Мәскеу Қытайға жәутеңдеп отыр. Бейжің не істейді?

Әлгінде Ресей президенті Путин Қытайдың су жаңа қорғаныс министрі Ли Шанфуды Кремльде қабылдады.

image.jpg

БАҚ-та Қытайдың Ресейге «әскери көмек беруі» туралы риторика күшейе түсті. Бұл Украинамен соғыс бастағалы Мәскеу насихатшыларының қайта-қайта көтеріп келе жатқан сүйікті тақырыбы. Қытай туралы әңгіменің шеті шықса, Бейжіңнің Мәскеуге әскери көмегі туралы да айтылады. Бірақ осы күнге дейін ешқандай дәлел көрсетпеген.


Дегенмен бұл жолғы Қытай шенеунігі «Ресейге көмек көрсету» туралы тіс жармаған.


«Біздің елдердің қарым-қатынасы өте берік. Бірақ Бейжің сіздердің басқа мемлекетпен қақтығыстарыңызға араласпайды. Біз классикалық қытай ұстанымынан тайған жоқпыз», - деді ол.


Путин Қытай қорғаныс министрімен кездесердің алдында Төраға Си Цзиньпин бірнеше апта бұрын Мәскеуге сапарлап кеткен болатын.


Сол кезде Путин мен Си төраға Украинадағы соғысты талқылаған. Путин соғыс аяқталғаннан кейін Ресей Қытайдың «бейбітшілік жоспары» деп аталатын жобасына қосылатынын айтқан.


Ли Шанфу Қытай Қорғаныс министрлігі басқармаларының бірінде басшы болып тұрғанда АҚШ-тың санкциялар тізіміне енген. Оған Қытай армиясының Мәскеумен әскери ынтымақтастығы негіз болды.


Бірқатар батыс елдері, соның ішінде АҚШ, Си Цзиньпиннің Ресейге  сапары «соғыста Ресейге қару-жарақ беруі мүмкін» деген тұжырымдаманы шынға шығаруы мүмкін деп алаңдаған.


Бірақ НАТО өкілдері мұндай көмектің жақын арада көрсетілетініне сенбейді. Ресеймен стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеген Қытайдың ресми өкілдері Украинамен қақтығыста оны тікелей қолдамайды.


Қытайдың «бейбітшілік жоспары» Ресейден бітімгершілік пен санкцияларды алып тастауға шақырудан басқа, мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу туралы тармақты қамтиды.


Mezgil.kz




Ұқсас тақырыптар