Bloomberg: ЕО Қазақстан мен ОА-ға санкция салады

Ресей әскерінің Украинаға шапқыншылығына жыл толуы қарсаңында Еуроодақ елдерімен АҚШ Ресейге салынған санкцияны қайта бағамдап, Ресейге шектелген тауарлардың үшінші елдер арқылы экономикалық жазаны айналып өтіп, іркіліссіз жеткізіліп отырғанын анықтаған еді.

6433b344ed244268089297.jpeg

Әсіресе соғысқа керек азаматтық, әскери мақсатта бірдей қолданылатын чип өткізгіші бар кір жуғыш машина, фотоаппарат, ауа теңшегіш сияқты Ресей үшін қат тауарларды орыс еліне тонналап жіберіп отырған елдердің қатарында Қытай, Түркия, Біріккен Араб әмірлігі мен Орта Азия елдері аталды.

Англия басылымдарының жазуынша өткен жылы Орта Азия елдерінің Ресеймен сауда көлемі бірден 80 пайызға артқан. Сауданың басым бөлігін азаматтық әрі әскери мақсатта қолдануға болатын тауарлардың айналымы құраған. 2022 жылы Казақстанның Ресейге экспорт көлемі 25 пайызға, Қырғызстанның Ресейге экспорт көлемі 40,3 пайызға, Өзбекстанның Ресейге экспорт көлемі 49 пайызға өскен. Тәжікстан мен Түркіменстан Ресеймен сауда көлемін құпия сақтағанымен, Ресей үкіметі өткен жылы Тәжікстанмен сауда көлемінің 18 пайызға өсіп, 1,5 миллиард долларға жеткенін, Түркіменстанмен сауда көлемінің 2021 жылға қарағанда 32,2 пайызға өскенін мақтанышпен жариялаған.

Қазақстанның сауда статистикаларына зерттеу жасаған Еуроодақ талдаушылары Қазақстандықтардың көбі Қытай мен Индияда құрастырылған телефондарды, Ветьнамда құрастырылған кір жуғыш машиналарды істетеді, Қазақстанның Еуроодақ, Англия мен Америкадан импорттаған телефонның 7 пайызы, компютердің 16 пайызы, кір жуғыш машинаның 24 пайызы ғана ел ішінде қалады. Қалғанының бәрі Ресейге жөнелтіледі деп шешім шығарып отыр екен.

Еуроодақ өкілі март айында Қырғызстанда, Өзбекстанда болып, сәуірде елімізге де келген еді. АҚШ өкілі де болды.

Март айының соңында Англияның «Telegraph» газеті құпия тұлғаға сілтеме жасап, Еуроодақтың Орта Азия елдеріне санкция салуы мүмкін екенін алғаш жазған еді. Енді міне, күні кеше «Bloomberg» агенттігі Еуроодақтың Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп отырған елдерге жанама санкция салу тетігін қарастырып отырғанын, оған бірінші кезекте Орталық Азия елдері ілігуі мүмкін екенін жазды. Агенттіктің мәліметінше, қазір ЕО-ның өз ішінде келіссөз жүріп жатыр, 19-21 мамырда Жапонияда өтетін «Үлкен жетілік» саммитіне дейін жанама санкция механизмі мақұлдануы мүмкін.

Батыстың Ресейге санкция салуы Путиннің Украинадан Қырымды тартып алуынан басталғаны белгілі. Сол кезде сарапшылар санкция Ресей экономикасымен тығыз байланыстағы бізді де айналып өтпегенінін, ел экономикасына 29 миллиард доллар зиян келгенін айтып еді. Одан сабақ алған үкімет кәні? Енді санкцияға тіке ұшырап, Түркиядан басқа Еуропа елдерінен де алшақтап, Ресей, Қытай, Иранның ортасында қала беретін түріміз бар. Орыспен достықтың бодауы осы ма?!

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар