екіұшты ойға жетелейді», - дейді.
Германияның «Заман апталығы» да ( Die Zeit) жуырдағы бір сараптамасында: «Саясаткерлер мен идеологтар жақыннан бері АҚШ пен Қытайдың жаңа қырғи қабақ соғысына қадам басқанын жарыса жазғанымен, екеуінің экономикалық жақтан тонның ішкі бауындай байланысып кеткенін ескермейді», - дейді. Ақ үй басшысы Байден 2021 жылы Біріккен ұлттар ұйымында жасаған баяндамасында жаңа қырғи қабақ соғысты, дүниені үйекке бөлуді қаламайтынын неше мәрте қайталаған. Былтыр Қытай басшысымен кездескеннен кейін де: «Жаңа қырғи қабақ соғысы керек емес», - деген.
Қара аспанды төндіріп отырған жоғарыдағы орталықтың оған айтар өз уәжі бар. Олар «Америка бүгін жаңа сынаққа тап болып отыр. Қытай кеңес одағындай шетелдегі күштерді қарулы төңкеріс жасауға итермелегенмен, экономикалық шырғалар арқылы ықпалын арттырып, геосаяси мақсатына жетуде. Тәсілі ұқсамағанымен, екі елдің қатынасынан күн өткен сайын қырғи қабақ соғыстың ерекшеліктері мен мұндалап келеді. Қырғи қабақ соғыс та әр түрлі формада туылуы мүмкін. Бұл жолғы қырғи қабақ соғысы алдынғысына мүлде ұқсамауы мүмкін, себебі қазіргі Қытай бұрынғы кеңес одағы емес», - деп түйіндейді.
Қытай тарабы Американы «Бізге ылғида қырғиқабақ соғысы көзқарасымен қарайды» деп жазғырып келеді.
Mezgil.kz