Өзбекстан «Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты» референдум өткізді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаевтың айтуынша, сайлаушылардың 90,21% референдумда Басты заңға өзгерістер енгізуді қолдаған. 9,35% қарсы дауыс берген.
Референдум қорытындысына сай, Конституцияның 65 пайызы өзгермек.
Оның ішінде сенат депутаттарының санын 100-ден 65-ке дейін қысқарту, Өзбекстан Президентінің өкілеттік мерзімін 5 жылдан 7 жылға дейін ұзарту, өлім жазасына тыйым салу сияқты тармақтар бар.
Сарапшылардың пікірінше, Мирзиеев елді 26 жыл басқарған Ислам Кәрімовтың жолын қуып,тақта тағы 17 жыл отырмаққа бекінген. Бұл референдумның басты мақсаты да сол – Мизиеевтің президенттік уақытын нөлге шығару. Президенттікті 5 жылдан, 7 жылға созған ол, басқару уақытын нөлге теңестіріп, үшінші рет сайлана алады. Осылайша жаңа Конституция Мирзиеевке 2040 жылға дейін билік басынан кетпеуіне мүмкіндік беріп тұр. Ол кезде қазіргі өзбек көшбасшысы 83 жасқа келеді екен.
Бұрынғы Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов те Конституцияға өзгеріс енгізу туралы референдум өткізген. Өзбектер оны тағы бес жылға сайлады. 2000 жылы президент сайлауында басым дауыс жинаған Кәрімов мемлекет басшылығынан өлгенше кетпеді.
BBC сарапшыларының айтуынша, Басты заңға енген өзгерістер онсыз да күшті президент билігін одан әрі күшейте түседі. Жаңа редакцияда «елдің бұрынғы президенті өмір бойы сенатор қызметінде қалады» делінген. Ендеше Мирзиеев билікте өмір бойы қалмақ.
Конституцияға өзгеріс енгізу ниетін өзбек билігі бір жыл бұрын жариялаған. Ол жерде Қарақалпақстанның егемендігі туралы бап алынып тасталған еді. Сол кезде қарақалпақ жұрты жаппай наразылыққа шығып, аяғы қанды қырғынмен біткен. Кем дегенде 21 адам қаза тауып, 270 адам жараланды. 40 адам тұтқындалды. Олардың соты әлі күнге дейін жүріп жатыр.
Айта кетейік, Өзбекстанның Конституциясы 1992 жылы қабылданып, оған осы уақытқа дейін 15 рет өзгеріс енгізілген.
Mezgil.kz