Қазақстанның Ресейді «агрессор ел деп танығаны» рас па? Бұл сұраққа СІМ жауап берді.
26 сәуірде БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясында «БҰҰ мен Еуропа Кеңесінің ынтымақтастығы туралы» қарар қабылдаған. Қарарға дауыс беру кезінде Қазақстанның «Ресейді агрессор ел ретінде танып, дауыс бергені» туралы айтылған еді.
«Биылғы қарар жобасының кіріспе бөлігіне «БҰҰ мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі, Ресейдің Украинаға, ал бұған дейін Грузияға қарсы агрессиядан кейінгі Еуропаның алдында тұрған сын-қатерлерге және Ресейдің Еуропа Кеңесіне мүшелігін тоқтатуға байланысты» атты тармақ енгізілді. Құжат авторлары (Исландия мен Ирландия делегациялары) қарар жобасы бойынша алдын ала кеңесулер барысында бұл кіріспе тармақ бойынша ресейлік әріптестерімен бірыңғай ұстанымға келе алмағандықтан, Ресей делегациясы ол бойынша жеке дауыс беруді сұрады», - деді ҚР СІМ өкілі.
Дауыс беру қорытындысы бойынша преамбулярлық параграфқа 10 мемлекет қарсы шыққан, 48 ел қалыс қалды, 81 мемлекет қолдаған.
«Бұл тармақтың саясиланғандығын ескере отырып, Қазақстан делегациясы осы тармақ бойынша дауыс беру кезінде қалыс қалды. Қарар бойынша тұтастай дауыс беру барысында, Қазақстан делегациясы БҰҰ мен өңірлік ұйымдар, оның ішінде Еуропа Кеңесі арасындағы өзара іс-қимылды нығайту қағидатын «қолдап» дауыс берді», - деді Айбек Смадияров.
Ведомство ҚХР, Үндістан, Мысыр, Бразилия, Армения, Индонезия, Пәкістан және басқалары секілді Украинадағы жағдайға қатысты бейтарап ұстанымдағы көптеген елдер де қарарды тұтастай қолдап, аталған преамбулярлық тармаққа дауыс беруден бас тартқанын айтты.
«Қазақстан делегациясы БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде дауыс беру барысында сыртқы саяси міндеттеріміз бен ұлттық мүдделерімізге сәйкес келетін теңгерімді және қағидатты ұстанымды одан әрі де сақтайтын болады», - деді ол.
Mezgil.kz