Ресейдің қанаты қырқылуда...

Ресей санкция құрсауында қалғандықтан, Мәскеуге жоғары технологияны жеткізуге тыйым салынуда. Бұл қарапайым қол сағаттарынан бастап ұшақ сатуға дейінгі аралықты қамтиды. Батыс елдері Ресей жоғары технологияларды азаматтық мақсатта деп сатып алып, оны агрессиялық саясатын жалғастырып, Украина соғысына бағыттау мақсатында әскери салада қолданады деп санайды. 


Ресейге салынған санкцияның бір тармағы ресейлік ұшақтарды жөндеуге тыйым салу, ұшақ бөлшектерін жеткізбеу және ұшақты жөндеу туралы кеңес бермеу болып табылады. Ресей азаматтық бағыттағы ұшақтарын қалыпты жағдайда ұстау үшін ескі ұшақтарды бөлшектеу орталықтарын ашып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге тырысуда. Алайда бөлшектер үнемі сәйкес келе бермейді. Мәскеу бірнеше елден ұшақ сатып алу бойынша келіссөз жүргізуге тырысты, дегенмен мемлекеттер Батыстың жанама санкциясына ұшырамау үшін ұшақ сатудан бас тартуда. 


Өткен аптады ресейлік Аэрофлот әуе компаниясы алғаш рет ұшағын жөндетуді Иранға тапсырды. Санкцияға дейін Батыс компаниялары жөндеу жұмысымен айналысып келсе, енді ол орынды өзі де санкция құрсауында жатқан Иран басуда. Иран ресейлік Airbus A330 ұшағының шассиін жөндеуден өткізеді. Иранда бұл ұшақтың бірнеше данасы бар және бөлшектерді сол ұшақтардан алуы мүмкін дейді мамандар. 


Ресей азаматтық бағыттағы ұшақтар санын жыл сайын қысқартуға мәжбүр болмақ. Бұл Oliver Wyman компаниясының болжамы. Қазіргі уақытта Ресейде ресми тіркелген 736 авиалайнер бар болса, 2026 жылы олардың саны екі есеге қысқаруы мүмкін дейді компания өкілдері. Санкция салдарынан Мәскеу жаңа ұшақтарды сатып алу мүмкіндігінен айырылды, ал ескі ұшақтарды отандық өнімге алмастыру ондаған жылдарды алады. Сондықтан Ресей еріксіз ұшақтар санын азайтуға мәжбүр болмақ. 


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар