Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығы тасымалданатын Каспий құбыр консорциумы тағы да қазақ мұнайын тиеуді тоқтатты.
БАҚ-тағы ақпараттарға қарағанда, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалдары арқылы мұнай қабылдауды тоқтатқан.
КҚК өкілдері мұның «жоспарлы үзіліс» екенін айтқан. Ал ҚР Энергетика министрлігі тарапынан қандайда бір түсініктеме берілмеген.
Каспий консорциумы Қазақстан үшін мұнай экспорттаудың басты маршруты саналады. Еліміздің мұнайының 80%-ы осы бағыт арқылы жөнелтіледі. Бұл құбыр жылына 67 млн тонна мұнай жеткізуге қабілетті. Құбыр жұмысының тіпті, бір күндік жұмысының өзі Қазақстан экономикасына орасан соққы деген сөз.
Соңғы жылдары Ресейдің көршілеріне саяси бопсасы мен қысымы тоқтар емес. Керісінше «не бізбенсің, не бізге қарсысың» позициясы күшейе түсті. Бейтараптық Мәскеудің пікірінше енді қарама-қайшылық не қарсыласты жақтау болып саналмақ. Оның басты дәлелі: 2022 жылдың өзінде Ресей себепті-себепсіз КҚК арқылы қазақ мұнайын тасымалдауды 4 мәрте тоқтатқан. Әр жолы әртүрлі сылтау айтты. Ал шын мәнісінде бұл Ресей билігінің Қазақстанға жасаған қысымы еді.
Осыдан соң, Қазақстан билігі мұнай шикізатын экспорттаудың балама бағыттарын іздей бастады. Және тапты. Ол: Каспий теңізінің арғы бетіндегі Әзербайжан елі еді. Әзербайжан Баку-Тблиси-Жейхан, Баку-Супса бағыттарын ұсынды. Сөйтіп, екіарада келіссөздер жасалды. Қазақ мұнайы Баку-Тблиси-Жейхан бағытына қарай ағызыла бастады.
Ал 10 сәуір күні Астанаға арнайы келген Әзербайжан президентінің ресми сапары да екіарадағы мұнай тасымалдау туралы келіссөздерді күшейте түсті.
Осы кезде Ресейлік БАҚ: «Қазақтар мұнайын Әзербайжан арқылы саудаламақ», - деп дабыл қаға сөйлеп жатты.
Экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстан мұнайының 80 пайызы Ресейлік осы құбыр желісі арқылы халықаралық нарыққа шығарылады. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін аталған құбыр желісінің жұмысы жиі тоқтайтын болған. Оны жоғарыда айттық. Ал сарапшылар бұған қатысты: «Ресей Орталық Азиядағы өз ықпалының төмендеуінен сескенеді, сондықтан да түрлі қысым жасау рычагтарының бар екенін ОА елдерінің есіне оқтын-оқтын салуда», - дейді.
Mezgil.kz