9-мамыр мерекесінің мәртебесі өзгертілсін!

Алдымыздағы мамыр айында 9-мамыр – Жеңіс күні деген мереке бар. Бажайлап қарасақ, бұл тәуелсіз Қазақстан үшін қайдағы жеңіс?

arbatmedia-almatincy-stoyali-v-oceredi-na-foto-s-beriei-kak-prosel-bessmertnyi-polk-355714-18-19.jpeg

Қазақстан ыдырап кеткен Кеңес Одағының құқықтық мұрагері емес қой. Тәуелсіз Қазақстан кіммен соғысып жеңіпті? Ақылға қонымсыз ұят жағдай. Бұл Қазақстан үшін жеңіс емес, Екінші жаһан соғысында қаза тапқан, жаралы болып келіп елде қайтыс болған өз азаматтарымызды, сондай-ақ сол соғыстың барша құрбандарын еске алу күні! Сондықтан 9-мамыр мерекесінің мәртебесі қайта қаралуға тиіс!

Ақиқатында Екінші жаһан соғысы тек совет-герман соғысымен шектеліп қалған жоқ. Ол әлемнің сол кездегі бар 72 мемлекетінің 62 мемлекетін қамтыды. Соғыс өрті ендіктерде АҚШ пен Жапонияға дейін, бойлықтарда Солтүстік мұзды мұхит пен оңтүстікте Австралияға дейінгі аралықты қамтыды. Екінші жаһан ұрыстарында соғыс қимылдары Батыс Еуропа, Шығыс Еуропа, Жерорта теңізі, Африкалық және Тынық мұхит аумақтарында яғни бес әскери театрда өтті. Соның төртеуінде АҚШ пен Англия жеңді. Тек біреуінде ғана Шығыс Еуропадағы совет-герман соғысында ленд-лиз көмегімен Кеңес Одағы жеңді. Ал сол одақ тарап кеткелі қашан?

Бүгінде Ресей сол соғыстардың бәрінің жалғыз жеңімпазы өзі құсап күндіз-түні жар салып жатады. Әділетсіздіктің салдарынан ол соғыста атылған әр он оқтың тоғызы Шымкент қорғасын зауытында жасалғанын қаперге алмайды. Мәскеуді қорғаған Бауыржан Момышұлының, 239 фашистің көзін жойған сұр мерген Ыбырайым Сүлейменов, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев сияқты қаһармандардың Совет Одағының Батыры атағына ілігуі мүмкін болмады. Өкінішке қарай, ерлігі лайықты бағаланбаған қазақ жауынгерлері баршылық. Атыраулық зерттеуші Жұмабай Доспановтың жиған деректеріне қарағанда Кеңес Одағының Батыры атағына ресми ұсынылып бірақ ол берілмей орден ғана алған қазақ сардарлары мен сарбаздарының саны 160 екен. Яғни бергенінен бермегені көп болып шықты. Шовинистік, империялық астамшылық көріністері соғыс кезінде ғана емес, қазіргі Ресейдің Украинаға озбырлық саясатынан да көрініп тұр ғой.

Совет-герман соғысына қатысқан майдангерлерден қазір жер басып жүргені саусақпен санарлық қана. Біз бұл соғысқа әлі күнге Ресей тұрғысынан, Ресейдің ұстанымдарымен қараймыз. Мұны өзгертетін уақыт жетті!

Қазақ халқы Екінші жаһан соғысының мәжбүр қатысушысы болды. Сондықтан тарихшылар мен қарапайым халық соғысқа кеңестік, ресейлік идеологиядан аулақ, жаңаша көзқараспен қарау керек. Бізге 1941-1945 жылдары әскери комиссариат арқылы соғысқа алынып, алғы шепте неміс-фашизмімен шайқасқан қазағымыз да, Украина көтерілісшілер армиясының (УПА) құрамында Қазақстанды большевизмнен тазарту жолында күрескен қандастарымыз да қымбат. Түркістан легионы қатарында қолына қару алған отандастарымызды да түпкілікті ақтау қажет. Қазақтар бұл соғыстың бастаушысы болған емес. Мәжбүр қатысушысы ғана болды. Сондықтан окоптың қай жағында соғысқанына қарамастан сол барша қандастарымызға ешқандай саяси айыпсыз, түгелдей ұлттық жанашырлықпен, адамдық әділдікпен қарауымыз қажет!

Марат Байділдәұлы

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар