Қытайдың арағайындығы: Ши мен Зеленский не сөйлесті?

Ресей-Украина соғысы басталғаннан бері Украина президенті Владимир Зеленский мен Қытай басшысы Ши Жинпиң бірінші рет телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы BBC жазыпты.


Зеленский телефонмен өрбіген әңгіменің «мән-мағыналы» болғанын айтқан.


65441121_605.jpg


«Менің ойымша, бұл қоңырау, Қытайдағы Украина елшісін тағайындаған сияқты екіжақты қарым - қатынасымыздың дамуына күшті серпін береді», - деп жазды Зеленский Твиттерде.


Белгілі болғандай, Украинаның Қытайдағы Елшісі болып Павел Рябикин тағайындалған. Бұған дейін Рябикин стратегиялық салалар министрі болған.


Ши Жинпиң наурыздың аяғында Ресейге барып, Путинмен кездесіп келген.


Қазір Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Ши Зеленскийге «Бейжің Украинаға арнайы өкілдер жіберуге және бейбітшілікке ұмтылған барлық тараптармен келіссөздер жүргізуге дайын» дегенді айтты деп хабарлап жатыр.


Осы уақытқа дейін Бейжің Ресейдің басқыншылық әрекетіне ешқандай қарсылық білдірмеді, не қолдайтынын айтпады.


Ақпан айынан бастап  Ши Жинпиң Ресей мен Украинаны бірлікке шақыратын 12 тармақтан тұратын келісімді ұсынып келеді. Бірақ оған Батыс күмәнмен, Киев сақтықпен қарайды.


Қытай мемлекеттік ақпаратына қарағанда, Ши Жинпиң Зеленскийге: «Қытай бейбіт келіссөзді қолдайды және қақтығысты тезірек тоқтатуға күш салады» деп айтқан.


Қытайлық «Шинхуа» агенттігінің хабарлауынша, Украинаға Қытайдың Ресейдегі бұрынғы елшісі Ли Хуэйді келіссөздер жүргізуге жібереді. Айта кетейік, Қытай Ресей-Украина соғысын «қақтығыс» деп атап келеді.


Қытайдың BBC қызметкері Ховард Чжанның пікірінше, соғыстың бастапқы кезі мен қазіргі уақытты салыстырғанда Қытай ақпарат құралдары Украинаға «жылы шырай» таныта бастаған. Бұл Қытайдың Еуропадан «достар» табуғаұмтылысын көрсететін секілді. Екінші жағынан, жақында Франциядағы Қытай елшісінің посткеңестік елдердің тәуелсіздігіне күмән келтіріп, шығарған дауы да әсер етсе керек. Телефон шалуы соны жуып-шаю емес пе?


Батыс Қытайдың Украина мен Ресейдің соғысын тоқтатуға тырысатын «бейбітшілік келісіміне» сенбейді. Ол жерде соғысты жеңудің нақты жоспары жоқ. Мұны Путин жаулап алған жерлерін өзіне қалдыруға пайдаланып кетуі мүмкін. Қазір Ресей Бейжіңнің ұсынысын қолдап отыр.


Қытай Ресейдің Батыс алмайтын мұнайын ірі көлемде сатып алып отыр әрі Батыстың Мәскеуге санкция салғанына қарсы. Бірақ ешқашан Ресейді қолдаймын деп ашық айтпаған.


Кейінгі айларда АҚШ «Қытай Ресейге қару-жарақ не оқ-дәрі жеткізе бастауы мүмкін» деген жорамал жасап отыр. Бейжің болса мұндай жоспардың жоғын айтты.



Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар